National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады

2022 жылғы 14 ақпан

Президентке «қасіретті қаңтар» оқиғасын тергеп-тексеру жұмыстарының барысы және рұқсат етілмеген тергеу әдістеріне қатысты азаматтар мен құқық қорғаушылардың мәліметтері негізінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа бүгінде 3070 қылмыстық іс қозғалғаны туралы мәлімет берілді. Оның 2710-ын,  соның ішінде, негізінен, ұрлық, тонау, бұзақылық, қару ұрлау және басқа да қылмыстарды ішкі істер органдары тергеп-тексеріп жатыр.

Бас прокурордың айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құқық қорғау органдары қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны туралы азаматтардың шағымдары бойынша 173 істі жүргізуде. Мемлекетке опасыздық жасау, өкілеттіктерді асыра пайдалану және билікті басып алуға әрекет ету бойынша 15 іс Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарауында жатыр. Сондай-ақ арнаулы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм актілері бойынша 179 істі тексеруде.

Тәртіпсіздіктер өршіп тұрған кезде қызметтік ғимараттарды тастап кеткен күштік құрылымдар органдарының лауазымды тұлғаларына қатысты бөлек тергеу жүргізілуде. Осындай әрекеттердің салдарынан Алматы қаласында, Алматы және Жамбыл облыстарында құқық қорғау органдарының арсеналындағы 1500-ден астам қару қылмыскерлердің қолына түскен.

Жалпы алғанда, қаңтар оқиғасы кезінде 3388 қару, оның ішінде 10 аңшылық дүкенінен 1629 мылтық ұрланған. Осының тек үштен бірі немесе 967 қару табылды. Қаруларды іздеу және қайтарып алу жұмыстары жалғасып жатыр. Барлық фактілер бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде.

Бұдан бөлек Ғизат Нұрдәулетов Президентке жанар-жағармай материалдары, сұйытылған газ айналымы және бағаны белгілеу, кедендік шекара саласындағы тексерудің алдын ала нәтижелері туралы есеп берді.

Мемлекет басшысы қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың конституциялық құқығын сақтаудың маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев кінәлі адамдарға қатысты жауапкершілік шараларын қабылдай отырып, әрбір расталған хабарламаға дер кезінде назар аударуды, сондай-ақ  тергеу барысы жөнінде халыққа уақтылы ақпарат беруді тапсырды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің