National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII Саммитіне қатысты

2021 жылғы 12 қараша

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII Саммиті Ыстанбұл қаласының оңтүстік-шығысында Мәрмәр теңізінде орналасқан Демократия және бостандық аралында өтті. Алқалы жиынға Қазақстан Президентінен басқа Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты. Сондай-ақ Саммитке бақылаушы елдердің басшылары Түрікменстанның Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбан қатынасты.

Қазақстан Президенті Түркітілдес мемлекеттердің басшыларымен Ыстанбұл қаласында жүздескеніне және Режеп Тайып Ердоғанға Анадолы жерінде көрсеткен қонақжайлығы үшін шынайы ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан халықтарын биылғы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап,  бұның тарихи белес екенін атап өтті.

– Біз осы кезеңде іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Мемлекеттеріміздің арасындағы достық қатынасты нығайта түстік. Биылдың өзінде екі рет бас қосып, жоғары деңгейде Саммит өткіздік. Бұл – мызғымас бауырластығымыздың айқын көрінісі. Қазақта «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген ұлағатты сөз бар. Осы жерде жиналған елдердің жоғары деңгейдегі өкілдерінің ниеті түзу. Біз  барлық мемлекеттерді ынтымақтастыққа шақырамыз, сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдердің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі жылдан бері аталған Кеңеске тиімді төрағалық етіп келе жатқан Әзербайжан басшылығына алғыс білдірді. Сондай-ақ олардың Кеңес жұмысын жандандыра түсуге зор үлес қосқанын атап өтіп, әлемді жайлаған індетке қарамастан, түркі кеңістігінде бірқатар жақсы жаңалық болғанын айтты. Түркітілдес мемлекеттер пандемияға қарсы күресте күш біріктіру үшін алғашқылардың бірі болып төтенше саммит өткізді, Түркістан қаласы Түркі әлемінің рухани астанасы атанды, сондай-ақ  Таулы Қарабақ мәселесі де Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарына сәйкес оң шешімін тапты. Енді Кеңестің төрағалығы Түркия Республикасына өтеді. 

– Анадолы елі бұл міндетті абыроймен атқарып, ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін. Тұтас түркі жұртын тарихи тамырластық пен ортақ мүдде біріктіреді.  Біз бір-бірімізге әрдайым тілектеспіз, сыйластығымыз да ерекше. Бүгінгі алқалы жиын – осының айқын дәлелі. Түркі кеңесінің ықпалы мен беделі жыл өткен сайын артып келеді. Біздің құрылымға халықаралық қауымдастық едәуір қызығушылық танытуда. Түркі әлемінің геосаяси әлеуетін тиімді пайдалану керек. Бұл  бәріміз үшін маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы жиынның қорытындысы бойынша Түркі кеңесінің үшінші тараппен ынтымақтастығы туралы ережелер қабылданбақ.  Қазақстан Президенті мұны уақтылы және заман талабына сай әзірленген құжат деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымның жаһандық деңгейде лайықты орнын алатынына сенім білдірді.

– Менің пікірім бойынша ұйымымыз, ең алдымен, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық ынтымақтастыққа баса мән бергені жөн. Әріптестерім бұл тұжырыммен келіседі деп ойлаймын.  Бірлігіміз әрдайым бекем болсын, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қазіргі күрделі жағдайда сын-қатерлерді еңсеріп, орнықты даму үшін күш-жігер біріктірудің, жаңа технологияларды игеру саласында ынтымақтастық орнатудың аса маңызды міндет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымға мүше мемлекеттер жұмыла отырып, бірлесіп әрекет етуге тиіс бірнеше маңызды бағытты атады.

– Біз жаңартылатын қуат көздерін дамыта береміз. Бұл міндет «Жасыл экономикаға» көшу туралы тұжырымдамада көрініс тапты. Жоспарланған шаралар 2060 жылға қарай көміртегіден арылуға жол ашады. Сондай-ақ, алдағы он жылда парникті газ шығаруды 15 пайызға азайтуға  мүмкіндік береді. Осының аясында біз 2025 жылға дейін 500 мың гектар жерге 2  миллиард түп ағаш отырғызуды жоспарлаудамыз. Бұған қоса қазір еліміздегі жаңартылатын қуаттың үлесін 3 пайызға жеткіздік. Оны 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін арттырамыз. Сол мақсатпен Нұр-Сұлтан қаласында  «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын» аштық, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сутегі энергетикасын дамытуды екінші маңызды мәселе ретінде атады. Президент әлемде оны «таза» отынның жаңа түрі деп санайтынын айта келіп, Қазақстанда жасыл сутегінің өнеркәсіптік кластерін құруға мол мүмкіндік бар екенін атап өтті. Оған еліміздің ғылыми әлеуеті де, білікті мамандары да жеткілікті.

– Осы орайда, елдеріміздің басты ғылыми мекемелерін жұмылдырып, Халықаралық консорциум құруды ұсынамын. Бұл құрылым сутегіні өндіретін, оны сақтап, тасымалдайтын жаңа технологияны дамыту үшін қажет. Мұнда ғалымдарымыз бас қосып, өзара тәжірибе алмасуына болады, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық жылыну үдерісі, су және азық-түлік қауіпсіздігі, трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану секілді аса маңызды мәселерді бірлесіп шешу қажеттігіне тоқталды. Бұл шекаралас жатқан елдер үшін ортақ проблема болғандықтан Қазақстанның бірлесіп гидроқұрылымдар салуға дайын екенін жеткізді.   

Мемлекет басшысы төртінші міндет ретінде жасыл технологияға қатысты ортақ жобаларды іске асыру үшін жасыл капитал нарығын дамытудың маңызды екеніне тоқталды.  

– 10 жылда дүние жүзіндегі жасыл облигациялардың көлемі 20 есе өсіп, 2 триллион долларға жетті. Қазақстан да тұрақты облигациялар нарығын дамытуды қолға алды. Биыл оның жалпы құны 100 миллион  доллардан асты. Бұл жұмыс «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Қазақстан қор биржасында жүргізіліп жатыр. Мен осы ұйымдардың мол тәжірибесін және тиімді құралдарын кеңінен пайдалануға шақырамын. Біз өңірлік жасыл капитал нарығын дамытуға мүдделіміз. Түркі елдерінің жасыл облигацияларын аталған құрылымдарда орналастыруға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті атаған маңызды міндеттердің тағы бірі – мемлекеттердегі қала халқы санының артуы. Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы бойынша 2050 жылға қарай жер бетіндегі қала халқының үлесі 68 пайызға жетеді екен. Яғни,  қалалық жерде көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру қажет.

– Жаһандық індет мұндай қызметті қашықтан жүргізуге болатынын көрсетті. Қазақстанда ақылды қала жүйесі енгізіліп, бірқатар жоба табысты жүзеге асырылуда. Соның арқасында жол-көлік оқиғалары мен апат салдарынан болатын өлім-жітім 60 пайызға азайды. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс саны 70 пайызға кеміді. Ал, салық түсімі бірнеше есе артты. Қазақстан Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаны қабылдады. Бұл жоба қалаларды басқару ісіне озық технология енгізуді көздейді. Ақылды қала жобалары аясында ІТ-компаниялардың ынтымақтастығын күшейте түсуіміз керек, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы инновациялар мен стартаптарды дамытуға қолайлы жағдай жасау қажет екенін атап өтті.

– Сіздерді Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құру мәселесін зерделеуге шақырамын. Сондай-ақ келесі жылы IT саласында еңбек етіп жүрген жастарымыздың  арнайы форумын өткізуді ұсынамын. Оны «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінде ұйымдастыруға болады. Қазір онда 560-тан астам компания жұмыс істеп жатыр. Оның 55-і шетелдік компания. Стартаптар соңғы 2,5 жылда 375 миллион доллардан астам пайда тапты. Сондай-ақ 132 миллион долларға жуық инвестиция әкелді. Жалпы, «Astana Hub» технопаркінде жеңілдетілген визалық режим бар. Ал, онда жұмыс істейтін компаниялар салықтан босатылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын барысында Қазақстан Президенті қазақ халқы үшін аса маңызды мәселеге тоқталды. Қиын-қыстау замандарда қазаққа құшағын жайған түрік халқына алғыс айтып, осы елдің мемлекет қайраткері Аднан Мендерестің рухына тағзым етті.

– Мен бүгін тағы бір өте маңызды тарихи оқиға туралы атап өткім келеді. Бұл өткен ғасырдың ортасында тағдыр тәлкегімен тау асып, тас басып, арып-ашып Анадолы жеріне келген мыңдаған қазақ отбасын өз бауырым деп құшақ жайып қарсы алған Аднан Мендерес жөнінде болып отыр. Ол өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары, он жыл бойы Түркия Республикасының Премьер-министрі болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақтардың осында орнығуына, кәсіп істеп, тамыр жаюына көп жағдай жасаған бірден-бір тұлға болғаны ақиқат. Осы маңызды жиын өтіп жатқан Демократия және бостандық аралының да Аднан Мендерестің тағдырына тікелей қатысы бар. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде қазақ халқының атынан Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, құшағы кең барша түрік халқына шынайы алғысымды айтамын, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қазақстан Президенті осы басқосудың маңызы айрықша екенін айта келіп, Ұйымға мүше елдер татулықтың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев осында қабылданған аса маңызды шешімдер мен тың бастамалар тұтас түркі әлемінің бауырластығын нығайта түсетініне сенім білдірді.

 

Саммит қорытындысы бойынша төмендегі құжаттарға қол қойылды:

1.    «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің» атауын «Түркі мемлекеттері ұйымы» атауына өзгерту туралы шешім;

2.    Түркі мемлекеттері ұйымының 8-ші Саммитінің декларациясы;

3.    Түрікменстанға Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы байқаушы мәртебесін беру туралы шешім;

4.    «Түркі әлемінің келешегі-2040» туралы шешім;

5.    «Түркі әлемінің бірлігіне қосқан үлесі үшін Алишер Навои атындағы халықаралық сыйлық» туралы шешім;

6.    Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Серіктес мәртебесін құру туралы шешім;

7.    Түркі мемлекеттері ұйымының Құрметті төрағасының құқықтары туралы ереже жөніндегі шешім;

8.    Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының өкілеттік мерзімін ұзарту және Бас хатшының орынбасарларын тағайындау;

9.    Түркі мемлекеттері ұйымы Түркі инвестициялық қорын құруды аяқтау туралы шешім;

10. Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Байқаушы мәртебесі туралы ереже жөніндегі шешім;

11. Әзербайжан Республикасының Президенті Жоғары мәртебелі Ильхам Әлиевті Түркі әлемінің Жоғарғы орденімен марапаттау жөніндегі шешім.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару

Заңдар

2021 жылғы 30 қараша

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022 – 2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Қазақстан мен Швейцария президенттері Берн тарихи музейінің Анри Мозер топтамасындағы XIX ғасырдың қолөнер туындыларын тамашалады

2021 жылғы 30 қараша

Қазақстан мен Швейцария президенттері Берн тарихи музейінің Анри Мозер топтамасындағы XIX ғасырдың қолөнер туындыларын тамашалады

Жарлық

2021 жылғы 24 қараша

Мемлекет басшысының Жарлығымен Амандық Ғаббасұлы Баталов Алматы облысының әкімі лауазымынан босатылды


Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің