Жаңалықтар

26 желтоқсан 2016
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті
Ресей Федерациясы, Санкт-Петербург қаласы

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің ЕАЭО аясындағы тиімді ынтымақтастығын атап өтті.

– Біздің қарым-қатынасымыз дамып келеді. Туындаған мәселелер елдеріміздің Үкіметтері деңгейінде шешіліп жатыр. Сізбен бірге Байқоңыр қаласын одан әрі дамыту мәселесін талқыладық. Біз қазір 8 жылға арналған тиісті «жол картасын» әзірледік, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы республикамыздың ЕАЭО-ға табысты төрағалық еткенін және бұл кезеңде одақтың Кеден кодексі келісіліп, қол қоюға дайын болғанын айтты.

– Отырысқа қатысатын мемлекеттер басшылары осы құжатты қолдайды деп ойлаймын. Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында тауар айналымы бәсеңдеді, ол биржа бағамының біздің тауарларға деген қатынасына байланысты. Бұл ретте сауданың нақты көлемі сақталуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Ресей Федерациясымен әскери-техникалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенімізді атап өтті.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев В.Путинге Сирия қақтығысы жөнінде Астанада келіссөздер өткізу үшін Қазақстан мүмкіндік беруге дайын екенін айтты.

Ресей көшбасшысы Қазақстан Президентін Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, еліміздің осы кезеңдегі жетістіктерін атап өтті.

– Қазақстан – интеграциялық үдерістерге белсене атсалысып келе жатқан ел. Табысты мемлекеттің интеграциялық жобаларды белсенді түрде жүргізуі Еуразиялық экономикалық одақтың барлық елдеріне пайдасын тигізіп отыр, – деді В. Путин.

***

Екіжақты келіссөздер қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

– «Байқоңыр» кешенінде ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру тұжырымдамасы;

– Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құру тәртібі мен олардың мәртебесі туралы мемлекетаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы 1995 жылғы 23 желтоқсандағы хаттаманың Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының тізіміне қатысты бөлігі.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар