Жаңалықтар

25 сәуір 2017
Қазақстан Президенті Астана қаласының нысандарын аралады

Мемлекет басшысы жоспардан тыс жұмыс сапары барысында елорданың оң жағалауындағы теміржол вокзалының қызметімен танысып, вокзал маңындағы алаңда қала қонақтарымен, тұрғындармен кездесті.

Нұрсұлтан Назарбаев «Сарыарқа» ауданының тұрғындарымен әңгімелесіп, оларға табыс пен бақ-береке тіледі, сондай-ақ қаланың коммуналдық шаруашылық саласы қызметінің жұмысы туралы ойларын тыңдады.

– Мен жас маман ретінде 10 жылға жуық пәтер кезегінде тұрдым. Қазір заман басқа. Ұмтылыссыз ештеңеге қол жетпейді. Табысқа жету үшін жатпай-тұрмай жұмыс істеу қажет, сонда ғана еңбектің жемісін тата аласыздар, – деді Елбасы «Сарыарқа» ауданындағы тұрғын үй кешенінің бірінің тұрғындарымен әңгімелесу барысында.

Қазақстан Президенті қаланың қысқы маусымнан кейінгі жағдайының жақсы екеніне тоқталып, шаһардың қызмет көрсету мекемелері жұмысының нәтижелерін және елорданы абаттандыру, тазалықты сақтау жұмыстарын жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы автомобиль жолдарындағы кептеліс проблемалары мен көлік қоятын орындардың жетіспеушілігіне назар аударды.

– Жолдарда көлік өте көп. Қала басшылығы бұл мәселені шешудің жолдарын қарастыруы керек. Қажет болған жағдайда, шетелдік тәжірибе зерттелуге тиіс. Сонымен қатар түрлі ғимараттардың, сауда үйлері мен дүкендердің иелері әріптестерімен бірлесіп, өз аумағындағы тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуі қажет, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев қаланың «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне уақтылы дайындығының маңыздылығын айтып, барлық тұрғындарды елорданы көгалдандыру ісіне белсене атсалысуға шақырды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа нысандарда болу
Өзге іс-шараларға қатысу