Жаңалықтар

22 желтоқсан 2016
Мемлекет басшысы Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханимен арадағы келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингін өткізді

Қазақстан Президенті келіссөздер кезінде мемлекетаралық өзара іс-қимылды нығайту және одан әрі дамыту мәселелері, сондай-ақ бұған дейінгі кездесулер аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы талқыланғанын айтты.

– 2017 жылғы қаңтарда Қазақстан мен Иран арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толады. Осы кезеңде мемлекетаралық өзара іс-қимыл қарқынды дамып, барлық бағыт бойынша тығыз және сенімге негізделген қарым-қатынас қалыптасты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы еліміздің сыртқы саяси бастамаларына Иран тарапы ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқанына назар аударып, Қазақстанның қандай жағдайда да Тегеранмен байланысын үзбегенін атап өтті. Қазақстан Президенті Иранның ядролық бағдарламасына қатысты Алматыда өткен келіссөздердің екі раунды осы күрделі мәселенің шешілуіне септігін тигізгенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер барысында белгіленген екіжақты өзара іс-қимылды дамытудың бірқатар перспективалы бағыттарына тоқталды. Олардың қатарында теміржол саласындағы көлік-транзит әлеуетін бірлесіп пайдалану және дамыту, ауыл шаруашылығы саласында ұзақ мерзімге арналған бірлескен кәсіпорындар құру, сондай-ақ тау-кен металлургиясы саласында өзара іс-қимыл орнату сияқты жұмыстарды атап өтуге болады.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы әуе қатынасының аясын кеңейтуге, виза режімін оңтайландыруға, туризмді жандандыруға бағытталған уағдаластықтарға қол жеткізілгеніне назар аударды.

Қазақстан Президенті Иранның ЕАЭО-мен арада еркін сауда аймағын құру ниетін қолдайтынын атап өтті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев келіссөз барысында күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасылғанын айтты.

– Исламофобияның таралуы, дінімізді терроризммен және джихадизммен байланыстыру сияқты қатерлермен күрес жолында бірлесуге уағдаластық. Екі елдің Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Азия Кеңесі, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы сияқты халықаралық ұйымдар аясындағы саяси ықпалдастығын нығайтуға келістік, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Қазақстан Президенті Қазақстан мен Иранның өзара іс-қимылын одан әрі нығайту үшін зор әлеует қалыптасқанын атап өтті.

***

Иран Ислам Республикасы Президенті Хасан Руханидің ресми сапарының қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Ветеринария және жануарлар саулығын қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Теңіздегі кеме қатынасы саласындағы сауда мақсатын көздейтін ынтымақтастық туралы келісім;

– Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Иран Ислам Республикасының Қолөнер және туризм ұйымы арасындағы Туристік топтардың өзара сапарларын жеңілдету жөніндегі меморандум;

– Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен Иран Ислам Республикасының Орталық банкі арасындағы Екіжақты сауданы ұйымдастыруға жәрдемдесу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен Иран Ислам Республикасының Кооперация, еңбек және әлеуметтік әл-ауқат министрлігі арасындағы Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар
Барлық баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар