Нормативтiк құқықтық актiлер

Жарлықтар
6 қазан 2016
Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін құру туралы

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) құрылсын.

Қорғаныс, аэроғарыш өнеркәсібі және электрондық өнеркәсіп, ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздік (киберқауіпсіздік), жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту, бірыңғай әскери-техникалық саясатты және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүргізуге қатысу, қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы басшылық Министрлік қызметінің негізгі бағыттары болып айқындалсын.

Жаңадан құрылған Министрлікке:

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінен – қорғаныс өнеркәсібі саласындағы;

Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінен – ғарыш қызметі саласындағы;

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінен – жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту саласындағы;

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінен – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінен ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы функциялар мен өкілеттіктер берілсін.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетін, Аэроғарыш комитетін және Мемлекеттік материалдық резервтер комитетін құруды;

2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.

3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай толықтыру енгізілсін:

1-тармақта:

«Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;» деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

«Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі;».

4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

         Президенті                                                                                                      Н.Назарбаев

 

Астана, Ақорда, 2016 жылғы 6 қазан

                        №  350

 


Барлық нормативтік құқықтық актілер
 
Другие указы
Все указы