National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесті

2021 жылғы 02 маусым

Екі ел басшылары жоғары деңгейдегі тұрақты, сенімді диалог жан-жақты, ұзақ мерзімді дәйекті стратегиялық әріптестіктің кепілі екенін айтты. Тараптар 2019 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Президентінің Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген маңызды уағдаластықтардың жүзеге асырылуына көңілдері толатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толатынын атап өтіп, қарқынды дамып келе жатқан екіжақты байланыстарды жоғары бағалады. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы кез келген сын-қатерге төтеп бере алатын және үлгі тұтарлық деңгейде екені айтылды.

– Қытай біздің мәңгі көршіміз әрі досымыз. Біздің бейбітшілік пен жан-жақты ынтымақтастыққа негізделген ортақ шекарамыз бар. COVID-19 індеті таралған күрделі кезеңде өзара қолдау көрсеткеніміз – мызғымас достықтың айқын үлгісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жуырда Қазақстанға «CoronaVac» вакцинасының алғашқы легінің жеткізілгенін айтып, Қытай тарапына ризашылығын білдірді. Бұл елімізде жүргізіліп жатқан жалпыұлттық вакциналау науқанына айтарлықтай үлес қосады.

Си Цзиньпин екіжақты стратегиялық әріптестікке және күрделі кезеңде көрсетілген өзара көмекке қатысты Қазақстан Президентінің берген бағасын құптады.

– Елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың форматы бірегей сипатта және Қытайдың басқа көрші елдермен қарым-қатынасы мұндай деңгейде емес, – деді Қытай басшысы.

ҚХР Төрағасы «Бір белдеу – бір жол» тарихи бастамасын іске асырудағы Қазақстанның рөліне ерекше тоқталып, коронавирус пандемиясының кесірінен жаһандық байланыстардың үзілген шағында жобаның өз қажеттігін дәлелдегенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан территориясы арқылы өтетін көлік-транзит бағдарларын одан әрі әртараптандыру бағытындағы еліміздің берік ұстанымын нақтылады. Президент Қазақстан мен Қытай шекарасындағы автокөліктер мен теміржол өткізу бекеттерінің жұмыстарын, сондай-ақ, екі ел арасындағы тұрақты әуе қатынастарын тезірек қалыпты жағдайға келтіру қажет екенін айтты. Бұл қадам екі елдің іскер топтары мен жалпы жұртшылығы үшін аса жағымды жаңалық болар еді.

Мемлекет басшысы «Бір белдеу – бір жол» тұжырымдамасының басқа да бағыттарын бірлесіп ілгерілетуде инновациялық, атап айтқанда, қаржы, цифрландыру және «жасыл» технологияларға қатысты шешімдерді іздестіруге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин екі ел үкіметтеріне әңгіме барысында көтерілген мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтауды қолға алу жөнінде тапсырма беруге уағдаласты.

Мемлекет басшылары әлемдік және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Олар БҰҰ, ШЫҰ және «Орталық Азия – Қытай» форматы сияқты көпжақты алаңдардағы өзара іс-қимылдардың зор әлеуеті бар екенін атап өтті. Екі ел басшылары жаңа дәуір кезеңінде мультилатерализм тұжырымдамасын және «адамзаттың ортақ тағдыры» қоғамдастығын құрудың аса қажет екенін айтты. Қазақстан Президенті Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске үнемі қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін қытай тарапына ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сиань қаласында өткен Орталық Азия елдері Сыртқы істер министрлері кездесуінің қорытындыларына жоғары баға берді. Сондай-ақ халықаралық ықпалдастықтың аталған форматының дамуына атсалысуға дайын екеніне тоқталып, кезекті отырысты 2022 жылы Қазақстанда өткізуді ұсынды.

Си Цзиньпин Қазақстан Орталық Азиядағы ірі мемлекет ретінде аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде, әсіресе, Ауғанстаннан Америка әскері шығарылғаннан кейін маңызды рөл атқара алады деп санайды.

Өзара сенімге және толық қолдауға негізделген әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин әртүрлі деңгейдегі тығыз қарым-қатынастарды жалғастыруға уағдаласты. Сонымен қатар Ұйымның 20 жылдығына орай Қазақстан астанасында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері басшыларының отырысын лайықты деңгейде өткізуге келісті. ҚХР басшысының Қазақстанға мемлекеттік сапармен келу мерзімін дипломатиялық жолдар арқылы келісу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің