Жаңалықтар

30 қараша 2015
Мемлекет басшысы «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС бірлескен кәсіпорнының доңғалақты броньды машиналар шығаратын зауытында болды
Астана қаласы

 

Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы зауыттың өндірістік орынжайларын аралап, шығарылатын өнім түрлерімен танысты.

Сонымен қатар кәсіпорынның еңбек ұжымымен әңгімелескен Елбасы зауыттың жұмысы елдің қорғаныс қабілетін нығайту тұрғысынан маңызды екенін атап өтіп, жұмысшыларға табыс тіледі. Еңбек ұжымының мүшелері өз жетістіктері жөнінде әңгімеледі және бүгін жария етілген Қазақстан халқына Жолдауды қолдайтындарын жеткізді.

***

Орталық Азияда алғаш рет жүзеге асырылған бұл жоба қорғаныс және машина жасау индустриясына сапалы серпіліс әкелетін кәсіпорын құруға мүмкіндік береді.

Зауыттың өндірістік қуаты жылына өз санаты бойынша бірқатар көрсеткіштер жөнінен үздік саналатын  доңғалақты броньды 120 машина шығаруға жетеді. Техникалық жабдықталу деңгейі жоғары кәсіпорын әскери және азаматтық мақсатқа арналған техникалар өндірісі саласындағы кең ауқымды міндеттерді жүзеге асырады деп болжанып отыр.

Зауытта өндірілетін барлық өнім халықаралық стандарт негізінде жасалатындықтан, оны Қазақстанның ішінде де, сыртқы нарықтарда да өткізуге мүмкіндік бар.

Кәсіпорында 150 жұмыс орны пайда болып, 55 инженер мен техника саласындағы мамандар Қазақстанда және шетелде оқытылды. Жобаны «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ, «Қазақстан инжиниринг Дистрибьюшн» ЖШС және «Парамаунт групп» компаниясы (ОАР) жүзеге асыруда.

«Парамаунт групп» жаһандық қорғаныс, бітімгершілік күштері және ішкі қауіпсіздік үшін интеграцияланған шешімдерді қамтамасыз ететін ірі аэроғарыш және қорғаныс компаниясы болып саналады. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар