National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан мен Тәжікстан Президенттері БАҚ өкілдері үшін бірлескен брифинг өткізді

2021 жылғы 20 мамыр

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон шағын және кеңейтілген құрамда жүргізілген екіжақты келіссөздер қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізді.

Мемлекет басшысы журналистер алдында сөйлеген сөзінде Тәжікстанға ресми сапармен келуге шақырып, қонақжай тәжік жерінде құшақ жая қарсы алғаны үшін Президент Эмомали Шәріпұлы Рахмонға зор ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанның Қазақстан үшін өңірдегі маңызды серіктес мемлекет қана емес, тілектес әрі бауырлас ел екенін атап өтті.

– Біздің халықтарымызды достықтың берік арқауы, ортақ тарих, рухани және мәдени құндылықтар біріктіреді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бүгінгі келіссөздер Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қатынастардың жоғары деңгейде екенін тағы да бір мәрте көрсеткенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты және көпжақты ықпалдастықтың өзекті мәселелері бойынша нақты келісімдерге қол жеткізілгені туралы айтып, оның екі ел халықтарының әл-ауқатын арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

Қазақстан Президентінің пікірінше, жүргізілген келіссөздердің терең символдық мәні бар. Өйткені ол екі мемлекеттің Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында өтіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу қорытындыларын жоғары бағалай келе, тараптар келешек ықпалдастықтың негізгі бағыттарын айқындай алғанын жеткізді.

– Қазақстан – Тәжікстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттықтың бұрынғы көлемін сақтап қана қоймай, сондай-ақ, тауар айналымының өсімін 800 миллион долларға дейін жеткіздік. Пандемия жағдайында бұл жаман көрсеткіш емес, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өнеркәсіп кооперациясы мен инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстан компаниялары Тәжікстанда автомобиль және автобус шығаратын, трансформатор зауытын салатын бірлескен кәсіпорын ашуға дайын. Сонымен қатар қазақстандық кәсіпкерлер теміржол құрал-жабдықтарын, тепловоздар мен вагондарды, тікұшақтарды, «Рогун ЖЭС-і» құрылысы мен басқа да нысандарға металл өнімдерін жеткізу ісін ұлғайтуға мүдделі.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел үкіметтерінің аталған бағыт бойынша жүйелі келіссөздер жүргізіп жатқанын, бірлескен ірі өндіріс жобаларын жүзеге асыруды көздейтін бірқатар құжатқа қол қойылғанын атап өтті.

Президент өзара сауда-саттықтың ұлғаюы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беретініне тоқталды.

– Қазақстан өзара тиімді шарттар бойынша бидай, ұн, ет және сүт өнімдерін жеткізуді арттыруға ниетті. Өз кезегінде, Тәжікстанның Қазақстанға жеміс-көкөніс өнімдерін экспорттау мүмкіндігі зор. Фермерлерімізді қолдау, қажетсіз аралық кедергілерді азайту үшін Тәжікстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Қазақстан нарығына жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен көтерме басқару орталықтарын құру идеясын қолдадық, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті.

Президент тасымал көлемін арттыруға тың серпін беру мақсатында екі ел үкіметтеріне тариф саясатын оңтайландыру және тасымал талаптарын жақсарту жұмыстарына қатысты шаралар қабылдауға тапсырма берілгенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылуы өзара сауда айналымының межесін 1 миллиард доллардан асыруға және жақын болашақта бұл көрсеткішті екі есе ұлғайтуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Бұдан бөлек келіссөздер барысында су-энергетикалық және әскери-техникалық салалардағы ықпалдастық мәселелері де талқыланды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту, оның ішінде, екі елдің мәдени күндерін өзара алмасып өткізу жайында айтты.

 – Қазақстан тәжік студенттері үшін берілетін білім гранттарының санын көбейтеді. Бұл біздің жастарымызды одан сайын жақындата түседі. Ол біздің елдеріміз арасындағы шынайы достық қатынастардың сабақтастығын сақтауға ықпал етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, келіссөздер кезінде Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелерге ерекше көңіл бөлінген.

Ауғанстандағы ахуал туралы айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев тәжік тарапына және оның басшылығына әлемдік күн тәртібіндегі өзекті проблема бойынша мазмұнды консультация бергені үшін ризашылығын білдірді.

– Қазақстан өңірдегі бейбітшілік пен тату көршілікті сақтау және өзара сенімді нығайту үшін бауырлас мемлекеттердің күш-жігерін біріктіруді қолдайды. Орталық Азия – экономикалық, көлік-транзиттік және адами әлеуеті мол, бірегей мүмкіндіктері мен ресурстары зор аумақ, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік кооперацияға тың серпін беру мақсатында тараптар Мемлекет басшылары мен үкіметтернің, сондай-ақ, салалық министрліктердің жетекшілері деңгейінде жүргізілетін өзара консультацияларды жалғастыруға уағадалсты.

Қазақстан Президенті Тәжікстан Президентін өзіне ыңғайлы уақытта мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын айтты.

Мемлекет басшысы тәжік тарапының 2025 жылды Халықаралық мұздықтарды сақтаудың жылы деп жариялау туралы бастамасын қолдайтынын жеткізді.

 

 

 

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің