National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Тәуелсіздік күніне орай Президенттің атына құттықтау хаттары келіп түсуде

2021 жылғы 21 желтоқсан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шет мемлекеттердің  басшыларынан және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары мен жеделхаттар әлі де келіп жатыр.

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған жеке өзінің және түрік халқының атынан шынайы құттықтауын жолдады.

«Тарихи, мәдени және бауырластық байланыстарымыз ортақ Қазақстанмен арадағы стратегиялық серіктестігіміздің екіжақты, аймақтық және халықаралық деңгейде тереңдеп, нығайып келе жатқанына қуаныштымын», – делінген жеделхатта.

Украина Президенті Владимир Зеленский құттықтау хатында Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында өз позициясын нығайтып, халықаралық аренада лайықты орын алғанын жазған.

«Елдеріміздің көпқырлы және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытып, мемлекеттік егемендік пен аумақтық тұтастықты өзара қолдайтынына, Қазақстан Украинаның Орталық Азиядағы сенімді серіктесі болып қала беретініне сенімдімін», – делінген Украина басшысының жеделхатында. 

Швейцария Президенті Ги Пармелан өзінің құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаевпен Женевада жуырда өткен екіжақты келіссөздерді жоғары бағалаған.

«Біздің кездесуіміз бен қол қойылған келісімдердің екіжақты ынтымақтастығымызға айтарлықтай пайдасы тиетініне сенімдімін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қарым-қатынастарымызды одан әрі дамытуға Швейцарияның бейілді  екенін нақтылаймын», – делінген жеделхатта.

Италия Президенті Серджо Маттарелла Нұр-Сұлтан мен Римді саяси, экономикалық, мәдени байланыстар біріктіретінін және бұл қатынастардың болашаққа бірге қадам басуға, екіжақты өзара іс-қимылды дамытуға жол ашатынын атап өткен.

«Елдеріміз арасындағы, соның ішінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы диалог аясында қарқынды ынтымақтастығымыз Орталық Азиядағы тұрақтылық пен орнықты дамуға септігін тигізе беретініне сенімдімін», – делінген Италия Президентінің құттықтауында.

Мажарстан Президенті Янош Адер Қазақстанның отыз жыл ішінде көптеген сала бойынша айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін және бүгінде Орталық Азия аймағында маңызды рөл атқарып отырғанын атап өткен.

«Мажарстан екі ел арасындағы достық қатынастарды нығайтуға бейілді. Стратегиялық серіктестігіміз бұған негіз болады. Сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ынтымақтастығымыз өзара тығыз байланыстарымызды одан әрі нығайтуға жол ашады», –  делінген Янош Адердің жеделхатында.

Алжир Президенті Әбделмаджид Теббун өзінің құттықтау хатында елімізде дипломатиялық өкілдік ашу және Қазақстан астанасында алғашқы Алжир елшісін тағайындау жөнінде бастама көтерген.

Канаданың Генерал губернаторы Мэри Саймон Қасым-Жомарт Тоқаевты және Қазақстан халқын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсартуға, мемлекеттік басқару ісі мен заң үстемдігін нығайтуға бағытталған Президенттің ауқымды реформаларын жоғары бағалаған.

Сонымен қатар игі тілекке толы құттықтау жеделхаттарын Рим Папасы Франциск, Ұлыбритания Патшайымы ІІ Елизавета, Жапония Императоры Нарухито, Бельгия Королі Филипп, Нидерланд Королі Виллем-Александр, Швеция Королі Карл XVI Густав, Сербия Президенті Александр Вучич, Грекия Президенті Катерина Сакелларопулу, Литва Президенті Гитанас Науседа, Болгария Президенті Румен Радев, Хорватия Президенті Зоран Миланович, Солтүстік Македония Президенті Стево Пендаровски, Эфиопия Президенті Сахле-Ворк Зевде, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев, ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азуле және басқалар жолдаған.

Құттықтау жеделхаттары әлі де келіп жатыр.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару

Заңдар

2022 жылғы 17 қыркүйек

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Мемлекет басшысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдады

2022 жылғы 23 қыркүйек

Мемлекет басшысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдады

Жарлық

2022 жылғы 22 қыркүйек

Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы


Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің