Жаңалықтар

17 қараша 2005
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Украинаға ресми сапары аясында Днепродзержинск Жоғары кәсіптік училищесінің 80 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысты.

228.jpg

229.jpg

Қазақстан Президентін қаланың құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, училище түлектері мен оқушылары қарсы алды.  
-Мен жастық шағымның қаласына тағы да қадам басқаныма қуаныштымын. Мен осында білім алып, кәсібімнің сырына қанықтым, өмірбақилық достарымды таптым. Сондықтан Украинаға әр келген сапарымда мен сіздердің қалаларыңызға келуге және сіздердің қалай өмір сүріп жатқандарыңыз жайында, мұнда қандай өзгерістер болып жатқаны туралы көбірек білуге тырысамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев Днепродзержинск тұрғындарына.

Мемлекет басшысы қазақ пен украин халықтары арасындағы тарихи байланыстардың терең екенін атап өтті. Қазақ жерінде ұлы Кобзарь – Тарас Шевченко өмір сүріп, өрлікпен жырлады. Украинаны фашистік басқыншылардан азат етуде қазақ халқының мыңдаған қаһарман ұлдары қасық қандары қалғанша шайқасты. Сондықтан да Синельниковада ұлы Жамбылдың перзенті - пулеметші Алғадай Жамбыловқа ескерткіштің ашылуын Қазақстанда ыстық ықыласпен қабылдады. Қазақстан сталиндік қуғын-сүргін жылдары он мыңдаған украиндықтар үшін туған үйіне айналды.  Біздің халықтарымыз жаумен бірге шайқасты, бір нанды бөліп жеп, соғыстан күйреген экономиканы көтерді және тыңды игерді. Қазіргі уақытта Қазақстанда 130-дан астам ұлттар мен 46 конфессияның өкілдерімен бірге бірлік пен келісімде төрт жүз мыңнана аса украиндық өмір сүруде. Украин тілінің, дәстүрі мен мәдениетінің сақталып, кең таралуына мүмкіндік туғызатын «Қазақстандық Украиндықтар» ассоциациясы мен ондаған мәдени орталықтар жұмыс істейді. 1994 жылдан  бастап „Українські новини” республикалық газеті шығарылуда.

-Қазақстан халқы Украинаға тұрақтылық пен игілік тілейді. Және де көптеген салаларда біз жандандыра беретін ынтымақтастықтың үлкен әлеуеті бар, – деді Мемлекет басшысы.    
Днепродзержинск Жоғары кәсіптік училищесінің мәжіліс залында құттықтау сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев осында өткізген оқу жылдарын жылы сезіммен еске алды. Президент өз ұстаздары мен тәлімгерлеріне шынайы ықыласын білдірді.

-Осы училищенің қабырғасында мен білім алдым, металлург мамандығын меңгердім, спортты сүйдім. Сол кездегі топ басшысы ретінде және де қоғамдық өмірге қатыса жүре мен одан әргі жұмысыма үлкен септігін тигізген ұйымдастырушылық тәжірибе жинақтадым, –  деп атап көрсетті Президент.    
Мемлекет басшысы бүгінгі таңда екі мемлекет арасында жоғары деңгейдегі сындарлы саяси үнқатысу мен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың үлкен әлеуеті орныққанын атап өтті.

-2004 жылы біздің елдеріміз арасында қол жеткізілген 1 миллиард доллар шамасындағы тауарайналымының көлемі оның шырқау шыңы емес және де біздің міндетіміз оның одан әрі өсуіне мүмкіндік туғызу, – деді Қазақстан басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев отын-энергетикалық кешені, көлік және коммуникация, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, металлургия және машинажасау, сондай-ақ банк салалары бойынша екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың болашағы зор екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы сонымен қатар Қазақстанның жыл сайын Украинаның жоғары оқу орындарына қазақстандық жастарды инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша білім алуға жіберуге ниеті бар екенін айтты.

Президент Днепродзержинск Жоғары кәсіптік училищесінің педагогтары мен студенттеріне, Днепродзержинск қаласының тұрғындарына құт-береке және өсіп-өркендей  берулеріне тілек білдірді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар