Жаңалықтар

30 қазан 2017
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Атырау қаласына іссапармен барды

Гүлшара Әбдіқалықова Атырау қаласына іссапары барысында I Республикалық «АСАР» үшжақты ынтымақтастық форумына қатысты.  

Форумға Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев, Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың, бизнес құрылымдардың, қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, сондай-ақ отандық және шетелдік сарапшылар қатысты.

Форумның мақсаты – үкіметтік емес ұйымдар, бизнес және мемлекет арасындағы үшжақты ынтымақтастықты дамыту, өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу.

Мемлекеттік хатшы өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев бастамашылық еткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан «Туған жер» жобасы жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін шешу үшін азаматтарды, үкіметтік емес ұйымдарды және бизнесмендерді біріктірудің, жалпыұлттық патриотизмді нығайтудың негізгі құрамдас бөлігіне айналып отырғанын айтты.

Гүлшара Әбдіқалықова экономикамыздың 20 есе өсуіне септігін тигізген ұлттық бизнестің үлесін атап өтті. Бүгінде 1,3 млн кәсіпкерлік құрылым барлық ұлттық байлықтың төрттен бір бөлігін өндіруде. Бұл ретте шағын және орта, ірі бизнес мүддесін қорғайтын 125 қауымдастықтың басын біріктірген «Атамекен» ҰКП айрықша рөл атқарады. Сонымен қатар елімізде 20 мың үкіметтік емес ұйым тіркелген. Азаматтық альянс «үшінші сектордың» басын біріктіруші платформа болып саналады.

Мемлекеттік хатшы бүгінде үкіметтік емес ұйымдар, бизнес және мемлекет арасындағы үшжақты ынтымақтастықты дамыту үшін ескірген қасаң түсініктерден арылып, өзара іс-қимылдың жаңа көкжиегіне шығу қажеттігін атап өтті. Іргелі фактор – еліміздің дамуы жолындағы тараптардың теңдігі.

Сондай-ақ, Г.Әбдіқалықова іссапар барысында әлеуметтік-мәдени нысандарды аралап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.

Сапар соңында Мемлекеттік хатшы «KAZENERGY» Әйелдер энергетикалық клубының және Атырау облысындағы мұнай саласының өкілдерімен кездесті. Кездесуде инновациялық-индустриялық жобаларды іске асыру жолындағы әйелдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, олардың кәсіпкерлік мүмкіндіктерін кеңейту, сонымен қатар мұнай-газ саласында әйелдерді шешім қабылдау деңгейіне дейін ілгерілету мәселелері талқыланды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге жұмыс сапарлары
Барлық жұмыс сапарлары