Жаңалықтар

25 қараша 2015
Елбасы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовты қабылдады
Алматы қаласы

 

Кездесу барысында Мемлекет басшысы өңір экономикасын тұрақтандыруды жалғастырудың, мемлекеттік бағдарламаларды орындаудың, сондай-ақ жұмыспен қамтуды ұлғайту және халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті облыстың инвестициялық тартымдылығын дамыту, шағын және орта бизнес субьектілерін қолдау жөніндегі міндеттерді орындауды жалғастыра беруді тапсырды.

Алматы облысының әкімі өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы баяндады.

А.Баталов облысты дамытудың негізгі бағдарламалық құжаты осы мақсатта арнайы әзірленген, он алты бағытты қамтитын жоспар болғанын атап өтті.

Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, экономикаға инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатында нақты іс бағыты айқындалды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, биыл облыс экономикасы барлық көрсеткіштер бойынша қарқынды дамыды. Атап айтқанда, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция салаларында өсім байқалып отыр, – деді Алматы облысының әкімі.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

                                                                    ***

Алматы облысын дамыту жөніндегі жоспарда қарастырылған шараларды жүзеге асыру нәтижесінде экономикада өсімге қол жеткізілді. Бюджет түсімдері 102 пайызға қамтамасыз етілді, дотациялар көлемі 15 пайызға қысқарды.

Жер мәселелерін реттеу мақсатында кешенді жер картасы әзірленді. Төрт ауданда байқау негізінде ирригациялық желілерді қайта жөндеу жұмыстары басталды, Балқаш көлі мен Іле өзенінің саязданып кетуіне байланысты мәселелер шешілуде.

Ауыл шаруашылығындағы қант қызылшасы егістігі 4020 гектарға дейін ұлғайды, Көксу қант зауыты іске қосылды. Мал шаруашылығында «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары аясында асыл тұқымды мал басы көбейіп келеді, «Ырыс» бағдарламасы бойынша 50-100 бас малы бар отбасылық тауарлы-сүт фермаларын құру ісіне барынша қолдау көрсетілуде.

Шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі қолданыстағы бағдарлама аясында 360 компания қаржылық қолдауға ие болды. 100 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Аудандардың дамуындағы әркелкілікті азайту мақсатында 11 өнеркәсіп орны құрылып, экономикалық өсімнің жаңа ошақтары қалыптасуда.

Алакөл және Балқаш көлдерінің жағалауын дамыту үшін электр желісі тартылып, автокөлік жолдары жөнделуде. Теміржол қатынасы ұйымдастырылды, енді әуе қатынасын ашу да жоспарланып отыр.

Білім беру саласында апатты жағдайдағы мектептерді жою жұмыстары жүзеге асырылуда. 2018 жылға дейін үш ауысыммен оқыту толығымен жойылады. Биыл жеке меншік инвестициялар есебінен 83 балабақша ашу жоспарлануда. Соның нәтижесінде балаларды мектепке дейінгі білім беру мекемелері қызметімен қамту деңгейі 77 пайызға жететін болады. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге жұмыс сапарлары
Барлық жұмыс сапарлары