Жиын барысында Сирия мен Ауғанстандағы ахуалға байланысты мәселелердің ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына әсері қарастырылды. Сонымен қатар тараптар соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақтардан азаматтарды қайтару және оларды әлеуметтік ортаға үйрету мәселелерін талқылады. Ғизат Нұрдәулетов 2019-2023 жылдары «Жусан» гуманитарлық операциясын жүзеге асыру тәжірибесін мысалға келтірді. Оның нәтижесінде отандастарымыз қақтығыс аймақтарынан елге қайтарылған болатын. Бұдан бөлек, іс-шараға қатысушылар ТМҰ кеңістігіндегі киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде пікір алмасты. Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы еліміздің аталған саладағы бірқатар бастамасын ұсынды. Кездесу қарсаңында делегациялар басшыларын Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қабылдады.