National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысының төрағалығымен күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде кеңес өтті

2016 жылғы 05 мамыр

 

Кеңеске Парламент палаталарының төрағалары, Премьер-Министр, Президент Әкімшілігінің Басшысы, Үкімет мүшелері мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Мемлекет басшысы ел дамуының негізгі бағыттарына, соның ішінде жер реформасына тоқталып, Үкімет қызметіне баға берді және тиісінше бірқатар шешім қабылдады.

Нұрсұлтан Назарбаев елде жүргізіліп жатқан Бес институционалдық реформа дағдарысқа қарсы кешенді жоспар болып саналатынын атап өтті.

– Әлемде қазір инвестиция тапшылығы орын алып отыр, дамушы нарықтардан капиталдың кетуі байқалуда. Дамушы елдердегі инвестициялар ағынының қарқыны 20 жылда алғаш рет кері сипатқа ие болуда. Егер 2008-2014 жылдары Қазақстанға келетін тікелей инвестициялар көлемі жыл сайын орта есеппен 24 миллиард долларды құраса, былтыр ол 15 миллиард доллардан аз болды. Елдер арасында сыртқы инвестиция үшін бәсеке күшейіп, мемлекеттер инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасап жатыр, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы елдің ауыл шаруашылығы саласында 2 миллион 300 мың адам жұмыспен қамтылғанын айтты.

– Сөйте тұра бұл салада еңбек өнімділігі төмен деңгейде қалып отыр. Отандық фермерлер бір гектар жерден орта есеппен 400 доллардың өнімін алады. Дәл осы көрсеткіш АҚШ-та 1,5 мың долларды, Германияда – 2800, Францияда 3200 долларды құрайды. Ауыл шаруашылығы жаңа техникаға, жаңа технологияларға, суғару жүйелеріне инвестиция салуға мұқтаж, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы әлем елдері шетелдік инвестиция тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасап жатқанына назар аударды.

– Әлемдік тәжірибеде ауыл шаруашылығына салынған қаражат өзін ақтау үшін 10-15 жыл керек. Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 10 жылға, соның ішінде шетелдіктердің жалға алуы туралы заң ұзақ уақыттан бері қолданылып келеді. Алайда бұл салаға әлі айтарлықтай инвестиция келген жоқ. Шетелдіктер 65 мың гектарда ғана жұмыс істеп жатыр, яғни жалға алынған жердің 0,06 пайызы ғана. Бірақ жоғары өнімділікті қамтамасыз етіп отыр. Жерді ұзақ мерзімге жалға беру – бүкіл дүние жүзі бойынша инвестиция тартудың амалы. Бельгия, Германия, Грекия, Нидерланд сияқты елдер шетелдік инвесторлардың жерді меншікке немесе жалға алуы мәселесіне қандай да бір шектеу қоймайды. Францияда шетелдік инвесторлар үшін жер ресурстарын жалға алудың  ең ұзақ мерзімі 99 жылды құрайды. Жер кодексі нормаларын әзірлеу барысында бұл тәжірибелер ескерілді. Бірақ жерді шетел азаматтарына сату мәселесі болған емес, қазір де жоқ, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа нормалардың мәні тиісті топтарға жеткізілмегенін атап өтті.

– Қабылданған заңның тетіктері мен нормалары жұртшылықты кеңінен қатыстыру арқылы талқыланбады. Сондықтан көп жағдайда халықтың алаңдауы дұрыс. Егер қазақстандықтар қабылданған шешімге  сенбейтін болса, демек бұл дұрыс емес деген сөз. Өйткені, бұл өзгерістер халық үшін жасалып жатыр. Қоғамда жерді жалға алу жөніндегі бірқатар заңнамалық нормаларға қатысты күмән туғанын ескеру маңызды, – деді Мемлекет басшысы.  

Осыған байланысты Қазақстан Президенті Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормаларына 2017 жылға дейін тоқтау салды.

– Бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыру керек. Егер талқылаудан кейін Парламент ортақ шешімге келетін болса, мораторий алып тасталады, ал егер олай болмаса, күшінде қалады. Біз халыққа ұнамайтын заңға зәру емеспіз. Бұл ретте мораторий сақталған жағдайда ауыл шаруашылығының жағдайы нашарлауы мүмкіндігін түсіндіру қажет. Сондай-ақ Үкімет жанынан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың басшылығымен комиссия құруды тапсырамын. Комиссия барлық мүдделі органдарды және қоғамдық бірлестіктерді тартуы тиіс. Резонанс тудырған ережені кеңінен талқылап, ортақ ұстаным әзірлеп, Парламентке беру керек. «Нұр Отан» партиясына демократиялық күштер коалициясы аясында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Бұған барлық партиялар, қоғамдық бірлестіктер және бұқаралық ақпарат құралдары қатысуы тиіс. Түсіндіру жұмыстарына Үкімет пен Парламенттің қос палатасының депутаттары белсене қатысады деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны, 178 мыңнан астам шаруа және фермерлік қожалықтар, 1,5 миллионнан астам жеке қосалқы шаруашылық бар екеніне тоқталды.

- Олар күн ұзаққа алқапта, фермада, жайлауда еңбек етеді, сіздердің жаңалықтарыңызды күтіп, теледидар алдында отырмайды. Бірақ сіздер өз ұсыныстарыңызды әзірлеу барысында министрліктен шықпай отырып, бәрін өз араларыңызда шешесіздер. Кімнен жасырынасыздар? Сонда біздің заңдарымыз кім үшін жазылған? Ауыл шаруашылығы министрлігінің де, Ұлттық экономика министрлігінің де, әкімдіктердің бір де бірінің де ресми сайтында жер реформасы жөнінде қолжетімді және көрнекі ақпарат болған жоқ.  Ал бұл дегенің халықтың игілігі үшін, экономиканы дамытып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін жүргізіліп жатыр ғой, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексі жөніндегі жұмысқа жауапты екі мемлекеттік органның, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің өз міндетін тиісінше атқара алмағанына назар аударды.

- Бұл министрліктердің жұмысы нашар дей алмаймын. Бірақ өздерінің ұстанымы елдің бәріне ұғынықты болып, дұрыс қабылдануы үшін түсіндіру жұмыстарымен айналысқан жоқ.

Қазақстан Президенті Ұлттық экономика министрі Е.Досаевтың қызметінде жіберілген кемшіліктерге байланысты отставкаға кету туралы өтінішін қабылдады. Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековтің қызметіне толықтай сәйкестігі толық деңгейде емес екенін жария етті. Ұлттық экономика вице-министрі Қ.Өскенбаевты қызметінен босатуды, Ұлттық экономика министрлігінің салалық комитетінің басшы қызметкерлері мен басқа да жауапты тұлғалардың  қызметіне сәйкестігі туралы мәселені қарауды тапсырды. Сондай-ақ, Үкіметке жер қатынастарын реттеу бағытындағы салалық функцияларды Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру жөнінде тапсырылды.

Мемлекет басшысы  ақпараттық саясат мәселесін де қозғады.

– Бүгінде бұл функциялар профильді емес министрліктің құзырында. Үкіметте бұл саланы ешкім үйлестірмейді, мемлекеттің ақпараттық саясатқа бөлетін қаражатын ешкім бақыламайды. Сондықтан қазіргі ақпараттық сын-қатерлерді еңсеру үшін, Бес институционалдық реформаның барысын тиімді қолдау үшін өкілетті орган – Ақпарат және коммуникация министрлігін құруды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл ведомствоға мынадай маңызды міндеттерді жүктеуді ұсынды. Атап айтқанда, мейлінше өткір мәселелерді жедел анықтау және әрекет ету мақсатымен кез келген меншік формасының, соның ішінде интернет ресурстар мен әлеуметтік желілердің ақпараттық кеңістігін мониторингтеу;  барынша өзекті тақырыптар мен мәселелер бойынша қоғамдық пікірді зерттеу, халықтың ақпараттық сауалдары мен тілек-қалауын талдау және болжау; мемлекеттік ақпарат саясатын әзірлеу; барлық мемлекеттік органның ақпараттық қызметі мен белсенділігін үйлестіру және бақылау; мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарды жоспарлау және мемлекет бөлген қаражаттың тиімділігін  талдау; Отандық БАҚ-ты экономиканың қазіргі заманғы сегменті ретінде дамыту үшін инвестиция және инновация тарту; Электронды және баспасөз кеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін отандық ақпараттық өнімдердің сапарын арттыру; дағдарыстық коммуникациялардың барынша пәрменді моделін құру; Халықпен, соның ішінде Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл арналарын қамтамасыз ету.

Бұл ретте жаңа органды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету, қаражат бөлу және оған барлық міндетті жүзеге асыру үшін айрықша өкілеттік беру тапсырылды.

Қазақстан Президенті ел дамуының өзге де негізгі мәселелеріне тоқталды.

–  Міндетті медициналық сақтандыруды енгізуге қатысты жұрттың күмән-күдігі бар екенін білемін. Сондықтан Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бұл мәселе бойынша іс-әрекеттің жол картасын әзірлеуі тиіс. Бұл реформа барлық қазақстандықтарға қатысты, сондықтан оған ықылас жоғары болады. Білім және ғылым министрлігінің орта мектептердегі оқу жылын  ұзарту, үш тілде білім беруге көшу мерзімі туралы мәлімдемелеріне қатысты да жұрттың сұрақтары бар екенін білемін. Үкімет бұл ретте дәстүрлі тамыз мәслихаттарын пайдалана отырып, қоғамдық пікірге мұқият зерттеу жүргізуі керек. Туындап отырған мәселелерді талқылау және шешу үшін осы мәселелердің барлығына жаңа диалог тетіктерін – Қоғамдық кеңестерді белсенді түрде қатыстыру керек. Олар мемлекеттік органдардың шылауында қалмауы керек, оларда өткен пікірталастар БАҚ пен жұртшылық үшін ашық болуға тиіс. Әрбір министр мен әкімге реформалардың барлық бағыты бойынша қоғамдағы көзқарасты өз құзыреті шеңберінде мұқият талдаудан өткізуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің бастамаларының мұқият түсіндірілуі маңызды екенін айтты.

– Біз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына қарай жылжып, әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына ұмтылып отырғанымызды айтып жатырмыз. Бұл елдерде тағы бір ең басты стандарт бар, ол – Үкіметтің және оның мүшелерінің қоғам үшін күнделікті ашықтығы. Онда министрлер барлық туындаған мәселелерге қатысты әрдайым шұғыл пікір білдіріп отырады. Ал бізде ше? Ақпараттық жұмыс тек журналистер алдына брифингке шығып, қағазда жазылғанды оқып беруден ғана тұрмайды. Біздің министрлер тіпті брифингтерде де журналистерден қашқақтап, қарапайым сауалдарға жауап бермейді. Қазіргі кезде біз министрліктерді қандайда бір саладағы саясатты айқындайтын органдарға айналдырдық. Саясаткер жұртпен тілдесуге, өз ұстанымын түсіндіруге, қоғамның сеніміне ие болуға тиіс. Халықпен, ең алдымен жаңа заңдарды қолданатын жұртпен кездесу керек, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы тек бірінші тоқсанның өзінде қазақстандықтар «Электрондық Үкімет» порталы арқылы 1 млн  200 мыңнан астам мемлекеттік қызметтерге қол жеткізгенін атап өтті.

– «Электрондық Үкімет» бірыңғай байланыс орталығына күн сайын 700 қызмет түріне қатысты 20 мыңнан астам сұрақ түседі. Бұл ресурс неге іске қосылмаған? Онлайн режімінде бірде-бір түсіндірме немесе кеңес болған жоқ. Халық сауал қоя бастаған кезде ғана «ояндыңдар». Жұртқа барлық нормаларды, оларды қалай қолдануды, кімге жүгінуді түсіндіру үшін Үкімет жанынан бірыңғай колл-орталық – «қызу желі» құруды тапсырамын. Бірде-бір сұраққа біліктілікпен жауап берілмей қалмауы үшін жауапты адамдарды да бекітіңдер. Бұл өңірлерге де қатысты, олардың әрқайсысында осындай кеңес беру орталықтары жұмыс істейтін болсын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті әлемдік дағдарыс біздің елдің дамуына да әсерін тигізгеніне назар аударды.

– Одан зардап шегіп, жұмысынан немесе табысының біраз бөлігінен айрылған көптеген адамдардың бар екенін білеміз. Мұндай жандар кез келген қоғамда бар. Барлық қазақстандықтарға қырағы болу қажеттігін, тұрақтылығымыз бен бір-бірімізге деген сый-құрметімізге сызат түсуіне жол бермеу керектігін ескерткім келеді. Өз тарапымнан айтарым, біз ешкімнің ортақ шаңырағымыздағы татулық пен тұрақтылықты бұзу үшін дағдарысты пайдалануына жол бермейміз. Құқықтық тәртіпті бұзған әрбір адам заңның қатаң талабына сай жауап береді. Қоғамдағы тыныштықты нығайту – әрбір азаматтың, барлық қоғамдық ұйымның, барша қазақстандықтардың ісі, – деді Мемлекет басшысы.

Шара барысында елдің бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары жөнінде Премьер-Министр К.Мәсімов сөз сөйледі.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің