Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеу бойынша редакция алқасының кезекті отырысы өтті.
Жиында кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихына арналған алтыншы томның қолжазбасы қаралды.
Редакция алқасы мүшелерінің ұсыныстары негізінде жаңарған алтыншы томның тұжырымдамасын, құрылымы мен мазмұнын авторлар ұжымының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаева таныстырды. Қосымша редакциялық жұмыс барысында 120-дан астам ескерту мен ұсыныс назарға алынды. Жалпы алғанда алтыншы том 7 бөлімнен, 19 тараудан және 126 параграфтан тұрады. Авторлар ұжымының құрамына 70-тен астам ғалым мен зерттеуші енген.
Сонымен қатар тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанның, әлеуметтану ғылымдарының докторы, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасованың, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры, саяси ғылымдарының кандидаты Андрей Чеботаревтің рецензиялары тыңдалды.
Сондай-ақ, редакция алқасының Мәмбет Қойгелдиев, Кенжехан Матыжанов, Дихан Қамзабекұлы, Нұрсан Әлімбай, Еркін Әбіл, Ханкелді Әбжанов секілді мүшелері өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Отырыс қорытындысы бойынша редакция алқасы алтыншы томның қолжазбасын бекітіп, баспаға дайындау туралы шешім қабылдады.
Келесі отырыста «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық басылымның Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне арналған жетінші томы қарастырылады.