Жаңалықтар

30 маусым 2010
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Көрме» орталығында өткен «Astana Minerals Metallurgy-2010» минералдық ресурстар және металлургия бойынша бірінші қазақстандық халықаралық конгрестің ашылуына қатысты.

Конгреске қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде, Президент конгресс өз жұмысын жаһандық күрделі экономикалық дағдарыстан екі жыл өткеннен кейін тыныштық орнаған алғашқы жылында бастап отырғанын атап өтті. Әлемдік тау-кен металлургиялық саласы, қаржы секторымен қатар, өзгелерден гөрі дағдарыстың салдарын күшті сезінді. Компанияларға қатаң дағдарысқа қарсы шараларды қабылдауға, яғни шығынды қысқартуға, бұрын жоспарланып қойылған маңызды жобаларды іске асыруды кейінге қалдыра тұруға тура келді.

Қазақстан бұған жол берген жоқ. Осында жұмыс істейтін компаниялар серпінді инвестициялық жобаларды іске асыруды жалғастыра берді. Жұмыс орындарының қысқаруына жол берілмеді. Қазақстанда Павлодардағы электролиз алюминий зауытының екінші кезегі, «Алтынтау» алтын өндіретін фабрика  пайдалануға берілді, Өскеменде мыс өндірісін іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде, Павлодар мен Ақтауда құбыр шығаратын жаңа зауыттар пайда болды, Ақтөбеде темірді қалпына келтіру жөніндегі зауыт тұрғызылуда және өзге де жобалар қолға алынды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның алдында тұрған бірінші кезектегі міндет шикізаттық экономикадан өңдеуші өнеркәсіпке көшу және одан әрі жоғары қайта бөлісуге ауысу болып табылатынын атап өтті.

Арнайы әзірленген Индустриаландыру картасына енген жобаларды жүзеге асыру металлургия өнімдерінің ішкі сұранысының бірден артуына жол ашады. Осыған байланысты Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасында тау-кен металлургия кешенінің алдына өнімнің өндірістік көлемін 2008 жылғы деңгейден 2 есеге арттыру міндеті қойылған.

Бағдарлама аясында болат өндіру көлемін жылына 10 миллион тоннаға дейін, феррохромды жылына 440 мың тоннаға дейін, алюминийді 250 мың тоннаға дейін өндірурді арттыру тәрізді ірі жобалар қарастырылған. Сонымен қатар, жоғары қайта бөлісу, соның ішінде сирек металдар саласындағы өнімдерді өндіретін бірқатар орта кәсіпорындар пайда болады.

- Алдымызға қойған міндеттерге қол жеткізу үшін бізде барлық қажетті ресурстар бар. Тек оларды сапалы деңгейде пайдалану қажет, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан бай табиғи ресурстарды иемдене отырып, сапалы серпіліс жасауы және әлемдік көшбасшылар қатарына енуі үшін барлық мүмкіндікке ие екенін атап өтті.

Конгрестің ашылу рәсімінің барысында Қазақстанның металлургиялық саласын дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірінші қазақстандық халықаралық конгрестің «Жыл адамы» аталымы бойынша лауреаты болғаны жария етілді.     


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар