Жаңалықтар

11 желтоқсан 2013
Қазақстан немістері қоғамдастығы Ақсақалдар кеңесі өкілдерінің хаты

 

Мемлекет басшысының атына жазған өз хатында В.Мутаниол, А.Граф, Г.Грот, В.Видлер Германияда тұратын 800 мың қазақстандық немістер атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа қазақстандық немістердің тарихи Отанымен қайта қауышу үдерістеріне ерекше көңіл бөлгені үшін зор алғыс білдірген.

«Бұл күллі әлемге халықтар арасындағы сенімнің жаңа саясаты туралы мәлім еткен батыл адамның және көреген көшбасшының қадамы болды. Бұл – тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің Сіздің қолыңызбен жасалған шын мәніндегі аса маңызды актісі, оны неміс халқы ешқашан ұмытпайды», – деп жазады хат иелері.

Ақсақалдар кеңесінің өкілдері осындай қолдаудың арқасында бүгінде Германиядағы жүз мыңдаған қазақстандық немістер Қазақстанның Еуропадағы достық елшілері рөлін атқарып отырғандығын атап өткен.

Хат иелері шекара сыртында тұрып жатса да, өздері үшін туған өлкесіндей болып кеткен елдегі табыстар мен жетістіктерге зер сала қадағалап отыратындықтарын жеткізген.

«Экономика дамып, халықтың өсіп-өркендеуі мен ел беделінің нығаюы жолында жаңа зор мақсаттар қойылып отырғанына қуаныштымыз. Бұл ретте республика бейбітшілік пен қауіпсіздік саясатын жүргізуде бұрынғысынша, жетекші рөл атқара береді. Қазақстан мәдениетаралық келісім мен тағаттылықты қамтамасыз етуде, мультимәдениет әлемінің сын-қатерлерін еңсеруде елеулі табыстарға қол жеткізді», – делінген хатта.

Хат соңында Ақсақалдар кеңесінің өкілдері Қазақстан халқына игілік пен бақ-береке, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа зор денсаулық және сарқылмас күш-қуат тілеген.      


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар
Барлық баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар