Президент бұл басқосудың еліміз үшін мән-маңызы айрықша екенін атап өтті. Жиында кешенді саяси, экономикалық реформаларды іске асырудағы, сондай-ақ мемлекетті басқару жүйесіндегі мәслихаттардың рөлі талқыланды. – Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда кең ауқымды, тарихи өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Игі бастамалардың бәрі де халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қолға алынды. Біз мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканы және әлеуметтік саланы түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл орайда, мәслихаттардың алдында тұрған миссия – айрықша. Өкілді органдарды күшейту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді. Біз бұған дейін біраз шаруа атқардық. «Қуатты аймақтар – қуатты ел» қағидатына сәйкес, мәслихаттардың беделін көтердік. Соның арқасында осы құрылымдар мемлекеттік басқару жүйесіндегі басты институттың біріне айналды. Дегенмен мәслихаттардың әлеуетін одан әрі күшейту үшін бірқатар міндетті орындауымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының басқосуда сөйлеген сөзінің толық нұсқасымен мына сілтеме арқылы таныса аласыз. Жиында Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ, Алматы облысындағы «Дәулет-Бекет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Сыдық Дәулетов, Мәжіліс депутаты Константин Авершин, Алматы қалалық мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Елена Семидоцких, Жетісу облыстық мәслихатының депутаты Гүлнәр Тойлыбаева, Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко, Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық мәслихатының төрағасы Ардақ Бораш, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Аслан Қайырғалиев сөз сөйледі.