Жаңалықтар

1 шілде 2015
Мемлекеттік хатшы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Г.Әбдіқалықованың қатысуымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің І конгресі өтті

 

Гүлшара Әбдіқалықова конгреске қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп отырған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа экономикалық саясатты, бес институционалдық реформаны, Ұлт жоспары – «100 нақты қадамды»  әйелдердің  қатысуынсыз іске асыру мүмкін еместігін атап өтті. Ол бүгінде орта есеппен елде шағын және орта бизнес субъектілерінің 41,5 пайызына әйелдер жетекшілік етіп отырғанына тоқталды. Елдегі 1 086,5 мың жеке кәсіпкердің 542,9 мыңы – әйелдер. 2014 жылы әйелдер 794,5 мың жұмыс орнын қамтыды, бұл – шағын және орта бизнес секторындағы барлық жұмыс орнының  30 пайызы. Осының бәрі әйелдер бизнесін одан әрі дамыту және олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қабылданып жатқан жүйелі шаралардың нәтижесі болып саналады.    

Мемлекеттік хатшы Іскер әйелдер кеңесінің алдына кәсіпкерлік қызметтің әйелдерге тән дәстүрлі түрлерін қолдауға;  өңірлік деңгейде әйелдер кәсіпкерлігі мектептерін (клубтарын)  жаппай ашуға; әйелдер бизнесін дамытуға көрсетіліп отырған мемлекеттік қызметтерге тұрақты түрде мониторинг жүргізуге;  бизнестегі әйелдер көшбасшылығын қолдауға байланысты бірқатар басым міндеттерді белгілеп берді. 

Конгресте сөйлеген іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Л.Рамазанова іскер әйелдердің өңірлік кеңестері биыл еліміздің барлық облыстарында, Астана және Алматы қалаларында құрылғанын мәлімдеді. Республикалық кеңес әйелдердің бизнес үдерістеріне және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамаларын жүзеге асыруға белсенді тартылуына атсалысатын болады.  

Конгреске қатысушылар кәсіпкер әйелдердің іскерлік әріптестігін республикалық және өңірлік деңгейде одан әрі дамыту жолдарын талқылады. Өңірлік әйелдер кеңестерінің өкілдері әр өңірге тән мәселелерді, соның ішінде еңбекпен қамту, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, отбасылық-демографиялық саясатқа қатысты жайттарды ортаға салды.

І Конгресс жұмысының қорытындысы бойынша кеңестің елдегі әйелдер кәсіпкерлігін одан әрі дамыту жөніндегі  стратегиясы мен негізгі бағыттары айқындалды.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар