Жаңалықтар

18 мамыр 2017
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Сауд Арабиясының Королі Фейсал ибн Абдул-Әзиз әл-Саудтың өмірі мен қызметіне арналған «Әл-Фейсал: Әділдік және батылдық жолы» атты көрмені аралады

Іс-шараны Король Фейсал атындағы Исламды зерттеу орталығы ұйымдастырып отыр. Орталық исламның әлемдік тарихтағы орны мен рөлін зерделеу, ислам құндылықтарын, мұсылмандық мәдениет мен өнерді ілгерілету мақсатымен 1983 жылы құрылған. Сонымен қатар, ол Сауд Арабиясының жетекші ғылыми және мәдени-ағартушылық орталығының бірі болып саналады.

Көрменің ресми ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Сауд Арабиясы Королінің кеңесшісі, Король Фейсал атындағы Исламды зерттеу орталығының басқарма төрағасы, ханзада Түрки әл-Фейсал әл-Сауд, Фейсал орталығының мәртебелі делегациясы, Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы елшілігінің қызметкерлері, жұртшылық және БАҚ өкілдері қатысты.

Көрменің ашылу рәсімінде Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова мен ханзада Түрки әл-Фейсал әл-Сауд құттықтау сөз сөйледі. Олар мұндай көрменің ТМД елдері аумағында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. Экспозиция Сауд Арабиясының Король Фейсал басқарған (1964-1975 жж.), сауд қоғамы өмірінің барлық саласына ықпал еткен ауқымды реформалар жүргізілген тұстағы тарихи кезеңіне арналған.

Көрмеге сирек кездесетін тарихи жәдігерліктер, сондай-ақ Король Фейсалдың жеке өзі тұтынған заттары – қару-жарағы, марапаттары, архивтік құжаттары, фотосуреттері мен басқа да мұралары қойылған.

Сонымен қатар, іс-шара барысында қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Әл-Фейсал: Әділдік және батылдық жолы» атты кітап көпшілік назарына ұсынылды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар