National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Нұр-Сұлтан, Қазақстан

Елбасы Алматы қаласын дамыту және 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиадаға дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді

2016 жылғы 16 ақпан

 

Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы Н.Нығматулин, Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Қ.Ақсақалов, сондай-ақ министрліктердің, жергілікті атқарушы органдардың, құқық қорғау құрылымдарының басшылары, іскер және ғылыми орта өкілдері қатысты.

Іс-шараны ашқан Мемлекет басшысы отандық экономиканың тиімділігін арттыру жөнінде қойылған міндеттерді жүзеге асыру көбіне өңірлерге байланысты екенін, олардың қатарында Алматы маңызды рөл атқаратынын айтты.

Қала ірі экономикалық орталық ретінде қалыптасты, ол республикалық бюджеттің доноры болып табылады және бүгінде жиынтық ішкі өнімнің бестен бірін қамтамасыз етеді. Алматы жетекші білім орталығы да болып саналады, мұнда елдегі жоғары оқу орындарының 40 пайыздайы шоғырланған. 86 ғылыми-зерттеу институты мен 11 мың ғылыми қызметкерлерді қамтитын, инновация мен экономиканың ғылыми қамтымды секторларын дамытуға қомақты үлес қосуы тиіс салмақты ғылыми әлеует бар. Қалада 17 республикалық мәдениет және өнер ұйымы жұмыс істейді. Халықаралық деңгейдегі қазіргі заманғы спорт нысандарының желісі құрылған, олар алматылықтарды ғана емес, өзге өңірлер мен елдерден айтарлықтай мөлшерде туристер тартып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысында жарияланған, ақша-несие саясатының тиімділігін арттыруға және елдегі қаржы тұрақтылығын сақтауға бағытталған экономиканы қосымша қолдау шараларын да еске салды.

Сарапшылардың мәліметінше, әлемдік экономиканы жайлаған дағдарыс ұзаққа созылады. Біз қабылдаған, жалпы құны шамамен 2 триллион теңге көлемінде болатын қосымша шаралар 60 мың адамды жұмыспен белсенді қамтуға, 18 мың жаңа жұмыс орнын ашуға және мыңға тарта инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Қойылған міндеттерді тиімді жүзеге асыру негізінен өңірлер мен мемлекеттік аппараттың кәсібилігіне байланысты болады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев қаржы ресурстарының шектеулі екендігін ескеріп, оны барынша тиімді пайдалану қажеттігін айтты.

Қаланың алдына қоятын негізгі міндетім – инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу. Әкім мен оның аппаратының жұмысын бағалау осыған байланысты болады. Мемлекет-жекеменшік серіктестігін белсенді түрде енгізу қажет. Әкім баяндағандай, қалада бұл жұмыстар қазірдің өзінде басталып кетті. Тек биыл ғана жалпы құны 30 миллиард теңгеге мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде 25 балабақша, 3 мектеп және бір емхана салынады, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әкімдікке қаладағы ірі жобаларды жүзеге асыру үшін инвестиция тарту мәселесін пысықтауды тапсырды.

Алты жыл бұрын менің тапсырмаммен индустриялық даму бағдарламасы іске қосылды. Осы уақыт аралығында елде 900 жаңа нысан салынды, 100 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Сонымен бірге, осы бағдарлама басталғаннан бері Алматыда жалпы инвестиция көлемі 285 миллиард теңге болатын барлығы 27 жоба жүзеге асырылған, соның  243 миллиард теңгесі үш жобаға тиесілі. Тек 42 миллиард теңгесі ғана жеке инвестициялардың үлесінде. Алматының әлеуеті үшін бұл жеткіліксіз, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл ретте Қазақстан Президенті Алматы қаласының іскерлік ортасында инновациялық, жобалық-конструкторлық және сервистік кәсіпорындарды ұлғайту қажеттігіне назар аударды.

Қазіргі заманғы қалаға инновациялық экономика қажет. Бұны уақыт пен күшейіп келе жатқан жаһандық бәсекелестік талап етіп отыр. Сол үшін біз Алматыда «Алатау инновациялық технологиялар паркі» арнаулы экономикалық аймағын құрдық. Бүгінде 150 компания тартылып, олар 15,5 миллиард теңге инвестиция салды. Бұл жұмыстың басы ғана, жүктеме деңгейі мен еңбек өнімділігін арттыру қажет. Алматыда 42 жоғары оқу орны,  соның ішінде алты ұлттық оқу орны мен барлық студенттердің үштен бірі шоғырланған. Алайда олардың жанында екі технопарк қана жұмыс істейді. Біреуі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанында, екіншісі – Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті жанында, – деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев жас ғалымдар мен студенттерге өз идеяларын жүзеге асыру және жаңа әзірлемелерді енгізу үшін қажетті жағдайлар жасау міндетін қойып, білім және ғылым министрі Е.Сағадиевке осы тапсырманың орындалуын айрықша бақылауға алуды тапсырды.  

Сонымен қатар Қазақстан Президенті жергілікті атқарушы органдарды шағын және орта бизнесті белсене қолдауға шақырды.

Бұл сектор Алматының өңірлік жиынтық өнімінің 85%-ын құрайды. Өндіріс көлемін сақтау, шағын және орта бизнесті қолдау үшін елде жалпы 600 миллиард теңге бөлінеді. Капиталды заңдастыру үдерісі айтарлықтай жеңілдетілуде. Халықтың жұмыспен қамтылуын қолдау үшін қалаға қосымша 2,7 миллиард теңге бөлінеді, бұл тағы 2 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Алматы бірінші кезекте осы мүмкіндіктерді пайдалануға тиіс. Барлық банктер, шағын және орта бизнес субьектілерінің бестен бірі дерлігі осында орналасқан, құрылыс секторы дамыған. Сондықтан әкімдікке осы бағыттардың барлығы бойынша жұмысты жандандыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту ісіне назар аударды.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысына 47 миллиард теңге бөлініп, 3000-нан астам пәтер салынатын болады. Бұл ретте 1 шаршы метр баспана бағасы Алматы үшін 200 мың теңгеден аспайды. Кезекте тұрғандарға сатып алу құқығы берілетін жалдамалы тұрғын үй үшін төлем 1 шаршы метріне 1230 теңгеден, ал сатып алу құқығынсыз 640 теңгеден аспайды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және қала халқына әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы түйткілдерді де шешу қажеттігін атап өтті.

Таяуда сіздерде әкімдердің халық алдындағы есеп беру жиындары аяқталды. Қалалықтар көтеретін негізгі мәселелер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, көлік қатынасына, тұрақтарға, арық желісіне байланысты болып келеді. Әкімдік қоғамдық көлік жүйесін дамытуға, қала халқына қызмет көрсету деңгейін арттыруға қатысты жұмысты жалғастыруы керек. «Оңай» электрондық билет жүйесінің кейбір қолайсыз және әлі шикі тұстарына қатысты белгілі бір шағымдар бар. Экология проблемасы да Алматы үшін мейлінше өзекті мәселе болып қалып отыр. Әкімдік қаланы көгалдандыру, көлікті және жекеменшік үйлерді газға көшіру, қалаға сырттан кіретін 250 мыңнан астам көліктердің қозғалысын реттеу жұмыстарын жалғастыруы керек. Бұл орайда осы саладағы халықаралық тәжірибені зерттеу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ипотекалық несие алушылардың проблемаларына тоқталды.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет бұл түйткілді шешу жөніндегі жұмысты бастады. 25 мыңға жуық проблемалық несиелерді қайта қаржыландыру үшін 130 миллиард теңге бөлінді. Алматыда 7 мыңға жуық проблемалық несие иелері арасынан 3565 өтінім банктер қарауына ұсынылып, соның 1470-і қазірдің өзінде қайта қаржыландырылды. Бұл жұмысты жалғастыру керек. Бұл ретте 90 миллиардқа жуық теңге әлі игерілген жоқ. Мұндай шырғалаң халықтың наразылығын тудырады. Дегенмен, көмек тек шынымен мұқтаждарға ғана көрсетілуге тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті криминогендік ахуалға да тоқталып, азаматтардың қауіпсіздігін күшейту қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы универсиаданың басталуы және айтарлықтай көп спортшылардың, жанкүйерлердің, туристердің келуі қарсаңында қалада құқықтық тәртіпті қатайту жөнінде кешенді шаралар қабылдап, бейнекамералар орнатып, көшелерді жарықтандыру ісін жалғастыруды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, универсиада өткізу Қазақстан үшін  елеулі экономикалық тиімділік әкелетін маңызды имидждік жоба болып саналады. Осы орайда Қазақстан Президенті Үкіметке ұйымдастыру комитетімен және қала әкімдігімен бірлесіп, бұл іс-шараға ойдағыдай дайындық жасау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Бүгінде бірқатар нысандар әлі дайын емес. «Медеу» мұзайдынының, «Шымбұлақ» тау-шаңғысы базасының және Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайының дайындығы айтарлықтай алаңдаушылық туғызады. Бұдан бөлек, ойындар өткен соң нысандарды қалай пайдалану керектігі жөнінде қазірдің өзінде ойлану қажет. Бұл ретте бюджетке түсетін салмақ мейлінше аз, ал  спорт нысандары халық үшін қолжетімді болуға тиіс. Универсиаданы өткізу қаланың дамуына тың серпін беріп, оның архитектуралық келбетін жақсартып, қонақ үйлердегі, мейрамханалардағы, қоғамдық көліктегі және спорт нысандарындағы қызмет көрсету деңгейін арттыруға тиіс. Соның бәрі шағын және орта бизнесті жандандырып, көрсетілетін қызмет ауқымын ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ іс-шара барысында  Инвестиция және даму министрі Ә.Исекешев, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Алматы қаласының әкімі Б.Байбек баяндама жасады.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің