National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Владимир Мединскиймен кездесті

Кездесудің басында Г.Әбдіқалықова Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша Ресейдің мәдениет министрі В.Р.Мединскийге халықтар арасындағы татулықты, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.

Гүлшара Әбдіқалықова біздің халықтарымыз сан ғасырлар бойы арқауы үзілмеген тарихи бауырластықты, достық пен тату көршілікті бекем ұстанып келе жатқанын атап өтті.

Мемлекеттік хатшы Ресейдің мәдениет министріне Кейкі батырдың сүйегін тарихи Отанына қайтару ісіне байланысты тығыз ынтымақтастық үшін алғыс білдірді.

Г.Әбдіқалықова Ресей тарапының шақыруы бойынша қазақстандықтардың түрлі іс-шараларға белсене қатысып жүргенін айтты. Мәселен, былтыр «Астана Балет» театры «Звезды белых ночей» халықаралық фестивалінде тамаша өнер көрсетті, ал «Астана Опера» театры Санкт-Петербургте Морис Жаррдың «Собор Парижской Богоматери» балетін қойды.

Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа ерекше назар аударды. Қалыптасқан тарихи байланыстар негізінде ортақ мәдени кеңістікті нығайтуға септігін тигізетін бұл маңызды құжат халықтарымыздың рухани және мәдени жақындығын сақтауға ықпал етеді.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік хатшы екі елдің Мәдениет министрліктері арасындағы 2019 жылды Ресей мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстар жылы деп жариялау мүмкіндігі қарастырылып отырған Мәдениет саласындағы 2017 жылға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қоюдың маңыздылығын атап көрсетті.

Г.Әбдіқалықова биыл Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтетінін айтты. Оның аясында Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бүкіл қазақстандық мәдениеттің кең ауқымды таныстырылымы болмақ.

Сондай-ақ, Эрмитаж музейінің, А.С.Пушкиннің мемлекеттік музейі коллекцияларының көрмесі, Мария және өзге де опера және балет театрлары қойылымдарын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Г.Әбдіқалықова «ЭКСПО-2017» көрмесіне Ресейдің белсене атсалысатынына сенім білдірді.

Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова Ресей Федерациясының мәдениет министрі В.Мединскийге зор денсаулық пен бақ-береке, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту жолындағы еңбегіне табыс тіледі.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару