Жаңалықтар

6 қараша 2007
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сирия Араб Республикасына мемлекеттік сапары жалғасуда.
big-02Eg.jpg

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сирия Араб Республикасына мемлекеттік сапарының екінші күні Сирия Премьер-Министрі Наджи әл-Утримен және Вице-президенті Фарук Шараамен жүргізілген келіссөздерден басталды.


Сирия саясаткерлерімен Н.Назарбаев екіжақты қарым-қатынастарды дамыту жайын және өзара мүдделікке ие халықаралық мәселелерді талқылады. Сондай-ақ экономикалық ынтымақтастықты дамытуға айрықша көңіл бөлінді.


- Экономикадан бастау қажет. Әзірше өзара сауда-саттық деңгейі төмен. Алайда сауда қатынастарына қажетті жақсы алғышарттар бар. Мұнымен үкіметаралық комиссия айналысуы тиіс. Әңгіме бизнес үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде болып отыр, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.


Әңгімелесу барысында ынтымақтастықтың құқықтық базасын қалыптастыру, инвестицияларды қорғау, қосарлы салық салуды жою және т.б. туралы келісімдерге қол қою қажеттілігі сөз болды.


Әлемдік саясатқа қатысты тараптар өңірдегі ахуал туралы, атап айтқанда Таяу Шығыстағы шиеленісті, Иранда қалыптасқан ахуалды, Иранның ядролық проблемалары төңірегіндегі жағдайды бейбіт жолмен шешу жөнінде пікір алмасты.


Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Сирия басшылығының халықаралық ынтымақтастық және экономикалық реформаларға қатысты ұстанған бағытын толық қолдайтынын атап көрсетті. Өз кезегінде Сирия басшылары халықаралық істерде маңызды өңірді айқындайтын беделді саясаткер, Қазақстан Президентінің тұңғыш сапары Сирия үшін айрықша маңызды екенін атап көрсетті.


Сол күні Қазақстан Президенті Белгісіз солдаттың монументіне гүлдесте қою рәсіміне қатысты.


Осыдан кейін мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаве пен Башар Асад Қазақстан-Сирия Іскерлік кеңесінің бірінші отырысына қатысты.


Отырыста сөз сөйлеген Қазақстан басшысы Қазақстан мен Сирияның іскер топ өкілдерінің кездесуі екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға оң ықпал етеді деген пікір білдірді.


Соңғы жылдарда Қазақстан экономикасының даму көрсеткіші тұрақты түрде 10 пайызды құрап отыр. Ағымдағы жылы Жалпы ішкі өнімнің көлемі 100 миллиард долларға жакындайды. Қазақстан ТМД елдері ішінде нарықтық реформаларды табысты енгізген жетекші ел болып табылады. Сонымен бірге, АҚШ пен Еуропалық Одақ ТМД елдерінің ішінде бірінші болып Қазақстанды нарықтық экономикасы дамыған ел ретінде таныды.


Бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар 70 миллиард долларды құрады, ал ішкі инвестициялар көлемі 80 миллиард долларға дейін өсті.


Бұл көрсеткіш бойынша біздің мемлекетіміз жан басына шаққанда тек ТМД елдері ішінде емес, сондай-ақ Шығыс Еуропа мемлекеттері арасында да көшбасшы болып табылады. Қазіргі уақытта біздің шетелдердегі инвестицияларымыздың жалпы көлемі 26 миллиард АҚШ долларын құрады. Еліміздің алтын-валюта қоры 40 миллиард долларды құрайды. Президент екі мемлекет экономикалық салада Таяу Шығыс пен Орталық Азия арасын байланыстырушы буын болатынына сенім білдірді. Осы орайда, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, электр энергетикасы және мұнай-газ салаларында бірлескен кәсіпорындар құру өзара ықпалдастықтың басым бағыттары болып табылады.


Қазақстан Сирияға металлургиялық өнеркәсіп, ауыл және мал шаруашылығы, мұнай-химия өнімдерін экспорттауға мүдделі.


Нұрсұлтан Назарбаев сириялық жеңіл өнеркәсіп өнімдері бағасы мен сапасы жағынан Қазақстан нарығындағы Қытай, Иран, Түркия және Ресейдің осыған ұқсас тауарларынан кем түспейтініне назар аударды.


Президент Қазақстан мен Сирияның іскер топ өкілдерін ірі инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.


Қазақстан-Сирия Іскерлік кеңесінің отырысынан кейін Н.Назарбаев Әбу Наср әл-Фарабидің жерленген орнындағы болашақ тарихи-мәдени орталық пен кесененің іргетасын қалау рәсіміне қатысып, Бейбарыс сұлтан мемориалдық кешенін қайтадан қалпына келтіру барысымен танысты.


Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз араб әлеміне «Фараб» атауымен мәлім болған қазақ жеріндегі Отырар қаласында 870 жылы дүниеге келген. Есейген соң өнер-білімге деген құмарлығы жетелеп, сол кездегі мұсылман әлемінің саяси және мәдени-ғылыми орталығы болған Дамаск қаласына келді. Ол осы қасиетті мекенде өзінің ақыл-ойының, парасатының арқасында 160-қа жуық трактат жазып, әлемдік ой-сананы жаңғыртты, мәдениет пен ғылымның жалпы адамзат баласына ортақ екендігін дәлелдеді. Аристотельдің еңбектеріне берілген түсініктемелері әйгілі грек ғалымының Шығысқа танымал болуына септігін тигізді.


Ұлы қолбасшы Сұлтан Бейбарыс қазақ даласында дүниеге келіп, тағдырдың жазуымен араб жерінде оған берілген миссияны азаматтықпен және абыроймен орындады.


Дамаскідегі Сұлтан Бейбарыс кесенесін қалпына келтіру және әл-Фараби кесенесін салу тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы шет мемлекеттің аумағында біздің еліміздің қаржылай көмегімен жүзеге асырылатын алғашқы ірі нысандар болмақ.


Аталған екі жобаны қаржыландыру көлемі 4,6 миллион долларды құрайды. Осы жобалардың бас мердігері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазреставрация» РМК болып табылады.


Сол күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев Омейяд мешітінде болып, Салахиддиннің кесенесін аралап көрді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар