Жаңалықтар

23 мамыр 2014
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Малайзия Премьер-Министрі Наджиб Тун Разак бірлескен баспасөз брифингін өткізді

 

Қазақстан Президенті түрлі жайттар жөнінен екі елдің ұқсастығына назар аударды.

– Біз этностардың әралуандығымен, діннің өзара ықпалдастығымен, сыртқы саяси қызметімізбен, экономикаға қатысты көзқарастарымызбен ұқсаспыз. Сондықтан біздің ел Малайзиямен ынтымақтастықты дамытуға, тәжірибесін қолдануға, бұл елде мемлекеттік қызметшілер мен студенттерімізді оқытуға  мүдделі. Наджиб Тун Разактың бүгінгі сапары елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды жаңа деңгейге алып шығады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты қарым-қатынастардың дамуының оң қарқынын атап өтті.

– Сапар аясында бизнестік құрылымдар арасында жалпы мөлшері 1,1 млрд доллардан асатын үш келісімшартқа қол қойылды, соның ішінде екеуі Маңғыстау,  біреуі Жамбыл облысындағы жобалар бойынша, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сапар барысында қол қойылған келісімшарттар малайзиялық компаниялардың Қазақстанға инвестиция салу ниетінің айқындығын көрсететінін атап өтті. Бұл ретте ол елдеріміздің арасындағы тауар айналымы әлеуетімізге толық сай еместігін, соған орай көрсеткіштерді алдағы жылдары әлдеқайда биік деңгейге көтеру қажеттігіне назар аударды.

Өз кезегінде Наджиб Тун Разак бұл оның Қазақстанға екінші сапары екенін айтты.

– Мен өзімнің 2011 жылы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумына қатысуға келген сапарымды жылы сезіммен еске аламын. Біздің екіжақты қарым-қатынасымыздың оң сипаттағы дамуы туралы Қазақстан Президентінің пікірін толық қолдаймын,  бізге оны әрі қарай жақсарту жолдарын қарастырған жөн, – деді Малайзия Премьер-Министрі.

Наджиб Тун Разак келіссөздер барысында «Петронас» компаниясы тарапынан Қазақстанның мұнай-газ саласына инвестиция салу мүмкіндігі де сөз болғанын айтты.

Бұған қоса, ол елдеріміздің көптеген халықаралық мәселелер жөніндегі ұстанымдары ұқсас екендігін атап өтті.

Соңында Малайзия Премьер-Министрі өзінің сапары екіжақты қатынастарды нығайтуға, тереңдетуге септігін тигізетіндігіне сенімін білдірді.

 

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар
Барлық баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар