Жаңалықтар

4 шілде 2017
Нұрсұлтан Назарбаевты Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп құттықтады

Д.Трамп Америка халқы атынан Нұрсұлтан Назарбаевты және Қазақстан халқын Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отырған Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің өткізілуімен құттықтады.

АҚШ Президенті осы жаһандық шараның арқасында Қазақстаннан және дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келетін миллиондаған қонақтар адам қиялынан нәр алатын технологиялық инновация мен 115-тен астам ұлттық павильондарда көрініс тапқан тамаша әріптестік әлеміне куә болатынын айтқан.

«Америка Құрама Штаттары Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысып, Американың энергетика, ғылым және технология салаларындағы үздік жетістіктерін, сондай-ақ сан қырлы мәдениетімізді көрсетуді зор мәртебе санайды», – делінген хатта.

Сондай-ақ, Д.Трамп АҚШ павильоны өткен ширек ғасырда елдеріміз нығайта түскен стратегиялық серіктестіктің маңызды нышаны болып саналатынын және оның Құрама Штаттардың алдағы уақытта да өңірдегі бейбітшілікті, тұрақтылық пен өсіп-өркендеуді қолдауға деген ниетін білдіретінін атап өтті.

«Президент мырза, «ЭКСПО-2017» көрмесі арқылы энергетикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жаһандық диалогты одан әрі ілгерілетудегі Сіздің көзқарасыңыз бен көшбасшылығыңыз үшін Сізге және Қазақстанға ілтипатымды білдіремін. Өзара сыйластық пен ортақ мүддеге негізделген АҚШ-Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік одан әрі нығая түседі деп сенемін», – делінген хатта.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар