Жаңалықтар

24 маусым 2010
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына келді.

01

02

03

Павлодарда Президент өнімділігі жылына 125 мың тонна болатын «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның екінші кезегін іске қосу рәсіміне қатысты. Оның іске қосылуымен кәсіпорын жобалық қуаты жылына - 250 мың тонна алюминий өндіретін болады.

Мемлекет басшысы технологиялық операцияларды тиімді реттеуге, электролиздердің, газ тазалау қондырғыларының, құю цехының және жәрдемші объектілердің жұмыс өлшемдеріне үздіксіз сараптама жасауға мүмкіндік беретін жаңа өндірістің жаңа технологиялық процесімен танысты.

Салтанатты іс-шараға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев соңғы он жылдың ішінде ТМД елдері арасында тек Қазақстан ғана осындай ауқымды металлургиялық өндірісті іске қосқанын атап өтті.

- Мен бүгін сіздермен бірге Қазақстан электролиз зауытының екінші кезегін іске қосу рәсіміне қатысқаныма қуаныштымын. Бұл жеделдетілген индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асқан еліміз үшін маңызды серпінді жоба, - деді Мемлекет басшысы.

Президент биылғы жылы Қазақстанда жалпы құны 800 миллиард теңгеден астам 144 индустриалдық және инфрақұрылымдық объектілердің құрылысы аяқталатынын атап өтті. Аталған жобаларды іске асыру 20 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

- Мен біраз уақыт өткеннен кейін біз отандық металдан әзірленген өндірістік тауарларымызбен шетелдік рынокқа шығатынымызға сенемін. Біз осы қарқынды міндетті түрде сақтаймыз. Біздің қоғам жаңа экономикалық өрлеуді жүзеге асыру, Қазақстанның жаңа индустриялық жоспарын іске асыру үшін біріге түсуі қажет, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды стратегиялық мақсаттарымызға қол жеткізуде топтасуға, келешек ұрпақ мықты, өркендеген, бай мемлекетте өмір сүруі және олардың игілігі үшін барлық ойға алғандарды іске асыруға шақырды. 

       


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар