Жаңалықтар

12 қыркүйек 2014
Елбасы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты
Душанбе қаласы, Тәжікстан Республикасы

Отырыста сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдау ұйымды бұдан әрі күшейтудің айқын бағдарлары мен перспективаларын айқындап беретінін айтты.

 

Отырыста сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдау ұйымды бұдан әрі күшейтудің айқын бағдарлары мен перспективаларын айқындап беретінін айтты. Атап айтқанда, ШЫҰ-ға мүше-мемлекет мәртебесін беру тәртібін және Өтініш беруші мемлекеттің міндеттемелері туралы меморандумды бекіткен жөн.

Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты Қазақстан Президенті ШЫҰ аясындағы маңызды басымдық ретінде атай отырып, Шекара мәселелері бойынша ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы келісімге тезірек қол қою ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы шекаралар аумағында сенім шараларын нығайтуға септігін тигізетінін айтты.

Мемлекет басшысы Терроризмге қарсы өңірлік құрылым қызметін одан әрі жетілдіру үшін Астананың күш-жігер жұмылдыруға әзір екенін де атап өтті. Бұл үдеріс жан-жақты ойластырылуға және барлық тараптың мүддесі ескерілуге тиіс.

Сонымен бірге Қазақстан Президенті ШЫҰ Энергетикалық клубы жұмысының маңыздылығына да тоқталды.

– Қазақстан Клубтың алғашқы төрағасы ретінде Жоғары деңгейдегі топ отырысын ұйымдастырды. Біз тараптарды биылғы қарашада Астанада өтетін «Жаңғыртылатын энергияны пайдалану және дамыту келешегі» атты конференцияға белсене қатысады деп үміттенеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ Іскерлік кеңесі мен ШЫҰ Банкаралық бірлестігі жұмысын жандандыру қажеттігіне де назар аударды.

Мемлекет басшысы ұлттық үйлестірушілердің байқаушы-мемлекеттердің өкілдерімен кездесу тетігін ШЫҰ Үйлестіруші кеңесіне айналдыруды ұсына отырып, ШЫҰ бойынша диалог серіктестері мен байқаушы-мемлекеттердің өзара ықпалдастығын тереңдетуге назар аударды. 

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстанда тұрақтылықты қамтамасыз ету және ішкі сындарлы диалогты қалыптастыру кезек күттірмейтін міндеттердің қатарында тұрғанын айтты. Бұл ретте осы елдің экономикасын қалпына келтіруге атсалысу басымдыққа ие болып қала бермек.

Қазақстан Президенті Иран мен «алтылық» елдері иранның ядролық бағдарламасы бойынша жалпыға бірдей әрі ұзақмерзімді келісімге 2014 жылдың қарашасына дейін қол жеткізеді деп үміттенетінін жеткізді.

Мемлекет басшысы Украинадағы ахуалды бейбіт реттеудің маңыздылығын айтты.

– Дағдарыстың ауқымы мен әсері әлдеқашан бұл елдің шегінен шығып кетті. Шығыс Украинадағы ахуал кезек күттірмейтін шаралар мен әрекеттерді талап етеді. Түйткілді шешудің ұзақмерзімді бірден-бір жолы – саяси диалог, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 26 тамызда өткен Минск кездесуінің маңыздылығына тоқтала келіп, тараптардың игі ниеті мен сындарлы ұстанымы Байланыс тобының 2014 жылғы 5 қыркүйектегі «бейбіт» хаттамасы аясындағы нақты қадамдарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

 Қазақстан Президенті Таяу Шығыстағы жағдайдың күрделі екенін айтты.

 – Сирия, Ливия, Ирак, Палестина-Израиль қақтығысы бағынудан кеткен тұрақсыздық ошағына айналды. Өңір терроризм иірімінің тұңғиығына батып барады. Деструктивті элементтер тек қана өңірлік емес, халықаралық қауіпсіздікке де тікелей қатер төндіре бастады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы Ресей Президенті В.Путинді ШЫҰ-ның алдағы төрағалығымен құттықтап, Ресейге осы міндетті атқаруда табысты жұмыс тіледі.

***

Отырыс қорытындысы бойынша Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары төмендегі құжаттарға қол қойды:

1. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының Душанбе декларациясы.

2. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекет мәртебесін алу мақсатында өтініш беруші мемлекеттің міндеттемелері туралы типтік меморандум туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі.

 3. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мәртебесін беру тәртібін бекіту туралы шешімі.

4. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ұйымының 2025 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасы туралы шешімі.

5. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Екінші дүниежүзілік соғыста фашизмді жеңген Жеңісінің 70 жылдығын мерекелеу жөніндегі шешімі.

6. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер шешімдерінің күшін жою туралы шешімі.

7. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшылары кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының рәмізі туралы ережесін бекіту туралы шешімі.

 8. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшылары кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының өткен жылғы қызметі туралы ШЫҰ Бас хатшысының баяндамасын бекіту туралы шешімі.

 9. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының 2013 жылғы қызметі туралы ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы кеңесінің баяндамасын бекіту туралы шешімі.

Сонымен қатар, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша ақпараттық хабарлама қабылданды.  

Сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасында халықаралық автомобиль тасымалына қолайлы жағдай жасау туралы келісімге де қол қойылды. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар