National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Жұмыс сапарлары

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Алматыдағы резиденциясында әдебиет және өнер қайраткерлеріне президенттік және мемлекеттік стипендияларды тапсырды

2013 жылғы 09 қаңтар

Рәсімге Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, жазушылар, ақындар, артистер, суретшілер, музыканттар, Қазақстанның мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткерлер қатысты.

Мемлекет басшысы шығармашыл және мәдениет интеллигенция өкілдерін стипендияға ие болуларымен құттықтай отырып, стипендиаттар құрамы қоғамның көп ұлтты құрылымын көрсететінін атап өтті.

-  Мен әрдайым біздің қоғамда мәдениетті дамыту мен жоғары руханилықты нығайту мәселесін экономикалық өсу және халықтың әл-ауқатын арттыру тәрізді маңызды деп санап келдім және солай деп санаймын. Тәуелсіздік жылдары ішінде мемлекет мәдениетті дамытуға жете мән берді. 2012 жылы мемлекеттің мәдениет саласына бөлген қаржысы 35,5 миллиард теңгеден асып отыр, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы еліміз өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанына тоқталды.

- «Қазақстан-2030» Стратегиясының басты мақсаттарын мерзімінен бұрын іске асырып, біз 2050 жылға дейінгі жаңа Стратегияны қабылдадық. Бұл қандай да бір қиял немесе мемлекеттік жоспар емес, біз қазақстандықтардың болашақ ұрпағына жол көрсеттік және Қазақстан жүретін бағытты айқындадық. Оны іске асыру бізге осы жүзжылдықта ең қарқынды ұлттың бірі ретінде нығаюымызға мүмкіндік береді. Жүзжылдықтың ортасында Қазақстан ғаламшардағы ең дамыған отыз елдің қатарына кіруді мақсат етіп отыр. Бұл тек экономиканы дамытуға ғана емес, сондай-ақ мәдениетке, білімге де қатысты, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында дүниеге көзқарас пен құндылықтар дағдарысының жаһандық сын-қатерлерін көрсетіп бергенін атап өтті. Сондықтан бүгінде жалпықазақстандық бейбітшілік пен келісім құндылықтарын нығайтуда мәдениеттің рөлі мен мәнін жаңаша ұғыну маңызды.

- Қазақстандық мәдениет жаһандық мәдени мұраның ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Ол әлемдегі түрлі халықтардың мәдени құндылықтарын қабылдау жүйесінде нақты танылуы тиіс. Бұл қазіргі заманғы өнер түрлеріне - музыка, театр, кино, әдебиет, сурет өнері, т.б. қатысты. Қазақстандық мәдениет әлемге танылған, мысалы, қытайлық, ресейлік, жапондық, кореялық және өзге мәдениеттердей болуы тиіс. Әңгіме әлемге ең танымал 30 мәдениеттің қатарына кірудегі стратегиялық мақсат туралы болып отыр. Осы орайда, қазаққа қатысты және жалпықазақстандық мәдени мұраны жаһандық деңгейде таратудың тетіктерін ойластыру маңызды. Бұл үшін ақпаратты алға жылжытудың жаңа технологиясын іске қосу қажет. Бұған келешекте өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі, сондай-ақ әлемдік ауқымдағы өзге де іс-шаралар мен форумдар тамаша мүмкіндік береді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің алдына осы мәселені пысықтау міндетін қоямын, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық мәдениет еліміздің барлық азаматтары үшін патриоттықтың өзегі болуы қажеттігін атап көрсетті.

- Бүгінде шығармаларын қазақ тілінде жазатын қазіргі жазушыларды Қазақстанда орыс тілді оқырман аз біледі. Бәлкім, аударма саласын дамыту туралы ойластыру қажет болар. Отандық авторлардың туындылары қазақстандықтардың мақтанышына айналуға тиіс. Мен бұдан бұрын да өңіраралық мәдениет алмасу туралы айтқанмын. Биылдан бастап еліміздің өңірлері арасында мәдениет күндері тұрақты өткізілуі тиіс. Қазақстандық мәдениет пен өнердегі патриоттық, ең алдымен, біздің қоғамда болып жатқан ұлы тарихи оқиғалардың өзгерістерінен көрініс табуы керек, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы келешекте қазақ тілін латын алфавитіне көшіру отандық мәдениетті дамытуға орасан септігін тигізетінін атап өтті.

- Бұл үдеріс жақсы дайындықпен және ойластырылып жүргізілуі қажет. Осы орайда, XX ғасырда кириллица негізінде қазақ тіліндегі әдеби және ғылыми мұралардың ауқымды қоры әзірленгенін есте сақтағанымыз жөн. Ең маңыздысы, қазақстандықтардың болашақ ұрпағына арналған халықтың осынау қазынасы жоғалып кеткен жоқ. Біз қазақ тілін латын әрпіне көшіру жөнінде мемлекеттік комиссия құрамыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бұл жаңарулар біздің шетелдік серіктестеріміздің назарын аударып отырғанына тоқталып өтті.

- Кейбіреулер бұдан Қазақстанның геосаяси артықшылығының өзгеру «айғағын» көргендей болғаны мүлде негізсіз. Оған еш негіз жоқ. Бұл туралы мынаны айта аламын. Латын әрпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғыртудағы ішкі қажеттілік. Қараңғы бөлмеден қара мысық іздеудің қажеті жоқ, оның үстіне, ол онда ешқашан болмаған. 20-40-шы жылдары латын әрпі қолданылғанын еске салып өтпекпін. Бұрынғы КСРО-ның одақтас он бес республикалары ішінен одақтың тарауына дейін үшеуінде ұлттық тіл латын тілі болып келген. Қазақстанның еуразиялық интеграцияға қатысуына келсек – бұл біздің принципті таңдауымыз. Біз дұрыс бағытта алға жылжып келеміз деп есептеймін, экономикалық интеграция бүкіл әлемнің міндеті болып саналады. Біздің дамып келе жатқан экономикамыз жаңа нарықты талап етеді, сондықтан біз саяси емес, экономикалық интеграцияға қадам басып келеміз. Елдің саяси егемендігі мәселесі талқыланбайды, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында стратегиялық міндетті іске асыруда зиялы қауымның жаңа рөлі туралы айқын айтылғанын атап өтті.

- Әңгіме мәдениет қайраткерлері біздің қоғамның интеграторлары болуында болып отыр. Біздің қоғам ішкіұлттық бөлінушіліктің түрлі әрекетіне, ең алдымен, конфессиялық негіздегі жікке бөлінушілікке орнықты иммунитет әзірлеуі үшін мен сіздерге айрықша үміт артамын. Сондықтан қазіргі кезде біздің мәдениетіміздің зайырлы қағидаттарын нығайту маңызды, себебі біздің халқымыздың барлық ағартушыларының шығармашылығы осыған негізделген. Мен қазақстандық мәдениеттің барлық қайраткерлерін өздерінің еңбегімен қарапайым жалғыз ақиқатты: қуатты және ұлы Қазақстанды нығайтуға  шақырамын – ол, ең алдымен, біздің қоғамдағы бейбітшілік пен келісім, біздің халқымыздың бірлігі, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз сөзінде Президент стипендиясының иегері, прозашы Қ.Ысқақов мемлекеттің білім беру үдерісінде үш тілді меңгеруге көмек көрсетіп отырғанын атап өтті. Ол қазақ тілін латын әрпіне көшіру қазақстандық қоғамды одан әрі топтастыра түсуге ықпал ететініне тоқталды.

Ал КСРО халық артисі А.Әшімов Мемлекет басшысына мәдениет пен өнерге көңіл бөліп отырғаны үшін алғысын айта келе, кинематография саласында алдағы кезеңдегі басты міндеттің бірі түсірілетін фильмдер санын арттыру болып табылатынын айтты.

Прозашы, драматург А.Аширов тәуелсіз Қазақстанда еліміздегі түрлі этностар мәдениеті дамып отырғанын атап өтті. Ақын Н.Чернова Мемлекет басшысына Қазақстандағы барлық ұлт өкілдерінің үйлесімді тұруына жағдай жасағаны үшін рахмет айтты. Өз сөзінде актриса А.Иманбаева елордадағы «Астана Опера», өнер университеті ғимараты тәрізді тамаша нысандар елімізде мәдениеттің қарқынды дамуына ықпалын тигізетінін атап өтті.

Балет әншісі Т.Гатауов «Астана Опера» мемлекеттік театрының құрылысы үшін алғыс айтты және өзі айтатын ең үздік шығарманың осы театр сахнасында орындалатынына сенім білдірді. Домбырашы Н.Әшіров пен әнші Е.Шүкіманов Мемлекет басшысына ұмытылған және жоғалған ұлттық туындыларды қалпына келтіруге зор ықпал еткен «Мәдени мұра» бағдарламасын қолға алғаны үшін алғыстарын білдірді. Музыкатанушы Ю.Аравин ұлттық рухани дамуында зиялы қауымның зор рөл атқаратынын және бүгінде қазақстандық мәдениетке мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтті.                                           

Стипендия алғандар арасында Күләш Ахметова, Сәбит Оразбаев, Асанәлі Әшімов, Анатолий Молодов, Гульвира Разиева, Жексембек Еркімбеков, Жандарбек Мәлібеков, Шәкен Ниязбеков, Шота Уәлиханов, Торғын Тасыбекова, Зәмзәгүл Шәріпова, Ораз Әбішев, Әмен Хайдаров және тағы басқа отандық мәдениеттің көрнекті қайраткерлері бар.

Стипендиаттар қатарына Қазақстанның мәдениетіне, өнері мен әдебиетіне елеулі үлес қосып жүрген талантты жастар өкілдері де енген.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, мемлекеттік және президенттік стипендиялардың берілуі мәдениет және өнер қайраткерлерінің ел алдындағы еңбегінің мойындалуы екенін атап өтті. Сонымен қатар, республиканың жас таланттары да наградаларға ие болды.

- Кез келген жанрдағы кез келген туынды, мейлі кино немесе мультипликация, музыкалық немесе драмалық шығарма болсын, бірлік, патриоттық, жасампаздық идеяларын насихаттауы қажет. Бұл – сіздердің басты миссияларыңыз. Еліміз тәуелсіздік жылдарында көптеген жетістікке жетті, оның бәрі барша қазақстандықтардың бірлігі мен келісіміне негізделген. Бізге мұны ұмытуға болмайды, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.          

Мемлекет басшысы іс-шара соңында зиялы қауым өкілдерімен бейресми жағдайда әңгімелесті.       

Президенттік стипендия Мәдениет, білім және әлеуметтік бағдарламаларды қолдау қорының шешімімен 1995 жылдан бастап беріліп келеді. Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиялар жыл сайын Қазақстан Республикасының құрметті атақтары мен наградаларына ие болған шығармашыл және мәдени зиялы қауым өкілдеріне, сондай-ақ Қазақстан мәдениетін құруға, қолдауға және дамытуға елеулі үлес қосқан дарынды жастарға мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында беріледі. Мемлекеттік стипендия Президент Жарлығымен 2000 жылы бекітілген.

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің