Қайырлы кеш, құрметті достар!
Jas Kenes Syilygy осымен екінші мәрте тапсырылып отыр. Премия белсенді, үздік 20 жас маманға беріледі. Бұл мамандар – өз саласында жас болса да еңбегімен көзге көріне бастаған қарапайым жігіттер мен қыздар.
Премияның мақсаты – жас мамандарды ынталандыру. Оның үстіне биыл Жұмысшы мамандықтар жылы. Бүгінгі іс-шара соның аясында өтіп жатыр.
Бұл іс-шараны да, премияны да белсенді жастар толық өз бастамасымен, өз қаржысымен ұйымдастырып келеді. Бұл – сол белсенді жастардың ниеті, бір жастардың екінші жастарға деген шынайы қамқорлығы.
Қадірлі достар!
Әдетте, аға буын жас ұрпақты сынап жатады. Айтылатын сындардың біразы әрине, орынды. Аға буын жас буынға әдеп, ынта, жауапкершілік тұрғысынан үнемі жоғары талап қойып жатады. Бұл дұрыс.
Дегенмен, қазіргі жастардың талпынысы бөлек. Өз басым қазіргі жастардың бойынан көптеген жақсы, игі қасиеттерді көремін. Қазіргі жастар белсенді, білімді, жігерлі, еркін, ұйымшыл. Сондықтан осы қасиеттерден айырылмай, әрі қарай елдің мүддесіне жұмсай беріңдер.
Қазір жастар ізденімпаз. Көп оқиды, көп сұрайды, көп ізденеді. Коучтардың курстары мен іскерлік әдебиеттерден мотивация іздейтіндер көп. Бірақ мен сол жастарға айтар едім: мотивацияны алыстан іздемеңдер, айналаңнан іздеңдер.
Біріншіден, қоғамда үлгі тұтатын ағаларымыз көп. Олардың өмір жолы да, кәсіби жұмысы да – тағылымды. Ортамызда адал еңбегімен абырой жинаған, құрметке бөленген Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Еңбек Ері Серік Ақшолақов отыр. Өз ісімен қоғам арасында танылған кәсіпкерлер мен басшылардың бір тобы бүгінгі біздің шараға келіп қатысып отыр. Бұл кісілер де – өз еңбектерімен кәсіби биікке жеткен азаматтар. Мотивацияны осындай өз азаматтарымыздан алу керек.
Екіншіден, атақты, абыройлы адамдар ғана емес, күн сайын өз ісін адал атқаратын қарапайым азаматтардан да үлгі алу керек. Ол қарапайым құрылысшы, мұнайшы, қарапайым дәрігер, мұғалім, құтқарушы болуы мүмкін.
Себебі ең басты құндылық – еңбек. Ал адал еңбекпен келген табыс қашанда берекелі болады.
Біз сан жағынан көп халық емеспіз. Бірақ екі есе еңбекқор, ізденімпаз, екі есе белсенді, жігерлі болсақ, алар асуымыз да биік болады. Мемлекет басшысы айтып жүрген саналы да сапалы ұлтқа айналамыз.
Сондықтан тек атақпен емес, адал еңбекпен алға ұмтылу керек.
Әр ісімізді, әр сөзімізді, әр әрекетімізді ел үшін не жасадық, не тындырдық, нені құрдық деген сұрақтармен өлшеуіміз керек.
Жолдарыңыз ашық, жүздеріңіз жарқын болсын, достар!
Баршаңызға сәттілік тілеймін!