Бөлімдер санаты

Жолдаулар

Жолдаулар
16 сәуір 2002
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2002 жылғы 16 сәуір.

Ауылға айрықша назар аударылады Iшкi және сыртқы саясаттың 2003 жылғы негiзгi бағыттары туралы Президенттiң Қазақстан халқына Жолдауы

Құрметтi депутаттар! Қадiрлi отандастар!

Жуырда ғана баршамыздың бас қосып, мемлекетiмiздiң он жыл iшiндегi дамуының қорытындысын шығарғанымыз естерiңiзде. Бұл ретте жетiстiгiмiздiң жемiстерiн ғана терiп қойғанымыз жоқ, ең бастысы келер ұрпақ үшiн ел тәуелсiздiгiн қалыптастырудың алғашқы кезеңi жайында ғажайып мол тарихи мұра жиғанымызға көз жеткiздiк. Сонымен қатар бiз өзiмiздiң үлкен жолдан өтiп, толыса түскенiмiздi, ХХI ғасырға қаймықпай қадам баса алатындай биiкке көтерiлгенiмiздi пайымдадық. Осы жылдар iшiнде тындырған iсiмiздiң басты түйiнi Қазақстанның дербес мемлекет болып қалыптасуында жатыр. Әлбетте бiз масайраудың да, масаттанудың да ретсiз екенiн жақсы түсiнемiз, мұның өзi мереке үстiндегi баяндамада да қадап айтылды. Бiздiң әлi де есею мен кемелдену кезеңiнен өтуiмiз керек, Қазақстандағы азаматтық қоғамның босағасын бекiте беруiмiз керек. Бiздiң “Қазақстан – 2030” Стратегиясына негiзделген онжылдық жоспарымыз да осыған бағытталып отыр. * * * Тегiнде елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық әлеуетiн еселеу жөнiндегi жұмысты бұрынғысынша серпiндi жүргiзу үшiн орта мерзiмдiк жоспарлар мен орта мерзiмдi кезеңге және 2003 жылға арналған басымдықтарды барынша нақты айқындап алудың маңызы айрықша зор. Менiң жуырда Үкiметтiң үш жылға арналған iс-қимыл Бағдарламасын бекiткенiм өздерiңiзге мәлiм. Онда экономиканың нақтылы секторының құрылымын жақсарту, көлiк инфрақұрылымын дамыту, халықтың тұрмыс деңгейiн көтеру, ел экономикасын аймақтық ортақ рыноктарға кiрiктiрудi жеделдете түсу мiндеттерiне айрықша ден қойылып отыр. Сондықтан да менiң осы Жолдауда алдағы басымдықтардың байыбын баса көрсеткiм келедi, ал мұның өзi Үкiметке өзiнiң ертеңгi қам-қарекетiн бюджеттiң нақты бағдарламасының ауқымында iске асыруға мүмкiндiк берер едi. Оның ерекшелiгi мынада: бiрiншiден, мен әр жылды белгiлi-бiр салаға немесе қызметтiң бағытына арнау тәжiрибесiнен бас тартып, басымдықтарды үш жылдық мерзiмге белгiлеуге көшудi ұсынар едiм. Екiншiден, Президенттiң Қазақстан халқына Жолдауы тұңғыш рет бюджет атқарылғаннан кейiн емес, бюджеттi қалыптастыру барысында жария етiлiп отыр.

* * *


Алдағы кезеңдi, яғни 2003 – 2005 жылдарды ауылды (селоны) түлетуге арнау үшiн көптеген себептер бар. Менiң Жолдауым да, мiне, нақ осы мәселеге арналып отыр. Кеңестiк экономиканың кембағалдығынан зардап шеккен де нақ сол ауыл шаруашылығы, ең алдымен дәл сол ауыл еңбеккерлерi, нарыққа көшу кезеңiнде оның залалын жон терiсiмен сезiнген де солар. Ауыл дегенiмiз – сайып келгенде, халықтың тұрмыс салты, мәдениетiмiздiң, дәстүрiмiздiң, әдет-ғұрпымыз бен рухани тiршiлiгiмiздiң қайнары. Осынау саяси-моральдық және әлеуметтiк факторлардың өзi-ақ бiзден ауылға барынша байсалды қарауымызды талап етедi. Кез келген революциялық сiлкiнiстер кезiнде ауырсындыратын өзгерiстер ауыртпалығының ауылға түсетiнi мәлiм, әрi мұны тарих та дәлелдеп отыр. Мұны Қазақстан да бастан кештi. Бiз кез келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын естен шығармауға тиiспiз. Бәрiнен бұрын тұрақтылық пен байсалды эволюциялық дамуға нақ осы жұрттың ықыласты екенi де аян. Тәуелсiздiк пен қуатты мемлекет мұраттарын айрықша қастерлеп, терең сезiнетiн де осы жұрт, өйткенi оның қаны мен жанында бабаларымыздың арманы мен үмiтi қаттаулы қалпында жатыр. Сонымен қатар, таза экономикалық себептер де бар. Экономикамыздың iшкi құрылымын, таяу және шеткерi жатқан рыноктарды мұқият саралау Қазақстанның агроөнеркәсiптiк мамандануын тереңдету хақында зерделеп ойлануға жетелейдi. Мұның өзi таңданарлық жәйт, бiрақ шындық: бiзге таяу және шалғай жатқан рыноктардың бәрi де астық пен етке зәру. Алайда Қазақстанның азық-түлiгi солардан £зiне орын таба алмай тұр, өйткенi сапасы төмен әрi шығасысы жоғары, сондай-ақ оған көрсетiлiп отырған мемлекеттiк және дипломатиялық қолдау да әлсiз. Ол – ол ма, iшкi рыногымыз өзiнiң бiрқатар тұғырлары турасында сырттан азық-түлiк тасып әкелудiң үдей түсуiнен ұтылысқа ұшырай бастады. Елiмiзде қуатты ауыл шаруашылығы секторы болуының айрықша маңызы бар, мұның өзi оған iлесе жүретiн салаларды: минерал тыңайтқыштар, ауылшаруашылық машиналарын жасау, жеңiл және тамақ өнеркәсiбiн, оның ар жағында технологиялық желi бойынша басқа да салаларды мықтап көтеруге мүмкiндiк берер едi. Демек, мұның ел экономикасы үшiн беретiн сан алуан тиiмдiлiгi орасан зор. Бiздiң ауылға деген ерекше көзқарасымыздың демографиялық, көшi-қон және әлеуметтiк астарлары жөнiнде айтпау да мүмкiн емес. Ауылдық жерлерге адамдарды қоныстандыру Қазақстанда тарихи тұрғыда, әсiресе, әмiршiл экономика кезеңiнде нарық экономикасы жағынан да, сондай-ақ әлеуметтiк және экологиялық пайым жағынан да барынша сәтсiз жүргiзiлгенiн айтқан жөн. Соның салдарынан көптеген ауылдық аудандарда тоқыраушылық экономика тамыр тартты. Жерiнiң сапасы жағынан, сондай-ақ табиғи және әлеуметтiк өлшемдерi жағынан алғанда да миллионға жуық адам өзiндiк жетiмдiлiктiң ең төменгi қалыптары жағдайында өмiр сүрiп жатқанын еш бүкпесiз тiлге тиек етуге болады. Бiздiң мынадай бiр ерекшелiктi барынша байыпты екшеуiмiз керек. Қазақстанда ауыл жұрты 43 проценттi құрайды. Ауыл жұртының көптiгiнен аудандардың көпшiлiгiнде жұмыссыздық дендедi, ал мұның өзi ауылдағы еңбек рыноктарын әлсiретедi, сөйтiп оны елдегi ең төмен деңгейге дейiн арзандатады. Соның салдарынан ауыл жұрты аудан орталықтары мен қалаларға жаппай көше бастады. Айталық, 2000 - 2001 жылдары келешегi күмәндi, сол себептi адамдар тастап кеткен 186 мекен тарады, биыл тағы да сондай 93 мекен таратылатын сыңайлы. Бұл құбылысқа өзiмiз де, өзге жұрт та қаншама тосырқай қарағанмен, оны объективтi процесс ретiнде пайымдағанымыз дұрыс. Мәселе мұның атқарушы билiктiң ырқынан тыс, стихиялық сипатта жүруiнде ғана болып отыр. Он жыл iшiнде бiз экономикадағы тұғыры тұрлаулы мемлекет ретiнде аяғымызға нық тұрдық. Ендеше жеткен биiгiмiз бен жинақтаған тәжiрибемiзге сүйенiп, ауылдаңы ағайынымызға өмiрдiң жаңа сапасына жетуiне қол үшiн беретiн уақыт туды. Менiң нақты ұсыныстарым қандай? Бiрiншi. Бiздiң бәрiмiз алдымен ауылға (селоға) қолдау көрсету дегенiмiз кез келгендi және көрiнгендi оңды-солды мемлекеттiк қаржыландыруға келiп тiрелiп тұрмағанын мықтап ұғынып алуымыз керек. Бiз бәз баяғыдай масылдық және мемлекеттiк б¡йек болушылық тәжiрибесiн қайта түлете алмаймыз және олай iстемеймiз. Алдағы уақытта да адамның өзi үшiн және өзiнiң отбасы үшiн ырзығын теруiне қажеттi жағдай туғызу бағытын нысаналы жүргiзу керек, жұмыс iстей бiлетiн, өзiнiң еңбексүйгiштiгiн көрсеткен адамдарға қолдау көрсету керек. Мемлекеттiң халықтың және оның болашағының алдындағы жауапкершiлiгi де, мiне, осында жатыр. Мемлекеттiң бүкiл қаржы-экономикалық, соның iшiнде әлеуметтiк және ауыл шаруашылығы саясаты саралау арқылы адамның тiршiлiгi мен нарықтық қатынастардың iске қосылуы тұрғысынан келешегi бар аумақтарға бағытталуы керек. Екiншi. Мен Үкiметке ауылдық аумақтардың тұрғындарын келешегi болатындай етiп қоныстандыру үлгiсiн жасауды тапсырамын. Тұралауға ұшыраған бiрсыпыра шағын қалалардың тағдырын да жалтақтамай шешу қажет. Елiмiзге iшкi көшi-қонды келешегi бұлдыр өңiрлерден дамып келе жатқан аудан орталықтары мен шағын қалаларға қарай ойыстыруды көтермелейтiн мемлекеттiк саясат қажет. Әлбетте, бұл саясат көшi-қон легiн жоспарлау мен басқару, қоныс аударушыларды жермен және тұрғын үймен қамтамасыз ету, мамандықтарға бейiмдеу мәселелерiн ескеруi шарт. Барлық адамдардың экологиялық таза ортада өмiр сүруге, жақсы әлеуметтiк қызмет көруге ұмтылатыны белгiлi. Бұл ниеттi қолдау керек. Шұрайлы жерi, iргесiнде өнiм өткiзу рыноктары, қолайлы көлiк желiлерi бар өңiрлерде ауылдың қалыпты тiршiлiк етуге жағдайы толық екенi айдан анық. Ауыл шаруашылығы министрлiгiне аумақтық iстер жөнiнде қосымша уәзипалар беру мәселесiнiң де пiсуi жеттi. Үшiншi. Мен Үкiметтiң алдына барынша қысқа мерзiмнiң iшiнде Қазақстан агроөнеркәсiп кешенiн дамытудың үшжылдық президенттiк бағдарламасын әзiрлеу мiндетiн қоямын. Сонда бұл бағдарламаны қандай көздерден және қандай шарттармен қаншалықты шамада қаржыландыруға болатыны анықталады. Бiздiң елiмiз әлемдiк және өңiрлiк дәстүрлi азық-түлiк өнiмдерiн берушi болып келдi және болып қалуға, ал агроөнеркәсiп кешенiнiң өзi елiмiздiң экономикалық өрлеуiнiң, сауда және төлем балансын жақсартудың қосымша қайнары болуға тиiс. Бiз осыған жету үшiн барлық күш-жiгерiмiздi жұмылдыруымыз керек. Ауылды өркендетудi¦ басты факторы агроөнеркәсiп кешенiн тұрлаулы әрi серпiндi дамыту және оның экономикасын осы заманғы нарық қағидаттары негiзiнде шапшаң iлгерiлету болып қала бередi. Бұл мәселенiң мынадай тұтқалы тұстарын атар едiм. Задында экономикалық және, ең әуелi, жер мен су қатынастары реформаларын байыбына жеткiзу шарт. Жуырда қабылданған Жер туралы заңның елiмiздi өркениеттi нарыққа қарай iлгерiлете алмағанын мойындауымыз керек. Ендеше бiрлесе жүрiп жiберген қателiгiмiздi тез арада бiрлесiп түзейiк, осы заңды сындарлы қалыпқа келтiрейiк. Бұл заңның түпкi мәнi өмiршең маңызы бар: “Ауыл шаруашылығы жерiне жеке меншiк керек пе?” дейтiн сауалға қайтаратын жауабы болуға тиiс. Осы сұрақтың жауабын iздегенде бiз, әдетте, жердi сату – “Отанды сату” дейтiн тоғышарлық тұжырымға ойыса беремiз, ал жерге деген меншiктiң шаруаның ендiгi жерде өз жерiн ешкiмнiң алып қоймайтынына деген сенiмi мен үмiтi екенiн ескере бермеймiз. Керек десеңiз, жерге деген меншiк — оны абаттандыруға, өз балаларына шұрайлы қалпында мирас етуге деген ынта-ықылас. Иесiз жер жетiм. Экологиялық апатқа алдымен ұшырайтын да сол иесiз жер. Қазақстан жағдайында жердi нарық айналысына қосу дегенiмiз — пайдаланылмай жатқан орасан зор ресурстарды экономикаға қосу деген сөз. Парламенттiң дәл осы құрамының “Жерге жеке меншiк туралы” заңды қабылдау арқылы өзiнiң осынау тарихи парызын орындайтынына сенемiн. Үкiметке басқа елдердiң тәжiрибесiн зерделеп, “қолдаймын” мен “қарсымынды” қатар таразыға тарта келiп, осы заңның жобасын әзiрлеп, Парламентке енгiзудi тапсырамын. Сайып келгенде, су қатынастарында да тәртiп орнататын кез жеттi, мұнда да ұйымдық-құқықтық былық жетiп жатыр. Гидромелиорациялық құрылғыларды жаңалаудың әбден толғағы жеткен түйiндерiн де дәйектi түрде шешу керек. Егiншiлiк пен мал шаруашылығында экспортқа және iшкi iрi мемлекеттiк сатып алымдарға бағдарланған орта және iрi тауарлы өндiрiстер ұйымдастыруға кiрiсу керек, бұған экономикалық шараларды кiрiктiру қажет. Ауыл шаруашылығында еңбек өнiмдiлiгiнiң жедел өсiмiн және өзiндiк құнның төмендеуiн қамтамасыз ету үшiн қайтарымды, бiрақ жеңiлдiктi негiзде мемлекеттiк жәрдем көрсеткен тиiмдi. Экономикалық тәсiлдер арқылы шаруаларды осы заманғы агротехнологияларды енгiзуге, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн ұқсату салаларын дамытуға бағдарлаудың, сөйтiп қазақстандық өнiм өндiрушiге, жоқ дегенде, көршi елдерге тең келетiндей экономикалық жағдайлар туғызудың маңызы зор. Өнiм сапасына мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды күшейтiп, едәуiр жақсарта түсетiн уақыт туды. Үкiмет малдәрiгерлiк және санитарлық қадағалау, мал мен өсiмдiк дерттерiне қарсы күрес жүйесiн тәртiпке келтiруге, стандарттар мен технологиялық нормаларға қатысты жұмысты күшейтуге, сөйтiп оларды жедел әрi дәйектi түрде әлемдiк шарттарға жақындата түсуге тиiс. Ауылды ғылыми және ақпараттық қамтуды қалпына келтiру керек. Ауылшарминiнiң жүйесiнде ауылшаруашылық институттары жұмыс iстеуге тиiс, ал Статистика жөнiндегi агенттiктiң бастапқы ақпарат мәселесiмен мықтап шұғылдануы керек. Барлық деңгейдегi әкiмдерге келсек, олар ақпараттық маркетинг жүйесiн өрiстетуге жәрдемдесуге тиiс, әзiрге мұндай жүйе 36 ауданда ғана жұмыс iстеп тұр. Үкiметтiң сыртқы өткерiм рыноктарын кеңейту жөнiнде тиiмдi шаралар қолдануы шарт. Сыртқы рыноктарға шығатын көлiк жолдарын ұйымдастыру жөнiндегi жұмыс та көңiл көншiтерлiк емес, сондай-ақ сауда жолдарының бойындағы басы артық тарифтiк және тарифтiк емес жүктемелер де қиындық туғызып тұр. Ауылға несие және қаржы қызметiн көрсететiн түрлi шағын несиелеу және өзара несиелеу институттары түрiндегi неғұрлым көп тарамды қаржы желiсi де қат. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiн сақтандырумен де ден қоя шұғылдану қажет. Үкiметтiң сыртқы займдардың, әсiресе, халықаралық банктер желiсi бойынша түскендерiнiң едәуiр бөлiгiн жеңiлдiктi және үйлесiмдi негiзде ауыл шаруашылығына бағыттау жөнiндегi бүгiнгi iс-тәжiрибесiнен жазбағаны жөн. Лизинг орталықтарының, несие серiктестiктерiнiң мүмкiндiктерiн күшейте беру мiндетi де алда тұр. Төртiншi. Мен Үкiметке әлеуметтiк салаға ерекше назар аударуды тапсырдым. Мұнда ауылға қатысты жаңа саясат маңызды орын алуға тиiс. Бұл – келешегi кемел өңiрлердi өркендету саясаты, әлбетте мұның қаржымен жете қамтуды қажетсiнетiнi белгiлi. Ең алдымен, бiздiң шаруаға кедергi келтiрмеуiмiз керек, оған өз шаруашылығын көтеруге еркiндiк берiп, несие алуына, консалтинг жөнiнде, өнiмiн сатуына жәрдемдесуiмiз керек. Осы үш жылдың бюджетi ауыл үшiн басымдықты сипатта болуға тиiс. Әлеуметтiк салаға жұмсалатын қаражатта алдымен ауыл тұруға: бәрiнен бұрын, ауылға арналған жолдар мен сутартқыштар тұруға; бәрiнен бұрын, ауыл мұқтажын өтейтiн ауруханалар тұруға; бәрiнен бұрын ауылға арналған мектептер тұруға тиiс. Мен Үкiмет пен әкiмдерге 2003–2005 жылдардың iшiнде жыл сайын ауылда бiлiм берудi, денсаулық сақтауды қаржыландыру әрi ауыз суға арналған әрi облысаралық және ауданаралық ауылдық автомобиль жолдарын салу мен жаңалауға арналған қаражат көлемiн 10 млрд. теңгеге ұлғайтуды тапсырамын. Алайда, бұл қаражат ақылмен жұмсалуға тиiс, айталық, жадап-жүдеп, жұрты азайып кеткен жерлерде жаңадан мектептер салудың қажетi бар ма? Мұндай жағдайларда келешегi бар аудандарда мектеп-интернаттар салып, балаларды сонда ауыстырған жөн болмақ. Мұның осы заманғы ауруханаларға да қатысы бар. Сонымен қатар, жалпы алғанда 2003 жылдан бастап, жыл сайын ауыл шаруашылығын дамытуға қосымша 8-10 млрд. теңге қарастырып отырған дұрыс. Мен бiлiм беру жүйесiндегi iстiң жағдайын түбегейлi өзгертудi стратегиялық мiндет санаймын. Елiмiз үшiн мұғалiм мәртебесiн арттыру, ең алдымен, ауылды жерде арттыру ең бiр өзектi мәселе. Бiрiншi кезекте мұғалiм еңбегiне ақы төлеу мәселесiн шешу шарт. Биылдың өзiнде мұғалiмдердiң жалақысын бұрын жоспарланғандай 25 пайызға емес, 30 пайыздан астамға ұлғайту мүмкiндiгi бар деп санаймын. Үкiметке және әкiмдерге бұл үшiн қажеттi қаржы көздерiн табуды тапсырамын. Бесiншi. Көшi-қон стратегиясы, әсiресе ауыл мен әлеуметтiк салаға ерекше мән беру, тегiнде, белгiлi бiр деңгейде, сiрә, бюджеттi орталықсыздандыруды талап етуi мүмкiн. Дегенмен бұл тұста Үкiметтiң де, Парламенттiң де ауыл тұрғындарын қоныстандырудың ұтымды үлгiсiн жасау үшiн, мұның өзi ауылдық аудандар мен округтер ауқымында белгiлi бiр әкiмшiлiк-аумақтық қайта құруларға әкелiп соқпай қоймайтынын ескерiп, салмақтылық пен салиқалылық көрсетулерi керек. Ендi ең соңғы айтпағым. Алдағы уақытта меншiктi, дәлiрек айтқанда, қалаларға ауылдан көшкендер мен ұсақ кәсiпкерлердiң жерi мен жылжымайтын мүлкiн жария ету жөнiнде тұтас шаралар кешенiн қолдану қажет. Адамдардың осынау тобының меншiгi жасырын және жартылай жасырын болып келетiнiне, әрi тиiсiнше ресiмделмеуiне байланысты, оны капиталға айналдыру, сату немесе кепiлге беру мүмкiн емес. Сөйтiп, олар ашық есеп жүйесiнен де, жаңа экономикалық қатынастар аясынан да тыс қалады. Бұл орасан зор әлеует. Әлемдiк сарапшылардың пайымынша, көптеген кедей елдер қазiрдiң өзiнде iлгерi серпiлiс жасауға мүмкiндiк беретiндей активтер мен ресурстарға ие болып отыр. Бiз экономикалық дамудың аралық өңiрiнде тұрмыз. Экономист сарапшылардың есебi бойынша шағын және орта бизнестi қоса алғанда, экономикалық өсiмнiң 25-тен 35%-ға пайызға дейiнгi активтерi мен ресурстары астыртын айналыста жүр. Ендеше оларды нарық айналысына қосу бүкiл елiмiздiң экономикасы үшiн орасан зор тиiмдiлiк бередi. Мiне, осыған сүйенiп, шағын және орта бизнестi жан-жақты нығайта беру қажет, сол үшiн кезең-кезеңiмен: – салық ауыртпалығын азайту; – меншiк пен активтердi жария ету; – несие ресурстарына жол ашуды жеңiлдету; – әкiмшiлiк ресiмдер мен рұқсат берудi оңайлату; – бюрократиялық бейбастақтық пен бақылау-тексеру органдарынан қорғау; – шағын және орта бизнестi қолдайтын аймақтық орталықтар құру, маркетингтiк зерттеулер жүргiзуге, бiлiктiлiктi арттыруға, орталықтандырылған бухгалтерия құруға көмектесу сияқты өзектi мiндеттердi шешу қажет. Үкiметке осы мәселелер бойынша арнайы комиссия құруды тапсырамын. Ауылды өркендету жөнiнде алға қойылған мiндеттердi орындау парызы Үкiмет пен әкiмдердiң бiрлесiп, зор жауапкершiлiкпен жұмыс iстеуiн талап етедi. Мұның өзi атқарушы билiктi бүкiл жүйесi үшiн салмақты сын болуға тиiс. Осы Жолдауда мен ауылдағы бiздiң жаңа саясатымыздың бiр ғана, алайда аса маңызды мәселесiне әдейi ерекше назар аудардым. Демек, Үкiмет пен Бюджет комиссиясы келесi жылға тиесiлi басымдықтарды тиiсiнше нақпа-нақ анықтауы керек. Сонымен қатар мемлекеттiк құрылыс пен қоғамды демократияландырудың негiзгi бағыттарына байланысты бiрқатар мәселелерге тоқталғым келер едi. Орта мерзiмдi келешекке арналған тиiстi шаралардың кешенi мақұлданды. Ол негiзгi Заңымыздың бұлжымайтынына және конституциялық құрылысымыздың мызғымайтынына негiзделедi. Көптеген сарапшылардың, соның iшiнде халықаралық сарапшылардың пiкiрiне сайсақ, Қазақстанның 1995 жылы қабылданған Конституциясы өзiнiң мәнi жөнiнен елiмiздiң даму қажеттiлiктерiне сәйкес келетiн демократиялық конституция болып табылады. Осы Негiзгi Заңымыздың әлеуетi көп ретте әлi де толық жүзеге асырылған жоқ. Мен бұл көзқарасты қолдаймын. Бiздiң халқымызға ең басты керегi – бiрлiк, ұлтаралық татулық пен саяси тұрақтылық. Мен мұны жақсы бiлемiн. Демократия – мен сiздерге ұсынған, ал сiздер қабылдаған әрi өз парасатымызбен қалап алған дамуымыздың даңғыл жолы. Бiздiң баршамыз осы үдерiмдi одан әрi орнықтыра беру үшiн халқымыздың даналығына сүйенiп, тарихи, экономикалық, саяси, этноәлеуметтiк факторлар мен қоғамдық пiкiрдi ескере отырып, жұмыс iстеуге тиiспiз. Бiз негiзiне сан ұлттар адамдарының өзара көмегi, ықыласы, ынтымағы, өзара құрмет сезiмi қаланған төл мәдениетiмiздiң құндылықтарын сақтай отырып, байыппен бiртiндеп алға жылжи беремiз. Бөтен ұсыныстар бiзге залалын тигiзуi мүмкiн. Бiз азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау iсiнде мемлекетiмiз бен қоғамымыздың күш-жiгерiн еселей беретiн, нақты iс-қимылымызбен орталықтағы, сондай-ақ жер-жерлердегi бюрократиялық жолсыздықтарға қарсы күресетiн боламыз. Бiзде партиялық саяси құрылысты, ең алдымен оның заңнамалық негiздерiн жетiлдiруге бағытталған резервтер аз емес. Партиялардың қызметiнде саяси экстремизге жол бермейтiн құқылық нормалар енгiзу; этностық немесе дiни қауымдастық қағидаттары негiздерiндегi партиялық құрылысқа ырық бермеу; олардың қызметiнiң қаржылық ашықтығын қамтамасыз ету сияқты мәселелер баяғыда пiсiп-жетiлдi. Бұл ретте мен депутаттар тобының партиялық заңнаманы өзгерту жөнiндегi бастамашылығын қолдаймын. Сондай-ақ үкiметтiк емес ұйымдардың мәртебесi мен құқықтары туралы заңның әзiрленуiне Үкiметтiң өзi ұйытқы болуға тиiс. Бiз мемлекеттiк құрылысты жетiлдiру, жергiлiктi мемлекеттiк басқару мен өзiн өзi басқаруды дамыту, сот пен сайлау жүйесiн жақсарту жөнiндегi жұмысты алдағы уақытта да табанды әрi жiгерлi жүргiзетiн боламыз. Менiң тапсыруым бойынша Үкiмет Мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасындағы өкiлеттiктердi ажырату және бюджетаралық қатынастарды жетiлдiру тұжырымдамасын әзiрлеп жатыр. Осы жұмыстың қорытын

дысы бойынша мемлекеттiк уәзипалардың, басқару деңгейлерi бойынша оларды ажыратудың оңтайлы тiзбесiнiң жобасы әзiрленедi. Бұл құжат 2004 жылды¦ басында-ақ мемлекеттiк әкiмшiлiк жүргiзудiң жаңа қағидаттарына және бюджетаралық қатынастардың тиiстi үлгiсiне көшудiң iргелiк шарттарын жасауға негiз болады. Мұнда өкiлеттiктер мен жауапкершiлiктiң бiр бөлегiн орталықтан өңiрлерге беру мәселелерiн шешу қажет. Сонда билiктiң өзiнiң құрылымы да айқындалып, әрi басшыны қай жерде сайлау, қай жерде тағайындау керек екенi анық болып шығады. Тұжырымдама мiндеттерiнiң бiрi – ауылдық басқару де¦гейiнде мемлекеттiк билiктiң нағыз өтiмдi институттарын қалыптастыру. Ауылдық жерлерде билiктiң белгiлi бiр босаңдығы бiлiнiп жүр. Жер-жерлердегi әкiмдердiң қолында жеткiлiктi өкiлеттiктер, ал ең бастысы қаржы ресурстары жоқ. Сондықтан Үкiмет және облыстар әкiмдерi төменгi буындарда ұтымды мемлекеттiк басқаруды ұйымдастыруға тиiс. Биылғы тамыз айында ауылдық округтердiң әкiмдерiн сайлау жөнiндегi тәжiрибеге мұқият талдау жасалып, соның негiзiнде халықтың осы санаттағы басшыларды сайлауының тиiмдiлiгi хақында шешiм қабылданады. Сонымен бiр мезгiлде бiзде басқарудың қанша деңгейi болуы керек екенiн анықтап алу керек. Мемлекеттiк басқарудың барлық негiз қалайтын қағидаттарын айқындап алғаннан кейiн ғана жергiлiктi өзiн өзi басқарудың үлгiсi мен заңына құлық қоюға болады. Биыл Мемлекеттiк қызмет туралы заңға да елеулi өзгерiстер енгiзiледi. Бұл – мемлекеттiк қызмет сатылары бойынша жылжуды¦ конкурстық жүйесiнен мансаптық жүйесiне көшу, сондай-ақ қолданылып жүрген заңда орын алған қиғаштықтардан арылу. Соттар саласындағы кадр саясатын жетiлдiру мен судьялар қатарындағы сыбайластықты шектеу, құқық қорғау тетiгiндегi адвокатураның рөлiн күшейту жөнiнде шаралар қолданылады. Биылғы жылдың соңына қарай алқабилер (присяжные заседатели) институтын енгiзу тұжырымдамасы әзiрленедi. Ендiгi жерде өлiм жазасына кесу үкiмiн кiдiртудi енгiзуден бастап, оны толық мансұқ етуге дейiнгi мәселенi де мұқият зерделеу қажет. Бұл үшiн қажеттi жағдайлар туғызу керек екенiн түсiнем. Мұның өзi қаржыландыру мен уақытты талап етедi. Бұл жайында қоғамымызда да сан түрлi пiкiр бар. Алайда бұл мәселенi шешудi қолға алу керек. Сонымен бiрге бұқаралық ақпарат құралдарының қызметiн жетiлдiру жөнiнде де бiрқатар шаралар белгiленiп отыр. Таяу уақытта радиожиiлiктерiн бөлу жөнiндегi тендерлiк комиссияның құрамы қайта қаралып, кеңейтiлетiн, оның құрамына жұртшылық өкiлдерi енгiзiлетiн болады. Қазiргi кезде Мемлекет басшысының жанында ақпарат саясаты жөнiндегi қоғамдық ке¦ес жасақталу үстiнде. Өзiнiң даму барысында бiздiң мемлекеттiлiгiмiз Парламент өзiне Конституция берген өкiлеттiктердi, соның iшiнде Үкiметке қатысты өкiлеттiктердi барынша толық пайдаланатын шепке сатылап жақындай түстi. Парламент пен Үкiметтiң арасындағы тұрақты диалог, олардың бiрлескен заң шығарушылық жұмысы – мемлекеттiлiктi нығайтудың аса маңызды шарты. Алдағы жылы да күрделi мiндеттердi шешу көзделiп отыр. Олардың қатарында “Үкiмет туралы” Конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу, үкiметтiк емес ұйымдардың қызметiне мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс беру тетiгiн кiргiзудi заңнамалық дәйектеу, “Баламалы әскери қызмет туралы” заң жобасын әзiрлеу және басқалары тұр. Сөзiмдi қорытындылай келе, бiздiң сыртқы саясатымыз туралы бiрқатар принциптi қағидаларды ортаға салайын. Бiздiң халықаралық қатынастарда әуелден-ақ дұрыс бағыт таңдап алғанымызды өмiрдiң өзi де, iс-тәжiрибемiз де қуаттап отыр. Ядролық қарудан бас тарту жөнiндегi шешiмiмiз күнi бүгiнге дейiн қауiпсiздiгiмiзге қызмет етiп, елiмiздiң беделiн биiктетiп келедi. Қазақстан – кеңестен кейiнгi кеңiстiктегi барлық елдермен өзiнi¦ стратегиялық мүдделерiне нұқсан келтiрмей, тұрақты жақсы қатынастар орната бiлген азын-аулақ мемлекеттердiң бiрi. Бiз алдағы уақытта да Қазақстанның геосаяси орналасуы мен экономикалық әлеуетiне толығымен сай келетiн нақ осындай көп бағытты екшендi саясатты жүргiзе беретiн боламыз. Өйткенi, нақ осындай саясат – өзiмiздiң ұлттық қауiпсiздiгiмiздi нығайту кiлтi. Сонымен бiрге бiздiң Қазақстанның көршi мемлекеттермен қарым-қатынасындағы болжамдылық пен тұрлаулылық тұғырларын нығайта беру үшiн бұдан да көп күш-жiгер жұмсауымыз мiндет. Бiздiң дипломатия ЕурАзЭҚ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Орталық Азия ынтымақтастық ұйымы сияқты басымдығы бар ұйымдарды нығайтуға айрықша ден қоюға тиiс. Сонымен қатар бiз АҚШ-пен, Батыс Еуропамен және басқа елдермен ынтымақтастықты да дамыта беремiз. Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенiм шаралары жөнiндегi кеңестi шақыру жөнiнде нақтылы нәтижелерге жетуiмiз керек. Мемлекет пен жеке бизнестiң сыртқы рыноктарда берiк тұғырға орнығуға бағытталатын күш-жiгерiн ұштастыру арқылы бiз өзiмiздiң сыртқы экономикалық саясатымызды нығайта беруге тиiспiз. Нарық экономикасын жасақтай бiлген Қазақстан жаұандану үдерiмiнiң ажырағысыз бөлегiне айналды. Бiздiң әлемдегi өз орнымызды табуымыз, өз iс-қимылымыздың шығасыға жол бермей, керiсiнше кiрiс түсiруiмiзге мүмкiндiк беретiн стратегиясын түзуiмiз өте-мөте ма¦ызды. Осы орайда Үкiмет Бүкiләлемдiк сауда ұйымына кiруге әзiрлiк жұмысын барынша ширата түсуге мiндеттi.

* * *

Осы Жолдауда қозғалған мәселелердi өмiрдiң өзi алдымызға тартып отыр. Олардың көпшiлiгiн менiмен кездескен кезде өздерiңiз көтерген едiңiздер, оларды адамдар алдымызға қойып отыр. Жыл өткен сайын мемлекет пен қоғамның қызметi көбiнесе заңдармен реттелетiн бола бастады. Сондықтан Парламенттiң де, Үкiметтiң де осы заңдар бойынша өмiр сүруге тиiс жандармен көбiрек кеңескенi жөн. Әрине, бәрiн бiрден шешiп тастау мүмкiн емес, сондықтан төзiмдiлiк таныту керек, ұсақ-түйекке шашыла бермей, күш-қуатымызды қалап алған басымдықтарымызға жұмылдыруымыз керек. Бiздiң, атқарушы және өкiлдi билiктiң халық сайлаған өкiлдерi ретiнде маңызды мемлекеттiк мiндеттердi шешу барысында сезiм жетегiне iлесiп кетпей, салмақтылық көрсетiп, парасатқа жүгiнгенiмiз ләзiм. Мен осы Жолдаудың қағидаларын iске асыруда сiздердi¦ қолдауларыңызға үмiт артамын.

Ықылас қойғандарыңызға рахмет.


Барлық жолдаулар
 
Қазақстан халқына басқа жолдаулар
Қазақстан халқына барлық жолдаулар