Мақсат – халыққа коммуналдық қызметтерді сенімді әрі сапалы көрсетуді және ел экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасындағы энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды (желілер мен объектілерді) жаңғырту. Міндеттері: энергетикалық және коммуналдық секторлардың инфрақұрылымын (желілер мен объектілерді) жаңғырту және салу; цифрландырудың кешенді бағдарламасын әзірлеу және іске асыру; орнықты және қолжетімді қаржыландыру тетігін құру; ОТӨ өнімдерін барынша пайдалануды қамтамасыз ету; тарифтік жүктеменің халық шығыстарына әсерін төмендету. Іске асыру мерзімі: 2025 – 2029 жылдар. Жоба энергетика және коммуналдық шаруашылық саласындағы 200-ден астам кәсіпорынды қамтиды. Нәтижесінде инфрақұрылымның тозу деңгейін 40 %-ға дейін төмендету, ал авариялар санын 20 %-ға қысқарту жоспарлануда. Жобаны іске асыру барысында отандық өндірушілерді қолдау, есепке алу аспаптарын қолдану, сондай-ақ қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің үлесін бақылау көзделген. Жалпы күтілетін нәтиже – энергиямен жабдықтау мен коммуналдық қызметтердің сенімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ қаражаттың жұмсалуына ашық бақылауды қамтамасыз ету.