Жаңалықтар

8 ақпан 2017
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Сербияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Владимир Мирковичпен оның дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты кездесу өткізді

Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова елдеріміз арасында саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Барлық деңгейдегі, соның ішінде жоғары сатыдағы ынтымақтастықтың кеңеюі осыны айғақтайды.

Сондай-ақ, Гүлшара Әбдіқалықова 2016 жылғы тамызда Қазақстан мен Сербия басшыларының қатысуымен Белград қаласында қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевқа арналған ескерткіштің ашылуы Қазақстан халқының зор ризашылығын тудырғанына назар аударды.

Тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі даму қарқынына қанағаттанушылық білдірді. Қазақстан мен Сербия арасындағы тауар айналымы 2016 жылғы қаңтар-қараша айлары аралығында 23,4 млн АҚШ долларына жетті. Бүгінде Қазақстанда көтерме және бөлшек сауда, тұрғын үйлер мен тұруға арналмаған ғимараттар құрылысы салаларында Сербия капиталының үлесі бар 10-нан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.

Кездесу соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы елші В.Мирковичке Қазақстан мен Сербия арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық тығыз, өзара сенімге негізделген серіктестік орнатуға қосқан үлесі үшін ризашылық білдіріп, денсаулық, бақ-береке және табыс тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар