Жаңалықтар

28 маусым 2012
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару кеңесінің алғашқы отырысы болып өтті

Кеңестің отырысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 2022 жылға дейінгі даму стратегиясы және ұлттық экономиканы қолдау жөніндегі оның қызметінің негізгі бағыттары, сондай-ақ оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайы қаралды

Кеңестің отырысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 2022 жылға дейінгі даму стратегиясы және ұлттық экономиканы қолдау жөніндегі оның қызметінің негізгі бағыттары, сондай-ақ оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайы қаралды. Кеңестің отырысына Премьер-Министр К.Мәсімов, Әкімшілік Басшысы А.Мусин, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ө.Шөкеев, Ұлттық Банк төрағасы Г.Марченко, министрліктер басшылары мен өзге де мүдделі адамдар қатысты.

- «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры халықаралық тәжірибе негізінде мемлекеттік меншікті шоғырландыру үшін құрылғанын өздеріңіз білесіздер және мемлекет активтерін басқаруды жетілдіру, корпоративтік басқаруды жақсарту және елдің экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдай жасау қажеттілігінен туындаған болатын. Алайда әлемдік қаржы дағдарысы Қордың қызметіне кейбір түзету енгізді, Қордың елдің қаржылық және экономикалық жағдайын тұрақтандыру жөнінде өз саласына сәйкес келмейтін жұмыстың бағытымен айналысуына тура келді. Сонымен қатар, бүгінде біз оны құру кезінде алға қойылған алғашқы стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді іске асыруға оралуымыз қажет. Қор мен оның құрамына кіретін компаниялар Қазақстан экономикасының негізгі қозғаушы күші болып, еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға белсенді қатысуы қажет. Сондықтан біз экономиканы қолдауда және компаниялар құнын арттыру мүмкіндігін, олардың экономикалық тиімділігін арттыруда Қордың рөлін талқылауға жиналдық. Қордың компаниялары экономиканың басым секторында жетекші орын алатынын ескере келе, Қор дамуының стратегиясын анықтау мәселесі маңызды мемлекеттік мәнге ие. Жалпы, Қор стратегиясы бірнеше рет талқылаудан өтті. Мен оның негізгі ережелері мен басымдықтарын қолдаймын, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Отырыста «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ө.Шөкеев қордың қызметінің қорытындылары және 2022 жылға дейінгі Даму стратегиясы туралы баяндама жасады.

- Бүгінде әлемдік экономикадағы жағдайдың тұрақсыз болуына байланысты міндеттер бірінші орынға шығып отыр. Болжанып отырған дағдарыс және жаhандық қаржы жүйесіндегі жағымсыз үрдістер еліміздің алдында тұрған міндеттерге түзетулер енгізеді. Кәсіпорындарды жүйелі жаңғыртуды жалғастырып, олардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырудың маңызы зор, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Отырыстың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы тарапынан «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Даму стратегиясы мақұлданды және Қордың және оның құрамына кіретін компаниялардың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету туралы нақты тапсырма берілді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кеңестер мен отырыстар
Барлық кеңестер мен отырыстар