National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу жөніндегі бастамасына байланысты хаттар мен жеделхаттар

2015 жылғы 18 ақпан

 

Мемлекет басшысының атына ел азаматтары мен түрлі ұйымдарынан бастамаға қолдау білдірген, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бағдарымызды тұрақты жалғастыру үшін сайлау өткізудің қажеттілігін атап көрсеткен хаттар толассыз келіп түсуде.

Елдің еңбек ұжымдарынан көптеп келіп жатқан хаттарда Мемлекет басшысына қолдау білдірілген.

Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің жұмысшылары сайлау өткізу әлемдік дамудың жаңа сатысында халықты одан сайын ұйыстыра түсетініне және барлық қазақстандықтарды «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру үшін біріктіруге ықпал ететініне сенім білдірген. 

«Бірлестіктің 20 мың адамдық ұжымы Отанымызды ілгерілетуге және орнықты дамытуға бағытталған бастамаларды әрдайым қолдап келеді және қолдай беретін болады. Біз бүгінгідей күрделі уақытта Сіздің саяси батылдығыңыздың арқасында тәуелсіз Қазақстанның әрбір даму кезеңі жетістіктердің, көпұлтты Отанымыздың бірлігі мен тұрақтылығын нығайтудың жылдарына айналғанын айқын сезініп отырмыз.   Қазақстан Сізбен бірге міндетті түрде табысқа жетіп, әлемдегі экономикасы дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіретін болады», – делінген хатта.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметкерлері мен ардагерлерінің ашық хатында әлемдегі күрделі қаржы-экономикалық ахуал жағдайында біздің елімізде дамудың дағдарысқа қарсы айқын жоспары – «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты бар екені атап көрсетілген.

«Президент сайлауын өткізу «Нұрлы жол»  аталған Қазақстан халқына жолдауды, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын табысты жүзеге асырудың, түпкі нәтижеде Қазақстандағы әрбір отбасының әл-ауқатын арттырудың кепілі болады деп санаймыз», – делінген Қазақстан теміржолшыларының хатында.

«Қазмырыш» компаниялар тобы мен мердігерлік ұйымдарының мыңдаған адамы бар көптэтносты ұжымынан келген хатта қазақстандықтар  Елбасының басшылығымен ертеңгі күнге, тұрақты жұмысқа, татулық пен келісімде өмір сүру мүмкіндігіне деген сенімге ие болғандарына назар аударылған.

«Металлургиялық пештің жанында шыңдалған біздің Президент бүгінгі жұмысшы қалай өмір сүретінін, қарапайым қазақстандыққа не керегін жақсы біледі. Бізге мемлекет басында «Нұрлы жол» бағдарламасын, «Қазақстан -2050» ұзақмерзімді Стратегиясын орындауға басшылық жасауды жалғастыратын көшбасшының қалғаны қажет. Ұлт Көшбасшысымен бірге бізге ешқандай қиындық қорқынышты емес», – деп жазады авторлар.

Ал «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ жұмысшылары ел бірлігіне, өркендеуі мен игілігіне бағытталған жұмысты жалғастыру үшін Мемлекет басшысына жалпыұлттық сенімнің жаңа мандатын берудің қажеттігі туралы ұсынысты қолдау өздерінің азаматтық парызы екенін хабарлайды.

«Ең қиын уақыттарда біз жас мемлекетіміздің экономикасы мен өнеркәсібін қалыптастырудың күрделі кезеңін Сіздің басшылығыңызбен өткердік. Сіз бізге татулықты, келісім мен экономикалық тұрақтылықты сақтау жөніндегі айқын мақсаттар мен міндеттерді белгілеп бердіңіз. Сіз бірде: «Егер кеме қай портқа баратынын білмесе, оған ешқандай жел серік болмайды» деген едіңіз. Біз Сізбен қайда баратынымызды білеміз. Ең бастысы, сол мақсатқа біз бірге бара жатырмыз», – делінген хатта.

Президент сайлауын биыл өткізу халыққа, сондай-ақ барлық атқарушы және өкілді билік органдарына белгіленген міндеттерді жүзеге асыру ісіне жұмылуға мүмкіндік беретінін атап өткен «Қазақстан алюминийі» АҚ еңбек ұжымының мүшелері де бастаманы қолдайтындарын мәлімдеді.

«Біз өркендеу мен тұрақтылықты, балаларымыз бен немерелеріміздің жарқын болашағын қалаймыз, 2015 жылы ел Президентінің сайлауын өткізуді қолдаймыз. Біздің таңдауымыз – қуатты Қазақстанның қуатты көшбасшының  болуы», – делінген хатта.

«Зенит» Орал зауыты» АҚ жұмыскерлері мен инженерлік-техникалық персоналы Қазақстан Президентінің дұрыс стратегиялық шешім қабылдауының және оларды жүзеге асыру жауапкершілігін өзіне жүктеу қабілетінің арқасында тәуелсіздік жылдарында ел экономикасын табысты реформалауға қол жеткізілгенін атап өткен.

«Бүкіл Қазақстан халқының мүддесін қорғауға бағытталған Сіздің саясатыңыз ғана елді дамудың жаңа сатысына шығаруға, Қазақстанның әлемдегі барынша қуатты мемлекеттердің қатарына кіру жөніндегі міндетін тиімді шешуге қабілетті. Біз бәріміз Отанымыз қарқынды дамуы үшін Сіздің, Ұлт көшбасшысының айналасында топтасатынымызға сендіреміз. Заманның кез келген сын-қатерін бірге еңсере аламыз», – деп жазады авторлар.  

«Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ ұжымы да Президент сайлауын өткізуді қолдайды және Мемлекет басшысының өз кандидатурасын ұсынуын  өтінді.

«Біз өзіміздің қазіргі бақ-берекемізді және болашаққа зор жоспар құру мүмкіндігімізді тек Сізбен байланыстырамыз. Біз Сіздің металлург ретінде жұмысшы тапты бәрінен артық түсінетініңізге сенімдіміз», – делінген хатта.

«Қазтеңізтрансфлот» Ұлттық теңіз көлік компаниясы» ЖШС жұмысшылары әлемдік экономикалық дағдарыстың белең алып келе жатқанын және күрделі халықаралық ахуалды ескере отырып, сайлау өткізу мәселесін дер кезіндегі шешім деп атады.

«Біз көршілес мемлекеттерде не болып жатқанын жақсы білеміз. Өкінішке қарай, бүгінде әлем мазасыз. Сондықтан Сізден Қазақстан халқы Ассамблеясының 2015 жылы сайлау өткізу бастамасын қолдауды сұраймыз», – деп жазады авторлар.

«Зенченко және компания» коммандиттік серіктестігінің бас директоры Г.Зенченко біздің еліміз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ғаламат жетістіктерге жеткенін және бүгінде Қазақстанды бүкіл әлем қуатты әрі өркендеуші мемлекет ретінде танып, құрметтейтінін атап өткен.

«Кеңес Одағы күйреген соң ауыл шаруашылығын дамыту қандай қиын болғаны есімде. Шынын айтқанда, біз өздігімізбен жұмыс істей алатынымызға, бізге жер беретініне сенген жоқпыз. Сіздің «қиын күндер өтеді, Қазақстан бәріміз «мен қазақстандықпын!» деп мақтанышпен айтатындай елге айналады» деген сөздеріңіз жадымда. Бүгінде соның бәрі орындалды», – делінген хатта.

Қызылорда қаласынан «Абзал және К» толық серіктестігінің жұмысшылары бүгінде әлемдік экономикада байқалып отырған дағдарыстық құбылыстар біздің елімізде еңбек адамына жасалып отырған қамқорлықтың бағасын сездіретініне тоқталған.

«Барлық қазақстандықтар сияқты біздің ұжым да өз болашағын тек Сізбен байланыстырады. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысын ескеруді, сондай-ақ Президент сайлауына қатысуды сұраймыз. Біз өз кезегімізде Сіздің айналаңызда топтасуға әзірміз», – делінген хатта.

Осы үндеуге Шымкенттегі «Дана фирмасы» ЖШС қызметкерлері мен Атырау облысындағы жұмысшы-мұнайшылар да қосылады.

«Қарқын АГФ» ЖШС ұжымы мен Қостанай облысының Харьковское ауылының тұрғындары, сондай-ақ өңірдің барлық ауылшаруашылығы құрылымдары жасампаз саясат пен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы жаңа бастамаларды жалғастырудың маңыздылығына тоқталған.

«Білсеңіз, президенттік сайлауды өткізу туралы бастама халықтың шынайы сезімінен, ашық ниетінен туындап отыр. Қостанай өңірінің еңбекқор тұрғындары Сізді қолдауға әрдайым дайын», – деп жазады авторлар.

Қызылорда облысындағы «Арал» сервистік-дайындау орталығының ұжымы өңірді дамыту және Кіші Аралды сақтау мәселелеріне көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс білдіре отырып, президенттік сайлау өткізу туралы бастаманы қолдайтындықтарын атап көрсеткен.

«Біз Сіздің осы ұсынысты ескеретініңізге және өзіңіз бастаған ауқымды жобаларды жалғастыруға келісетініңізге сенеміз», – делінген хатта.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысына қолдау білдірген хаттар қоғамдық бірлестіктер мен білім беру мекемелерінен де келді.

Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысының Азаматтық альянсы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағытын қолдау үшін бар күштерін жұмылдыруға, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға белсене қатысуға және Қазақстанды дамытуға өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін білдірді.

«Біз Сізді бір ауыздан қолдаймыз және елдегі барлық азаматтық және патриоттық күштерді Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізуді жақтауға шақырамыз», – делінген хатта. Оларды Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің қызметкерлері, оқытушы-профессорлар құрамы қостайды.

Оңтүстік Қазақстан облысының зиялы қауым өкілдері президенттік сайлау өткізу біздің көпэтносты және көпконфессиялы мемлекетіміздің одан әрі дамуы аясында айрықша мәнге ие болатынына сенімді екендерін айтқан.

Қызылорда облысы «III Интернационал» ауылының тұрғындары Мемлекет басшысына осы елді мекенде тұратын 19 этностың атынан  хат жазған.

«Біз Сіздің көпұлтты халқымыздың  бірлігі мен келісімін нығайтуға бағытталған қызметіңізді әрқашан қолдадық және қолдай береміз. Президент сайлауын өткізу туралы бастамаға қосыла отырып, Сізден осы ұсынысты қолдауды және сайлауға қатысуыңызды сұраймыз», – деп жазады авторлар.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің ел Президентінің сайлауын өткізу жөніндегі бастамасына байланысты хаттар Мемлекет басшысының атына толассыз келіп түсуде.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару

Заңдар

2024 жылғы 06 сәуір

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Армения мен Әзербайжан арасындағы қатынасты тезірек реттеуге шақырды

2024 жылғы 15 сәуір

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Армения мен Әзербайжан арасындағы қатынасты тезірек реттеуге шақырды

Жарлық

2024 жылғы 01 сәуір

Ә.А. Смайыловты тағайындау туралы


Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің