National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Хазірет Сұлтан» мешітінің ашылу рәсіміне қатысты.

2012 жылғы 06 шілде

Орталық Азияда үлкен саналатын мешіт ­– 5 мың адамға арналған, мұсылман мерекесі кезінде оған 10 мыңға дейін адам сияды.

Жаңа мешіт ­– қазақ халқының рухани байлығы мен ұлылығын айшықтайды және елорданың әдемі сәулеткерлік ғимараттарының бірі.

- Қасиетті жұмаға орайлас келген Астана күні бүгін айрықша оқиғамен басталып, елордада еңселі мешіт ашылуда. Осы жарқын жаңалықпен және Астана күні мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде түрлі конфессия өкілі барша қазақстандықтар бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде. Елімізде мешіттер мен православ шіркеулері, костелдер мен синагогалар қатарлас орналасқан. Бұл біздің конфессияаралық келісім мен толеранттылықтың нәтижесі. Сондықтан «Хазірет Сұлтан» мешітінің ашылуы ­– еліміздегі ең үлкен әрі ұлы оқиға, барша қазақстандықтардың мерекесі. Ғұлама бабамыз Қожа Ахмет Иасауидің құрметіне аталған жаңа мәдениет ғимараты біздің халқымыздың рухани дәстүрінің сабақтастығының көрнекті символы болып саналады. Біз бұл жерді мешіт салу үшін кездейсоқ таңдап алған жоқпыз. Мешіт еліміздің бас алаңында, елорданың өзге сәулетті ғимараттарымен, Бейбітшілік пен келісім сарайымен қатарлас орналасқан. Жаңа «Хазірет Сұлтан» мешіті Қазақстан мұсылмандарының көп салалы рухани және мәдени-ағарту орталығына айналады. Әр діннің негізінде бейбітшілік пен мейрім жатады. Ислам діні басқа әлемдік діндер сияқты ізгілік пен бейбітшілікке үндейді. Мерекемен құттықтай отырып, «Хазірет Сұлтан» мешіті халқымыздың рухани құндылығын нығайтуға қызмет етеді деп сенемін, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Мешіт классикалық Ислам үлгісі мен дәстүрлі қазақ орнаменті және декоративті элементтер қосындысы ретінде құрастырылған. Мешіт үш қабаттан тұрады. Бірінші қабатта неке залы мен өзге де қосалқы бөлмелер бар. Екінші қабатта ерлерге арналған 4 мың адамдық намаз залы орналасқан. Үшінші қабатта әйелдерге арналған мың адамдық намаз залы бар.

Ғимараттың жалпы ауданы 17 мың шаршы метр. Мешіттің төрт мұнарасының биіктігі –77 метр. Бас күмбездің биіктігі 51 метр, ал диаметрі 28 метр.

Мешіт айналасында 5 субұрқақ орнату, оның қабырғаларын декоративті жарықтандыру қарастырылған. Кешен маңында 745 көлікке арналған ашық автотұрақ болады.

Жаңа «Хазірет Сұлтан» мешіті Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, «Қазақ елі» монументімен бірге бірыңғай қала құрылысы ансамблін қалыптастырады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің