National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Елбасы Бас прокуратураға барды

2016 жылғы 25 сәуір

Қазақстан Президенті Бас прокуратураның басшылық құрамы алдында сөйлеген сөзінде А.Дауылбаевтың лауазымынан босатылатынын, өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты оның басқа жұмысқа ауысатынын айтты.

– Асхат Дауылбаев Бас прокуратурада соңғы 15 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеді. Алдына қойылған міндеттерді орындады, соған орай оған жұмысы үшін алғыс айтамын. Ол алдағы уақытта да өзінің кәсіби үлесін қосатын болады, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев прокуратура жүйесінде елеулі жұмыс тәжірибесі бар жаңа Бас прокурор Ж.Асановты таныстырды.

– Ол прокурорлық қызметтің барлық сатысынан өтті, үш өңірде, Әділет министрлігінде қызмет істеді, Парламент депутаты болды. Білімі мен тәжірибесі жеткілікті, жергілікті жердегі ахуалмен таныс. Осы ұжымда ұзақ уақыттан бері жұмыс істейді, оған ешқандай ескерту айтылған жоқ. Бұл жұмыс қолынан келетініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы биыл Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру басталғанына, оның бір бағыты құқықтық мемлекет қалыптастыру екеніне назар аударды.

– Негізгі салмақ прокуратура органдарына түседі, өйткені олар барлық өзге құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіретіндіктен, құқықтық салада зор өкілеттіктерге ие. Соңғы жылдары қадағалаушы орган ел азаматтарын қорғау және құқық тәртібін қамтамасыз ету жөнінен елеулі жұмыс атқарды. Мемлекеттік және қоғамдық институттардың құқық қорғау әлеуетін арттыру, заңдарды тиімді қолдану және азаматтармен, шағын және орта бизнес өкілдерімен күнделікті жұмыс барысында заңның сақталуын қамтамасыз ету – басты міндет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Қазақстан Президенті бұл ретте азаматтарға өз құқықтарын, сондай-ақ елде қабылданып жатқан заңдарды, соның ішінде Жер кодексін дұрыс түсіндірудің маңыздылығын атап өтті.

– Кодексте жердің шетелдіктерге сатылатыны туралы ештеңе айтылмаған. Біздің міндет – жердің меншік иесі болып, оның дұрыс пайдаланылуы үшін Қазақстан азаматтарына жерді жекешелендіру мүмкіндігін беру. Жер қурай басып, иесіз жатпай, түсініксіз мақсатта пайдаланылмай, халықтың игілігіне айналуы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев жаңа норманы толық түсінбеу және бұрыс мазмұндау деректері бар екенін айтты.

– Бұл мәселе мемлекет қабылдап отырған заңдарды халыққа түсіндіруге міндетті Үкімет пен жергілікті атқарушы билікке, сондай-ақ құқық қорғау органдарына қатысты, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы үлкен резонанс тудырған істер бойынша прокурорлар Президенттің тиісті тапсырмасынан кейін ғана шара қабылдаған жағдайлар болғанына назар аударды.

– Заңды сақтаушылардың өздері өкілеттіктерін орындау жөнінен мінсіз болуға тиіс. Сонда сенім арта түседі, арыз-шағым азаяды, БАҚ-тағы материалдардың мазмұны да өзгереді. Бұл – күрделі міндет, бірақ оны шешпейінше біздің барлық жоспарымыз үзіліп, стратегиялар мен қабылданып жатқан бағдарламаларға да қатер төнеді. Сондықтан мен сіздерді дұрыстап жұмыс істеуге шақырамын. Бес институционалдық реформа мен «100 қадамда» ол шаралардың бәрі нақты жазылған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті көзделген реформалар арқасында құқық қорғау және сот жүйесі азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі өз жұмысының тиімділігін арттыра түсетініне  сенім білдірді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің