Жаңалықтар

20 мамыр 2015
Мемлекеттік хатшы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова және «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» басқармасының төрағасы Талғат Ермегияев ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

 

Ұлттық комиссия төрайымы аталған Меморандумға қол қою Қазақстан үшін елеулі оқиға екенін, себебі ел халқының 52 пайызын әйелдер құрайтынын атап өтті.  Осыған орай, қазақстандық әйелдердің орасан зор әлеуетін, сондай-ақ отандық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдарды, халықаралық әйелдер ұйымдарын жан-жақты іске қосу Ұлттық комиссияның басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысы тарапынан «ЭКСПО-2017» көрмесін дайындау және өткізу кезінде отандық экономиканың, әсіресе шағын және орта бизнестің  ресурстарын барынша пайдалану жөнінде тапсырма берілгеніне назар аударды.

Атап айтқанда, Ұлттық комиссия жасыл технологияларды пайдалану арқылы пилоттық жобаларды іске асыру, инновациялық энергия жинақтаушы технологиялармен айналысатын әйелдер қоғамдастығын «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға тарту жұмыстарын жандандырып отыр.

Соңында Мемлекеттік хатшы Меморандум жасыл экономиканы, әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға инвестиция тартуға  және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызатынын атап өтті.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар