Жаңалықтар

7 наурыз 2017
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесу өткізді

Мемлекет басшысы қоғамымыздың дамуындағы әйелдердің баға жетпес рөлін атап өтіп, еліміздегі нәзік жандар өкілдерін келе жатқан Халықаралық 8 наурыз мерекесімен құттықтады.

– Бүгінде Қазақстан әйелдері еліміздің дамуына айрықша үлес қосып отыр. Адамзаттың нәзік жанды өкілдері ел экономикасының түрлі саласында, сонымен қатар мемлекеттік қызметте, ғылымда, жеке бизнесте, білім беру мен денсаулық сақтау саласында еңбек етуде. Елімізде мемлекеттік қызметшілердің 55 пайызын әйелдер құрап отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы мемлекет жүргізіп жатқан демографиялық саясаттың аспектілеріне тоқталып, ана мен балаға қолдау көрсету және оларды қорғау мәселелеріне назар аударды.

– Биыл менің тапсырмаммен 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырыла бастайды. Шілде айында бала тууға байланысты төленетін жәрдемақы көлемі 20 пайызға өседі. Жыл сайын ана мен балаға қарастырылған қаржылық қолдау шығындары 160 миллиард теңге болып отыр. Оған қоса ата-аналарға 120 миллиард теңге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен төленіп келеді. Соңғы он жылда біз ана өлімін 3,7 есеге, бала өлімін бір жарым есеге дейін төмендетуге қол жеткіздік, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі гендерлік саясатты нығайтуға бағытталған бірқатар міндетті айқындап берді. Оның ішінде отбасы институтын нығайту басты міндеттің бірі болып саналады.

Бұл орайда Елбасы Қазақстанда ерлі-зайыптылардың жауапкершілік арқалауға дайын болмауының салдарынан некеге тұрған  әрбір үшінші жұптың ажырасып жатқаны жөнінде мәлімет келтірді.

– Қазір елімізде ата-ананың тек біреуінің ғана асырауындағы толық емес жарты миллион отбасы бар. Бұл мәселені шешу жөнінде шаралар қабылдау қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы балаларға қатысты кез-келген зорлық-зомбылықты жойып, өскелең ұрпақ тәрбиесін арнаулы үйірмелер мен мекемелерде патриоттық сезімді күшейту арқылы қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.

– Төрт жылда бір рет олимпиада жеңімпаздары жетекшілік ететін  Бүкілқазақстандық балалар олимпиадасын өткізу мүмкіндігін қарастыруға болады. Тағы бір мәселе – әйелдердің орташа кіріс деңгейі еркектермен салыстырғанда әлі күнге дейін үштен бір мөлшерге төмен. Мұндай жағдайдың орын алуының басты себебінің бірі – Үкімет бекіткен Әйелдер еңбегін қолдануға тыйым салынған жұмыстар тізімі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы гендерлік саясаттың басымдығы бар бір бағыты ретінде аналар мен балалар үшін қолайлы орта қалыптастыру, сондай-ақ анаға деген сыйластық мәдениетін жандандыру қажеттігін айтып өтті.

– Бәлкім, балалар үшін жалпыұлттық ашық есік күндерін өткізіп отыру керек болар. Құрметті ханымдар, сіздердің қолдауларыңызбен біз барлық жоспарымызды іске асыра аламыз деп үміттенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы қазіргі саяси жаңғыру үдерісі барысында әйелдердің зор рөл атқаратынына сенім білдірді.

Кездесуге қатысушылар өздерінің кәсіби және күнделікті өміріндегі жетістіктері жөнінде әңгімеледі.

Мемлекет басшысы іс-шара соңында көп балалы ана О.Мұқашеваны «Алтын алқа» белгісімен марапаттап, кездесуге қатысушылар үшін «Ақорда» резиденциясы ішінде экскурсия жүргізді.

Кездесуге Мемлекеттік хатшы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Г.Әбдіқалықова, Президент Әкімшілігінің басшысы Ә.Жақсыбеков, Парламент Мәжілісінің депутаты, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл З.Балиева, Ұлттық экономика вице-министрі М.Әбілқасымова, микробиолог-ғалым Ә.Ерназарова, биатлоннан «Алматы-2017» универсиадасының жеңімпазы А.Шевченко, ауылдық орта мектеп директоры И.Седова, «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубының президенті З.Көкжанова, ақын Т.Қабылша, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының магистранты М.Галицкая, «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Адам ресурстары басқармасының бас менеджері Ш.Алтыбаева, аудандық аурухананың бас дәрігері Қ.Разиева, «Астана-Балет» театрының жетекші балеринасы М.Буканова, көп балалы ана О.Мұқашева, қобыздан халықаралық байқаулардың жеңімпазы А.Тәжібаева, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот төрағасы Н.Раззақ, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншісі О.Давыденко, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Парашютпен секіруге дайындау орталығының аға маманы Р.Рамазанова, әртіс С.Бақаева, журналист В.Мирланқызы қатысты.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар