Жаңалықтар

21 маусым 2013
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында болып, «Біржан-Сара» операсының премьерасын тамашалады

Көпшілікке арнаған сөзінде Қазақстан Президенті бірегей «Астана Опера» классикалық опера және балет театрының ашылуымен құттықтап, бұл елорданың 15 жылдығына баға жетпес тарту екенін атап өтті.

– Ең алдымен, мен сәулетшілер мен құрылысшыларға алғыс айтамын. Жаңа театр – Орталық Азиядағы ең үлкен өнер шаңырағы. Бұл – бүкіл еуразиялық кеңістіктегі соңғы бірнеше онжылдықта салынған кең ауқымды бірден-бір классикалық театр. Бұл – әлемдегі техникалық жағынан ең жетілдірілген театрлардың бірі. Осы тарихи сәт әлемдік опера өнерінің жылнамасына енеді. Ғаламат «Астана Опера» ғимараты қазірдің өзінде еліміздің тарихына жазылды. Оның күмбезі астында мен «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жария еткенімді білесіздер. Онда мәдениет біздің ұлтымыздың генетикалық кодының ажырамас бөлігі болып белгіленді, – деді Мемлекет басшысы. 

Нұрсұлтан Назарбаев елімізде Қазақстанның дарынды халқының шығармашылық әлеуетін ашуы үшін барлық жағдай жасалғанына тоқталды.

– Тәуелсіздік жылдары Қазақстан мәдениетінің нағыз қайта өрлеу дәуіріне айналды. Осы уақыт ішінде мәдениет мекемелерінің желісі кеңейді. Бүгінде олардың 41-і республикалық және жеті мыңнан астамы жергілікті ұйымдар, оларда 75 мың адам жұмыс істейді. 2012 жылы мемлекеттің мәдениет саласына бөлген шығысы 35 миллиард 500 миллион теңгеден асты. Менің тапсырмаммен Астанада Қазақ ұлттық мұражай салынуда. Бүгінде Қазақстан мәдениеті жаһандық мәдени мұраның танымал бөлігіне айналуға тиіс. Бұл қазіргі заманғы өнердің барлық түріне – музыка, театр, кино, әдебиет, сурет өнеріне қатысты. Бұл үшін болашақта өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін, сондай-ақ өзге іс-шаралар мен әлемдік деңгейдегі форумдарды пайдалану керек, – деді Қазақстан Президенті.  

Мемлекет басшысы еліміздің елеулі артықшылыққа ие екенін атап өтті.

– Біз жаңа елміз, Астана – жаңа елорда. Әлемнің түкпір-түкпірінен біздің мәдениетімізбен, дәстүрімізбен, тарихымызбен танысуға миллиондаған адамдардың ықылас білдіруі әбден табиғи нәрсе. Біз осы артықшылықты пайдалануымыз керек! Зауыттар мен жолдар салып жатқан еліміз бірнеше жылға алдын ала негіз қалауда. Мектептер мен ауруханалар тұрғызып жатқан еліміз ұлтымыздың онжылдықтағы келешегінің қамын жасауда. Театрлар салып жатқан еліміз алдағы ғасырларға бүгіннің биігінен қарауда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті санаулы күндерден кейін республикамыз елорданың 15 жылдық мерейтойын атап өтетінін де айтты.

 – Біз Отанымызды алып шаhармен байыта түстік. Жарқын да әсем жаңа елорда Отанымыз үшін жарқын болашақтың жаршысына айналды. Бүгінде Астанада да, Қазақстанның бүкіл өңірінде де, жүзден астам этнос өкілдері тұрып жатыр. Бұл – күн сайын қоныс тойы, күн сайын мереке, тойлар өтетін қала – он мыңдаған қоныс иелерінің, жаңа отбасылар мен жаңа тағдырлардың қаласы. Міне, біз тұрғызған Астана мен жаңа Қазақстанның негізі – бейбіт өмір және келісім! Қазақстандықтардың еңбегі мен шығармашылығы арқасында жылдан-жылға еліміз нығая және жаңара түсуде. Елордамыз ғасырдан-ғасырға өркендей берсін! Бейбітшілік пен береке-бірлік әрқашан жасампаз Қазақстан халқымен бірге болсын! Мерекелеріңізбен! Сіздерді «Астана Опера» жаңа мәдениет ордасының ашылуымен құттықтаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Операның жаңа қойылымын қойған – режиссер Юрий Александров. Басты рөлдерде опера сахнасының жұлдыздары – Нұржамал Үсенбаева (ҚР халық әртісі) мен Ахмед Агади (Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Татарстанның халық әртәсі) ойнады.

Биыл Қазақстан ұлы композитор Мұқан Төлебаевтың туғанына 100 жол толуын атап өтуде. Оның шығармашылығы қазақтың халық музыкасын еуропалық үлгідегі әлемдік музыка мәдениетінің жетістіктерімен етене байланыстыруға бағытталған.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу