Бөлімдер санаты

Нормативтiк құқықтық актiлер

Жарлықтар
9 қыркүйек 2020
Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 5) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:    

1. Мыналар:       

1) Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылсын, оған стратегиялық жоспарлау және мемлекеттік статистикалық қызмет салаларындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика  министрлігінің  функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, мынадай: 

реформаларды жүзеге асыру тәсілдерін, реформаларды жүзеге асыруға қажетті, сондай-ақ олардың іске асырылу барысын мониторингтеу мен бағалау  бойынша нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеу;

мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын дайындау кезінде, сондай-ақ оларды келісу, іске асыру барысын мониторингтеу мен бағалау бойынша мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін үйлестіру;

мемлекеттік органдардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын келісу;

елдің дамуы мен халықаралық ахуалды стратегиялық болжамдау мен  талдау жүргізу;

ведомстволық статистика саласындағы жұмысты  үйлестіру;

орталық мемлекеттік органдар және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігіне жыл сайынғы бағалау жүргізу бойынша жұмыстарды үйлестіру жөніндегі функциялар мен өкілеттіктер берілсін;

2) Қазақстан Республикасының  Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құрылсын, оған тиісті тауар нарықтарында бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу, мемлекеттік монополия саласына жатқызылған қызметті бақылау мен реттеу саласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің  функциялары мен өкілеттіктері берілсін.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша мемлекеттік органдар мен оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың штат санын қайта бөлуді;

2) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетін тиісті штат санымен бірге Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің қарауына беріп, оны кейіннен Ұлттық статистика бюросы етіп қайта құруды;

3) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

3. Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі берілетін функциялар мен өкілеттіктер шегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқорлары болып айқындалсын.

4. «Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережені бекіту  туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы
11 наурыздағы № 552 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 12-13, 116-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:

жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың тізбесі:

мынадай мазмұндағы жолдармен толықтырылсын:

«Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі»;

«Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі».

5. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі бір ай мерзімде:

1) Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына:

құрылған Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар мен  Қазақстан  Республикасының  Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерінің төрағаларымен бірлесіп, құрылған агенттіктер мен олардың құрылымдары туралы ережелердің жобаларын;

Қазақстан  Республикасының  Үкіметімен  бірлесіп, қайта  ұйымдастырылатын  мемлекеттік  органдардан штат санын құрылған агенттіктерге қайта бөлу, сондай-ақ олардың қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі жөнінде ұсыныстар енгізсін;

2) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шараларды қабылдасын.

6. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

7. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

 

 Қазақстан Республикасының

            Президенті                                                                            Қ.Тоқаев                          

        

 

 Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы  8 қыркүйек              

                         

                        № 407


Барлық нормативтік құқықтық актілер
 
Другие указы
Все указы