National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

VII Астана экономикалық форумының және Дағдарысқа қарсы II дүниежүзілік конференцияның өтуіне байланысты құттықтау хаттары мен жеделхаттар

2014 жылғы 09 шілде

 

Әлемнің 147 елінен 10 мыңнан астам делегат қатысқан VII Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы II дүниежүзілік конференцияның табысты өтуіне орай Қазақстан Президентінің атына құттықтаулар келіп түсті.  

Халықаралық консультативтік кеңестің мүшелері – Австрия Республикасының экс-федеральды канцлері Альфред Гузенбауэр мен Европалық комиссияның экс-төрағасы және Италия премьер-министрі Романо Проди өз хаттарында осыншама ауқымды іс-шараның өтуімен құттықтаған, сондай-ақ Форум барлық жерде құрметке ие болғанын, әлемдік көшбасшылар мен жетекші сарапшылар арасында барған сайын зор қызығушылық туғызып отырғанын атап өткен.

«Қазақстан өз мойнына игі міндетті – әлемді экономикалық және әлеуметтік проблемалар тақырыбындағы, біздің ойымызша, қажетті әлеуетке ие және қазіргі кезде тиімді халықаралық және экономикалық тетікке айналған қызу пікірталастар өткізуге арналған алаңмен қамтамасыз ету міндетін алып отыр», – делінген хатта.

Хорватия экс-президенті С.Месич Астана форумының мейлінше өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді талқылаудағы маңызды рөлін атап көрсеткен.  

«Астана экономикалық форумының маңыздылығы алда да арта түсетін болады, өйткені ол тек экономикалық қана емес, әлеуметтік-саяси мәселелерді де қозғайды. Форум және Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция БҰҰ көмектескен жағдайда әлемдік дағдарыс мәселелерін шешуге арналған алаңға айналуы мүмкін», – деп жазады С.Месич.

Болгария Республикасының экс-президенті, Венадағы Жаһандық диалог және ынтымақтастық орталығының президенті П.Стоянов Астана экономикалық форумын әлемдегі негізгі экономикалық оқиға санатына жатқызады, сондай-ақ Қазақстан Президентінің G-Global жобасын ілгерілету жөніндегі бастамаларын қолдайды.

«Мен жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс түйткілін шешу бағытында дағдарысқа қарсы жаңа шараларды әзірлеуге арналған демократиялық диалогтың жаңа түрін қалыптастыруға деген Сіздің орасан ұмтылысыңызды жоғары бағалаймын», – деп жазады автор.

Армения Республикасының экс-премьер-министрі Т.Саргсян да өз құттықтауын жолдаған, ол бұл форумның барлық өңірлік интеграциялық үдерістерді жаһандық ауқымда қарастыруға мүмкіндік беретіні жөніндегі пікірін білдірген.

«G-Global идеясына қатысты алсақ, менің ойымша, біз дәл осындай реформашыл жаңа идеялар қажет уақытта өмір сүріп отырмыз, өйткені ескі құрылымдар, форматтар күтілген шешімдер мен ұсынымдарды алға шығарса, ал жаңа платформа қалыптастыру – өтіп жатқан үдерістерге деген тың көзқарас. Сірә, өңірде де, әлемде де алдымызда тұрған проблемаларды шешудің қалыптан тыс жолдарын табуға осы көмектесетін болар», – делінген хатта.

Польша Республикасының экс-премьер-министрі, Қазақстан-Польша сауда палатасының  президенті К.Марцинкевич форумның мейлінше маңызды сипаты ретінде түрлі елдерден келген адамдар арасындағы диалогты атайды.

«Бұл жай дағдарысқа қарсы форум ғана емес, тарихи оқиға екенін атап айтқым келеді. Астана экономикалық форумы тек Қазақстан үшін емес, біздің баршамыз үшін де өте маңызды», – деп жазады автор.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және Бас хатшының Шығыс Тимор бойынша арнаулы кеңесшісі Н.Хейзер бұл форум қазіргі әлем бетпе-бет келіп  отырған міндеттерді шешу үшін бүгінгі заман ойшылдарының басын қосқанын айтып өткен.

«Сіздің басшылығыңызбен Еуразия құрлығында жаһандық қатерлерді талқылайтын аса қажетті платформа қалыптасты», – делінген хатта.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, дамуы мейлінше төмен елдер, теңізге шығу мүмкіндігі жоқ дамушы елдер және шағын аралдар мемлекеттері жөніндегі жоғары өкіл Г.Ачария Қазақстан Президентінің Астана экономикалық форумын өткізу туралы идеясы дер кезінде жүзеге асқанына назар аударды.

«Бұл форум ынтымақтастыққа септігін тигізетін диалог құру, жаһандық экономикалық проблемаларды жақсы түсіну және талдау тұрғысынан маңызды мәнге ие», – делінген хатта.

Жаһандық диалог және ынтымақтастық орталығының бас хатшысы С.Станчев бірлескен жұмысқа қатысты міндеттемелерді мақұлдай отырып, Қазақстан Президентіне Орталықты «Әлеуметтік бизнес-диалогты жақсарту» аталымы бойынша марапаттау рәсіміне қатысқаны үшін алғысын айтады.

Нобель сыйлығының лауреаты С.Тимашев АЭФ осы бағыттағы іс-шаралар үшін пішіні мен мазмұны тұрғысынан биік меже болғанын айтады.

«Астана форумы өзінің салыстырмалы түрде кейінгі жылдарда бастау алғанына қарамастан, қазірдің өзінде Қазақстан мен Достастық елдері ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ үшін де айшықты құбылыс болып, әлемдік үрдістердің мән-жайын тез ұғынуға болатын, болашақ серіктестермен танысатын, адамзат дамуының ықтимал жолдары туралы өз пікірін айтатын, әлемдік бизнес, инновация, ғылым және білім үшін тартушы магнитке айналды», – деп жазады автор.

К.Вютрих, Ф.Кидланд, Р.Ауман, М.Юнус, Джордж Ф.Смут, Э.Маскин, К.Писсаридес және А.Варшель сияқты Нобель сыйлығының өзге де лауреаттары өз хаттарында форумға қатысу мүмкіндігіне ие болғаны үшін алғыстарын білдіріп, іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, күн тәртібінің жан-жақты әрі мазмұнды болғанын атап өткен.

«Кеннеди Мерчант Партнерс» компаниясының негізін қалаушы М. Кеннеди АЭФ Давос және Брюссель форумы секілді әлемдік бизнес-шаралармен бәсекелесе алады деген пікір айтқан.

Celluci Associates компаниясының төрағасы Т.Селлучи G-Global ақпараттық-коммуникативтік алаңын құру идеясы жаңа технологияларды қолдану арқылы өмірдің барлық саласындағы жаһандық мәселелерді еңсеруге септігін тигізе алатын батыл әрі дұрыс шешім екенін атап өткен.

Құттықтаулары мен жылы лебіздерін жолдағандардың қатарында сондай-ақ БҰҰ Бас ассамблеясының 67-төрағасы В.Еремич, Халықаралық валюта қорының атқарушы директоры Д.Хеллер, Еуропа қайта құру және даму банкінің Түркия, Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдері жөніндегі басқарушы директоры О.Декамп, Майкрософтың Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі директоры, бас менеджер Т.Хирано, Дүниежүзілік сауда ұйымы Бас директорының орынбасары Д.Шарк, Салық және инвестициялардың халықаралық орталығының (АҚШ) президенті  Д.Уитт, Халықаралық сауда орталығының атқарушы директоры А.Гонсалес, Өнертапқыш әйелдер мен кәсіпкерлердің дүниежүзілік қауымдастығының президенті М.Хан, Xerox компаниясының вице-президенті Ч.Брукс және  CBS News вице-президенті Ш.Херберт бар.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің