Жаңалықтар

20 қаңтар 2017
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы 2016 жылғы мемлекеттік стипендиясы табыс етілді
Алматы қаласы

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, бүгін Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова белгілі мәдениет және өнер қайраткерлеріне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы 2016 жылғы мемлекеттік стипендиясын табыс етті.

Стипендиялар жыл сайын Қазақстан Республикасының құрметтi атақтары мен мемлекеттiк марапаттарына ие болған шығармашылық өкілдері мен мәдениет қайраткерлеріне, сондай-ақ Қазақстанның мәдениетін қалыптастыруға, сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін айрықша дарынды шығармашыл жастарға мемлекеттік қолдау көрсету мақсатымен берiледi.

Гүлшара Әбдіқалықова салтанатты рәсімге қатысушыларды құттықтап, оларға мемлекеттік стипендияның тапсырылуы Қазақстан мәдениетін дамытуға қосқан елеулі үлестеріне берілген баға екенін айтты.

Мемлекеттік хатшы 2016 жылдың басты оқиғасы – Қазақстан Республикасының 25 жылдығын мерекелеу болғанын атап өтті. Г.Әбдіқалықова Қазақстан Президентінің Жарлығымен бекітілген «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» атты Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасы аясында мерекелік іс-шаралар өткізілгеніне тоқталды. Жалпы, Тәуелсіздік мерейтойын мерекелеу жөніндегі іс-шаралар арқылы мемлекеттілікті және халықтың бірлігін одан әрі нығайтуға, қазақстандықтарды «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы төңірегіне топтастыруға негізделген басты мақсаттарға қол жеткізілді.

Отандық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін әдебиет пен өнердің 75 қайраткеріне мемлекеттік стипендия тағайындалды. Стипендияға ие болғандар қатарында Асанәлі Әшімов, Мырзатай Жолдасбеков, Сәбит Досанов, Бибігүл Төлегенова, Владимир Толоконников және тағы басқа майталмандар бар.

Сонымен бірге Ерлан Жүніс, Мәдина Баспаева, Тасқын Жармұхамед, Димаш Құдайбергенов және өзге де жас дарындарға мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Мемлекеттік хатшы кездесу барысында 2017 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – Ту мен Елтаңбаның қабылданғанына 25 жыл толатынын атап өтті. Сондай-ақ, өзге де маңызды оқиғалар қатарына еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде тұрақты емес мүшелігі, Астана «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі, Дүниежүзілік қысқы универсиада кіреді.

Кездесу соңында Г.Әбдіқалықова шығармашыл зиялы қауым өкілдерінің «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық құндылықтарын ілгерілетуге, Қазақстан мәдениетін одан әрі дамытуға елеулі үлес қоса беретіндеріне сенім білдірді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар