National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Жұмыс сапарлары / Алматы қаласы

Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен құттықтады

2022 жылғы 21 наурыз

Алматы қаласына жұмыс сапарымен келген Президент «Астана» алаңында өтіп жатқан мерекелік шараға арнайы барды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, Наурыздың ежелден жақсылық пен жасампаздықты дәріптейтін мереке екенін атап өтті.

– Әз Наурыз – береке-бірліктің, шынайы жанашырлықтың және өзара қамқорлықтың мейрамы. Мен бүгін Ұлыс күнін өздеріңізбен бірге қарсы алу үшін Алматы қаласына арнайы келдім. Алматы – Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Халқымызға қайта оралған Ұлыс тойын мерекелеу осы қастерлі мекеннен басталған. Алматы – Қазақ елінің рухани, мәдени және іскерлік орталығы, – деді Мемлекет басшысы.

Президент зиялы қауымның және өнер, білім, ғылым, бизнес салалары өкілдерінің Алматы шаһарында шоғырланғанына тоқталып, қаңтар оқиғасы кезінде қала тұрғындарының зор қауіп-қатерге төтеп бергеніне ерекше мән берді.

– Сын сағатта тұрғындар нағыз отаншылдықтың үлгісін көрсетті. Біз ауызбіршіліктің арқасында мемлекетімізді сақтап қалдық. Мен шаһарды қалпына келтіру үшін құзырлы органдарға нақты тапсырмалар бердім. Алматыны өркендету және жергілікті жұрттың тұрмыс сапасын жақсарту менің айырықша назарымда. Қазір біздің алдымызда зор міндеттер мен ауқымды жұмыстар тұр. Оны жүзеге асыруға алматылықтар барынша атсалысады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанымызға тоқталып, өзінің халыққа Жолдауында айтылған көлемді реформалар елімізді түбегейлі жаңғыртуға бағытталғанын атап өтті.
Президент бүгінгі мерекелік күннің жаңа өзгерістерге бастауына, тұғыры мығым, бірлігі бекем еліміздің жасай беруіне тілектестік білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөзінен кейін жиналған жұртшылықпен бірге мерекелік концертті тамашалады.

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің