Стратегиялар мен бағдарламалар

 

«Қазақстан – 2050» Стратегиясы

2012 жылы желтоқсанда Мемлекет басшысының ел халқына Жолдауында Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы таныстырылды. Оның басты мақсаты – мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуы.  

Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін «Қазақстан – 2050» Стратегиясы жеті ұзақмерзімді басымдықтарды іске асыруды қарастырады:  

1. Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм

2. Кәсіпкерлікті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау

3. Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік

4. Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары

5. Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту

6. Дәйекті және болжамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту

7. Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі

 

Стратегияның толық мәтіні



Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары

Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы №922 Жарлығымен бекітілді.

2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын әзірлеу кезеңі адамзат тарихындағы соңғы жетпіс жыл ішіндегі ең ауыр жаhандық қаржылық-экономикалық дағдарыстың басталу уақытына дәл келді. 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын әзірлеу кезінде әлемдік немесе өңірлік дағдарыстың жағымсыз салдарларына ұлттық экономиканың орнықтылығын арттыруға бағытталған шаралардың жүзеге асырылуына баса көңіл бөлінді. 

Тау онжылдықта мемлекет қызметінде бес негізгі бағыт басымдықта болады:

  • дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық;
  • индустрияландыру және инфрақұрылымдық даму арқылы әртараптандыруды жеделдету есебінен орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету;
  • болашаққа инвестиция ­– орнықты экономикалық өсім, өсіп-өркендеу және қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатының жетістігі үшін бәсекеге қабілетті адам капиталын арттыру;
  • тұрғындарды сапалы әлеуметік және тұрғын үй-коммуналдық қызметімен қамтамасыз ету;
  • ұлтаралық келісімді, қауіпсіздікті, халықаралық қатынастардың тұрақтылығын нығайту.     

2020 – Стратегиялық жоспарын жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстан мынадай негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуі тиіс:   

  • Қазақстан 2020 жылға қарай экономикасы әртараптандырылған және халқы жаңа экономикаға белсенді тартылған, әлемдік дағдарыстан шыққан анағұрлым күшті және бәсекеге қабілетті елге айналады.
  • Қазақстан 2020 жылға қарай қолайлы іскерлік ахуалы бар, елдің шикізат секторында елеулі шетел инвестициясы тартылған, әлемнің ең бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына кіретін болады.
  • 2020 жылға қарай еліміз әртараптандырылған экономиканы дамыту үшін қажетті адам ресурстарына, сондай-ақ отандық кәсіпкерлер мен экспорттаушыларға қызмет көрсету үшін қажетті инфрақұрылымға ие болады.
  • 2020 жылға қарай Қазақстан экономикасы нақты алғанда 2009 жылғы деңгейге қатысты алғанда үштен бірінен асады.
  • 2020 жылға қарай төменгі күн көріс мөлшерінен аз табыс табатын халықтың үлесі 8 пайызға дейін төмендейді.  

2020 – Стратегиялық жоспарын жүзеге асырудағы басты жетістік Қазақстанның экономикалық өсімінің құрылымын сапалық жақсарту және дәйектілікпен әртараптандырылуы нәтижесінде ел азаматтарының әл-ауқатын елеулі түрде арттыру болуы керек.

Стратегияның толық мәтіні



Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама

Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 958 Жарлығымен бекітілді.

Бағдарлама мақсаты – экономиканы әртараптандыру және бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы оның тұрақты және теңгерімді өсімін қамтамасыз ету.

Бағдарламаның негізгі міндеттері:

  • экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігінің артуын қамтамасыз ететін басымдықтағы секторларын дамыту;  
  • индустрияландыру үшін қолайлы орта қалыптастыру;
  • экономикалық әлеуетті өңірлік ұтымды ұйымдастыру негізінде экономикалық өсім орталықтарын құру;
  • экономиканың басымдықтағы секторларын дамыту барысында мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын қамтамасыз ету.

Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру нәтижесінде Қазақстан 2014 жылға қарай төмендегідей негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуі тиіс:

  • 7 триллион теңгеден кем емес ІЖӨ өсімі, нақтылы түрде ІЖӨ өсімі 15%-ды құрайды;
  • ІЖӨ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін 12,5%-дан төмен емес деңгейге дейін арттыру;
  • экспорттың жалпы мөлшерінде шикізаттық емес экспорт үлесін 40%-дан төмен емес деңгейге дейін арттыру;
  • өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің жиынтық мөлшеріндегі шикізаттық емес экспорт үлесін 43 %-дан төмен емес деңгейге дейін арттыру;
  • өңдеуші өнеркәсіпте еңбек өнімділігін 1,5 еседен кем емес мөлшерде арттыру.

Бағдарламаның толық мәтіні



Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында  білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы № 1118 Жарлығымен бекітілді.

(Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 2 қарашадағы № 423 Жарлығымен өзгеріс енгізілді, Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 12 тамыздағы № 893 Жарлығымен Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы кіріктірілді)

Мақсаты - білім берудің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экономиканың тұрақты өсімі үшін сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту.

Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде Қазақстан төмендегідей негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуі тиіс:

  • жоғары және бірінші санатқа ие жоғары білікті педагогикалық қызметкерлердің педагогтардың жалпы санына шаққандағы үлесін ұлғайту, 2015 жылға қарай - 49%, 2020 жылға қарай - 54%;
  • 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен қамтуды ұлғайту, 2015 жылға қарай - 77,7%, 2020 жылға қарай - 100%;
  • Қатысушылардың жалпы санына шаққанда кәсіби даярлық деңгейін бағалаудан және біліктілікті беруден алғашқы реттен өткен ТжКБ бітірушілерінің үлесін  ұлғайту, 2015 жылға қарай - 75%,  2020 жылға қарай - 80%;
  • мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған жоғары оқу орындары түлектерінің жоғары оқу орнын тәмамдаған алғашқы жылы мамандығы бойынша жұмысқа орналастырылуын ұлғайту, 2015 жылға қарай - 78%, 2020 жылға қарай - 80%;
  • әлемнің үздік университеттері рейтингінде көрсетілген Қазақстанның жоғары оқу орындары санын ұлғайту, 2015 жылы - 1, 2020 жылы - 2;
  • халықаралық стандарттар бойынша институциональдық тәуелсіз ұлттық аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындары үлесін ұлғайту, 2015 жылға қарай - 50%, 2020 жылға қарай - 65%;
  • жастардың жалпы санынан жастар саясаты мен патриоттық тәрбие саласындағы іс-шараларды іске асыруға белсенді түрде қатысатын жастар санын ұлғайту, 2015 жылға қарай - 31%,  2020 жылға қарай - 55%.

Бағдарламаның толық мәтіні



Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

«Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарлығымен қабылданды.

Бағдарламаның мақсаты – еліміздің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту.

Бағдарламаның өзекті міндеттері мыналар болып саналады:

  • Азаматтардың денсаулығын сақтау және санитарлық-эпидемиялық саламаттылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту:
  • Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамыту және жетілдіру;
  • медициналық және фармацевтикалық білімді жетілдіру, медицина ғылымын және фармацевтикалық қызметті дамыту.

Денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында Қазақстан мынадай негізгі жетістіктерге қол жеткізуге тиіс:  :

  • халықтың күтіліп отырған өмір сүру ұзақтығының 2013 жылға қарай 69,5-ке дейін, 2015 жылға қарай 70 жасқа дейін ұлғаюы;
  • ана өлім-жітімінің 100 мың тірі туылғандарға шаққанда 2013 жылға қарай 28,1-ге дейін, 2015 жылға қарай 24,5-ке дейін төмендеуі;
  • нәресте өлім-жітімінің 1000 тірі туылғандарға шаққанда 2013 жылға қарай 14,1-ге дейін, 2015 жылға қарай 12,3-ке дейін төмендеуі;
  • жалпы өлім-жітімнің 1000 адамға шаққанда 2013 жылға қарай 8,14-ке дейін, 2015 жылға қарай 7,62-ге дейін төмендеуі;
  • туберкулезбен сырқаттанушылықтың 100 мың адамға шаққанда 2013 жылға қарай 98, 1-ге дейін, 2015 жылға қарай 94,7-ге дейін төмендеуі;
  • 15-49 жас аралығындағы жас тобында АИТВ инфекциясының таралушылығын 0,2-0,6 пайыз шегінде ұстау.

Бағдарламаның толық мәтіні



Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың мемлекеттiк бағдарламасы

Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығымен  қабылданды.

Бағдарламаның мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тiлдерiн сақтай отырып, ұлт бiрлiгiн нығайтудың аса маңызды факторы ретiнде мемлекеттiк тiлдiң кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететiн үйлесiмдi тiл саясаты.

Бағдарламаның өзекті міндеттері мыналар болып саналады:

  • мемлекеттiк тiлдi оқытудың әдiснамасын жетiлдiру және стандарттау;
  • мемлекеттiк тiлдi оқытудың инфрақұрылымын дамыту;
  • мемлекеттiк тiлдi оқыту процесiн ынталандыру;
  • мемлекеттiк тiлдi қолданудың мәртебесін арттыру;
  • мемлекеттік тілге сұранысты арттыру;
  • қазақ тiлiнiң лексикалық қорын жетiлдiру және жүйелеу;
  • тiл мәдениетiн жетiлдiру;
  • коммуникативтiк-тiлдiк кеңiстiктегi орыс тiлiнiң қызмет етуi;
  • Қазақстандағы тiлдiк әралуандықты сақтау;
  • ағылшын және басқа да шет тiлдерiн оқып-үйрену

Қазақстанда Тілдерді дамыту мен қолдану бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде мынадай негізгі көрсеткіштерге қол жеткізілуге тиіс:

  • мемлекеттiк тiлдi меңгерген ересек тұрғындардың үлесiн («Қазтест» тапсырудың нәтижесi бойынша 2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 80%, 2020 жылға қарай - 95%);
  • мемлекеттiк тiлдi В1 деңгейiнде меңгерген мектеп түлектерiнiң үлесiн (2017 жылға қарай - 70%, 2020 жылға қарай - 100%);
  • мемлекеттiк бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тiлiндегi контенттiң үлесiн (2014 жылға қарай -  53%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай - 70%);
  • тұрғындардың ономастикалық комиссиялардың жұмысындағы шешiм қабылдау процесiн талқылау кезiнде қоғамдық қолжетiмдiлiк пен ашықтық қағидаттарының сақталуына қанағаттанушылық дәрежесiн (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 75%, 2020 жылға қарай - 90%);
  • қазақ тiлiнiң реттелген терминологиялық қорының үлесiн (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай - 100%);
  • республикадағы орыс тiлiн меңгерген ересек тұрғындардың үлесiн (2020 жылға қарай - 90%);
  • ұлттық-мәдени бiрлестiктер жанындағы ана тiлдерiн оқытатын курстармен қамтылған этностардың үлесiн (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 80%, 2020 жылға қарай - 90%);
  • республикадағы ағылшын тiлiн меңгерген тұрғындардың үлесiн (2014 жылға қарай - 10%, 2017 жылға қарай - 15%, 2020 жылға қарай - 20%);
  • үш тiлдi (мемлекеттiк, орыс және ағылшын) меңгерген тұрғындардың үлесiн (2014 жылға қарай - 10%, 2017 жылға қарай - 12%, 2020 жылға қарай - 15 %-ға дейiн) ұлғайту.

Бағдарламада көзделген барлық iс-шаралар ұлт бiрлiгiн нығайтудың маңызды факторы ретiнде мемлекеттiк тiлдi дамытудың басымдығына негiзделген және азаматтардың рухани-мәдени және тiлдiк қажеттiлiктерiн толық қанағаттандыруға бағытталған.

Бағдарламаның толық мәтіні