Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

26 сәуір 2019
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығымен кездесті
Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы

Мемлекет басшысы жұртшылықпен кездесу алдында Д.Серікбаев атындағы Шығыс-Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде ашылған археологиялық көрмені аралап көрді.

Көрме Шілікті алқабындағы және Тарбағатай бөктеріндегі ежелгі және орта ғасырлық ескерткіштерге арналған.

Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылыққа арналған сөзінде облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 9,3 пайызға артқан. 2015-2018 жылдардағы индустрияландыру бағдарламасының аясында 19 жоба жүзеге асырылып, 3,5 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Облыс экономикада жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп қана қоймай, әлеуметтік саланы табысты дамыту жағынан да үлгі көрсетіп отыр, – деді Мемлекет басшысы.  

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті азаматтарды алаңдатып отырған маңызды мәселелерге назар аударды.

– Мен үшін әкімдердің жұмысының басты көрсеткіші - жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны, еңбекақы көлемі және еңбек етуге жасалған жағдай. Осыған байланысты, облыс басшылығына аталған бағыттағы жұмыстардың тиімділігін түбегейлі арттыруды тапсырамын, – деді Президент.  

 

Мемлекет басшысы бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау әкімдік жұмысының негізгі бағыты болу керек деп есептейді.

– Бірнеше ірі өндірістік кәсіпорынның болуы ШҚО-ның артықшылығы. Шағын және орта бизнеспен байланысын арттыру үшін олардың мүмкіндіктерін белсенді пайдалану керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Қазақстан Президенті азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруды басым бағыттардың бірі ретінде атады.

– Бүгінде облыстағы 710 елді мекеннің жартысынан сәл ғана асатын бөлігі орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Өңірлерді дамыту бағдарламасына сәйкес 2020 жылға қарай ауылдардың 80 пайызына таза ауыз су жеткізілуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев шешілуі қажет келесі міндет ретінде туристік инфрақұрылымды дамыту деп белгіледі. 

– Қазіргі жағдайда туризм индустриясы экономикалық өсімнің маңызды драйвері әрі жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Туризмді дамыту Мемлекеттік бағдарламасы аясында жылына 2 миллионнан астам турист тарта алатын Алакөл жағалауы, 10 негізгі туристік орталықтың қатарына енді. Былтыр көптеген қазақстандықтар Алакөлде демалуды жөн көрген, алайда,  оларға сапасыз қызмет көрсетілген. Халық жергілікті автомобиль жолдарының тозып кеткеніне шағымданды. Осыған байланысты, Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының әкімдеріне жергілікті жолдарды жөндеу, қызмет көрсету сапасының деңгейін көтеру мәселелерін тез арада шешуді тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысы өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға жан-жақты тоқталды.

– Семей полигонының бізге қандай зардап әкелгенін ешқашан ұмытпаймыз. Ядролық қарудың сынақтары біздің жеріміз бен табиғатымызға орны толмас апат әкелді. Біздің еліміз Семей полигонын жауып, әлемдегі ядролық қаруға қарсы қозғалыста көшбасшы болды. Алайда, сол сынақтардың ауыр зардаптары әлі күнге біздің азаматтарымыздың денсаулығына зиянын тигізуде. Мені әсіресе, қан айналымы жүйесі мен қатерлі ісік ауруларының көбейіп кеткені қатты алаңдатады. Бұл аурулар бойынша облыстағы көрсеткіш республикалық орташа есептен 1,5 есеге көп. Одан бөлек, адамдардың денсаулығы мен көңіл-күйіне кері әсер ететін зиянды заттардың ауаға шамадан тыс тарауы да аймақтағы өзекті мәселе, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Осыған байланысты, Президент Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне үкіметтік емес ұйымдармен және кәсіпорындармен бірлесіп, қоршаған ортаның сапасын жақсарту үшін кешенді шараларды жүзеге асыруды тапсырды.   

Мемлекет басшысы жемқорлықтың әлі де болса қоғамның асқынған дерт екенін, оның ел үшін атқарылуы тиіс көптеген бастамалар мен жобаларға кедергі келтіріп отырғанына өкініш білдірді.

– Мен өз тарапымнан бұл жүйелі мәселені шешу үшін бар күш-жігерімді саламын. Алайда, азаматтардың өздері белсенділік танытпай, жемқорлықты жою мүмкін емес. Президент ретінде айтарым, мен үшін әділеттілік – баршаның заң алдындағы теңдігі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу барысында азаматтық қоғам өкілдері, жастар, педагогтар, дәрігерлер мен кәсіпкерлер өз пікірлерін білдірді.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге жұмыс сапарлары
Барлық жұмыс сапарлары