Жаңалықтар

14 маусым 2013
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ислам Каримов Қазақстан Республикасы Елшілігінің жаңа ғимаратының және Абай ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты

Рәсім барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Өзбекстанның өзара қарым-қатынасы барлық салада табысты және тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті.

- Қазақ пен өзбек халқының жақын әрі туыстық байланыстарының тарихы терең. Бүгінде біз бабаларымыз арман еткен егемен мемлекетпіз. Біздің қарым-қатынастарымыз мүлде жаңа деңгейге көтерілді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.        

Өзара қарым-қатынастардың үдемелі дамуына Ташкентте қазақтың ұлы ағартушы-ақыны Абайға ескерткіштің ашылуы дәлел.

- Абай жырлары, қара сөздері мен философиялық ойлары – тек қазақ халқының ғана емес, сондай-ақ, бүкіл Ислам әлемінің рухани мұрасы. Оның шығармалары танымдық, еңбексүйгіштік, әділдік пен бауырластыққа үндейді. Қазақ халқы Абайды өздерінің рухани ұстазы, ұлттық жаңарудың қайнар көзі ретінде қабылдайды. Оның еңбектері мәңгілік. Уақыт өткен сайын туындылары қоғам және мәдени-рухани өмір үшін бағыт-бағдар көрсетіп, мейлінше өзекті бола түсуде, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Абайдың поэтикалық дүниетанымына өзбек халқының ұлы ақыны Әлішер Науаидің, сондай-ақ Шығыстың  көрнекті ойшылдары ­– Фирдоуси, Низами, Физулидің шығармалары зор ықпал еткеніне тоқталды.

Мемлекет басшысы бүгінде Абай есімі бүкіл әлемге танымал екенін атап өтті.

- Лондонда Абай үйі ашылған, Мәскеуде, Тегеран мен Ыстамбұлда ескерткіші орнатылған, ғаламшардың көптеген қаласында оның құрметіне көшелерге есімі берілген. Бауырлас Өзбекстан астанасы – Ташкенттегі Абай көшесінде оның ескерткішінің ашылуының тарихи маңызы бар, - деді Қазақстан Президенті.

Ташкентте Қазақстан Елшілігінің жаңа ғимаратының ашылуы екіжақты қарым-қатынастардың нығая түскенін білдіреді. Астанада және Ташкентте жаңа дипломатиялық өкілдік құрылысын бастау туралы келісімдерге 2010 жылы қол жеткізілген болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Елшілігінің ғимараты Өзбекстан астанасының өзіндік ерекшелігіне сәйкес шығыстық сәулет үлгісінде салынған.

Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандардың баршасын Абай ескерткіші мен Қазақстан Елшілігінің жаңа ғимараты ашылуымен құттықтап, бұл оқиға екі мемлекеттің достық пен бауырластықты нығайтуға деген ұмтылысын білдіретінін атап өтті.

- «Жалғыз қолмен шапалақ ұра алмайсың» деген ұлы ақын және ойшыл Әлішер Науаидың дана сөзі біздің арамыздағы бүгінгі ахуал мен жылы шырайлы өзара қарым-қатынасымызды көрсетеді, - деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев бұдан бұрын жүргізілген келіссөздердің сындарлы нәтижелеріне қанағаттанушылық сезімін білдірді.

- Қазақстан мен Өзбекстан – өңірдегі ірі мемлекет, олардың қарым-қатынасына бүкіл Орталық Азиядағы тыныштық пен қауіпсіздік байланысты, - деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Өзбекстан Президенті И.Каримов екі бауырлас халықтың достығының беріктігіне сенімін білдіріп, Абай ескерткіші мен Қазақстан Елшілігінің жаңа ғимаратының ашылуы арқылы Өзбекстан астанасының көркіне көрік қосыла түскенін атап өтті.

-  Өзбекстанда Абайды бүкіл өмірін ізгілік пен әділдіктің салтанат құруы үшін күресіп, өз халқының мұң-мұқтажы мен биік мұраттарға ұмтылысын жырлауға арнаған нағыз халықтық ақын, ағартушы және гуманист ретінде жақсы біледі әрі жоғары бағалайды. Өзінің өшпес туындыларында қазақ халқының рухани жан қуатын, оның ең ізгі қасиеттерін жарқын және толық көрсетіп берген Абайдың орасан зор еңбегін бағаламау мүмкін емес, - деді Өзбекстан Президенті.   

Ұлы Абай шығармашылығы жүздеген жылдар бойы көршілес өмір сүрген бауырлас екі халықтың ең асыл армандары мен үкілі үміті көрініс тапқан.

И.Каримов Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен Астанада да Әлішер Науаи ескерткіші орнатылатынына сенім білдірді.     

Елшіліктің жаңа ғимаратының және Абай ескерткішінің ашылу рәсімінен кейін екі мемлекеттің көшбасшылары «Шейхантахур» кешенінде болып, Шейх Хавенди Тахурдың және қазақтың көрнекті қоғам қайраткері, ақын және ойшыл Төле би кесенелерін аралап көрді.    

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар