Жаңалықтар

21 қараша 2007
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Словакия Республикасына тұңғыш мемлекеттік сапары аяқталды. Братиславада Елбасы Словакия басшылығымен жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізді.

2008 жылдың қаңтарында Қазақстан мен Словакия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 15 жыл толмақ. Осы жылдар ішінде екі республика ұдайы саяси үнқатысуды ұстанып келеді. Тек биылғы жылдың өзінде бірқатар маңызды екіжақты шаралар өткізілді. Наурызда Словакия Республикасының Сыртқы істер министрі Ян Кубиш Қазақстанға ресми сапармен келіп, оның барысында қосарлы салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салынатын салыққа қатысты салықтан жалтаруды болдырмау туралы конвенцияға қол қойылды.


11-12 маусымда Братиславада Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Словакия үкіметаралық комиссиясының 3-ші отырысы болып өтті. Отырыс аясында экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған екіжақты құжаттарға қол қойылды.


Бүгін Словакия Президентінің сарайындағы салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Иван Гашпарович біздің елдеріміз бен халықтарымызды жақындастыруға деген ұмтылысты айқындайтын сындарлы рухтағы шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер жүргізді.


Мемлекет басшылары екіжақты қарым-қатынастардың барлық қырлары жөніндегі одан арғы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.


Келіссөздер барысында тараптар халықаралық тұрақтылықты, энергетикалық қауіпсіздікті, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпауды, халықаралық лаңкестік пен экстермизмге қарсы күресті, демократиялық үдерістерді қамтамасыз ету мәселелерінде ортақ көзқараста екендіктерін атап көрсетті.


Президент Иван Гашпарович Қазақстанның Каспий жағалауы мен Орталық-Азия өңіріндегі негізгі мемлекет екендігін және Словакия «нақ Қазақстанмен тығыз байланыста болғысы келетінін» атап өтті.


- Біз Словакияға еліміздің халықаралық бастамаларын, сондай-ақ 2009 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөніндегі өтінішін қолдағаны үшін алғыс білдіреміз, - деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев жоғары деңгейдегі келіссөздердің қорытындысы бойынша өткізілген баспасөз мәслихатында.


Мемлекет басшысы Қазақстан-Словакия қарым-қатынастарының негізгі басымдықтары экономикалық ынтымақтастықты дамыту болып табылатынын атап өтті. Алайда, қазіргі кезде екі ел арасындағы өзара сауда-саттық көлемі Қазақстанның кейбір Шығыс Еуропа елдерімен сауда айналымынан анағұрлым төмен. 2006 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстан мен Словакия арасындағы тауар айналымы 85,4 миллион долларды құрады (оның ішінде экспорт – 44,8 миллион доллар, импорт – 40,6 миллион доллар).


Қазақстан негізінен мұнай және мұнай өнімдерін, металлдар, мақта және химикаттарды экспортқа шығарады. Словакиядан Қазақстанға машиналар, техника және жабдықтар, құрылыс материалдары, гербицидтер, дәрі-дәрмек, азық-түлік өнімдері, кәделі ағаштан жасалған қағаз өнімдері, баспа өнімдері, тоқыма және жиһаз жеткізіліп тұрады.


Өзара сауда-саттық көлемін арттыру мақсатында Қазақстан мен Словакия үкіметтеріне машина жасау, көлік, энергетикалық кешен, денсаулық сақтау, өңірлер арасындағы тікелей экономикалық байланыстар сияқты басым бағыттарды дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.


- Біздің кездесуіміздің қорытындылары достық, сенім және әріптестік дәстүрінде біздің өзара ықпалдастығымыздың барлық кешені бойынша Қазақстан мен Словакияның ынтымақтастығын одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенемін, - деп мәлімдеді Н.Назарбаев.


Түстен кейін Мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Иван Гашпарович бірінші қазақстан-словак бизнес-форумының жұмысына қатысты, оның барысында Елбасы Н.Назарбаевқа «Золотой Биатек - 2007» мерейтойлық наградасы табыс етілді.


Қазақстан мен Словакияның іскер топ өкілдерінің алдында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев мұндай сипаттағы пікір алмасулар екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі арттыруға жәрдемдесетінін атап өтті.


Форум барысында іскер топ пен саяси элита өкілдеріне Нұрсұлтан Назарбаевтың словак тіліндегі «Сындарлы он жыл» және «Қазақстан жолы» кітаптарының тұсаукесері өткізілді.


Кешке мемлекеттік сапар аяқталған соң Президент Н.Назарбаев Бухарестке аттанып кетті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар