Жаңалықтар

20 мамыр 2015
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

 

Г.Әбдіқалықова Мексика, Венесуэла, Конго Республикасы, Корея Халықтық Демократиялық Республикасы, Судан Республикасы және Эль-Сальвадор Республикасының Қазақстандағы елшілері қызметін қоса атқаратын Төтенше және Өкілетті елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады.

Мемлекеттік хатшы Мексика, Венесуэла, Конго және КХДР-дың уәкілетті өкілдерін «ЭКСПО 2017» көрмесін өткізу құқығын алу барысында Астананың кандидатурасына қолдау көрсеткендері үшін, сондай-ақ Мексика, Венесуэла, Сальвадор және КХДР елшілеріне 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан Республикасының кандидатурасын қолдағандары үшін алғысын білдірді.

Гүлшара Әбдіқалықова Мексика елшісі Марта Елена Барсенамен әңгіме барысында Мексика Қазақстанның Латын Америкасындағы Бразилиядан кейінгі ірі сауда серіктесі екенін атап көрсетті. Қазақстан мен Мексика арасындағы 2014 жылғы тауар айналымы 120,8 млн. АҚШ долларын құрады.  Мемлекеттік хатшы  Қазақстанда ашылуы 2015 жылға жоспарланып отырған Мексиканың елшілігі арқылы тікелей дипломатиялық қарым-қатынас орнату еларалық байланыстарды саяси және экономикалық қана емес, әлеуметтік-гуманитарлық салаларда да тереңдетуге мүмкіндік туғызатынын атап өтті.

Екіжақты кездесу барысында мемлекетаралық қарым-қатынастарды дамытудың жай-күйі мен келешегі талқыланды. Г.Әбдіқалықова атап көрсеткендей, жаһандану жағдайында саяси, экономикалық, сауда, ғылыми, мәдени және басқа салалардағы ынтымақтастықты дамыту біздің мемлекеттеріміздің ұлттық мүдделеріне сай келеді. Осыған орай, дипломатияның табыстылығын өзара іс-қимылдың деңгейі айқындайды.

Тараптар кең ауқымды мәселелер бойынша байланыстарды кеңейтуге өзара мүдделілік танытты. Олардың қатарында, қаржы, мұнай-газ және тау-кен өнеркәсібі салаларындағы, азық-түлік өнімдері өндірісіндегі, баламалы энергетикадағы және басқа да салалардағы ынтымақтастықтар бар.

Мемлекеттік хатшы аталған мемлекеттердің төтенше және өкілетті елшілерінің қызметтері біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастық әлеуетін арттыруға ықпал етеді деп үміттенетінін айтты. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар