Бішкекте «Орталық Азия – Үндістан» форматында ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңес хатшылары мен кеңесшілерінің үшінші кездесуі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты. Кездесу қарсаңында делегация басшыларын Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қабылдады. Жиын барысында жаңа сын-тегеуріндер мен өңірлік қауіпсіздікке төнетін қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелерінің кешені қаралды. Өз сөзінде Ғизат Нұрдәулетов халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар Орталық Азия мен Үндістан арасындағы көлік байланысын дамытуға ерекше назар аударылып, экономикалық өзара байланысты қамтамасыз ету тетіктері мен киберқауіпсіздік саласындағы әріптестікті дамыту жолдары ұсынылды. Басқосу аясында үнді тарапының бастамасымен Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы мен Үндістанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Аджит Довалдың екіжақты кездесуі өтті.